ЖаңалықтарҚоғам

Базар жағалаған балалар

Жазғы демалысында тынығудың орнына үш ай бойы базар жағалап, сауда жасап жүрген жеткіншектер жайы ойландырып, қала базарын бетке алған едік. «Шапағатқа» кірер жолдың бойында қарақат пен қызыл шие толтырылған шелектер қаз-қатар қойылыпты. Әр шелектің қасында сымға қонған қарлығаштай тізіліп жеткіншектер де жайғасыпты. Олар өткен-кеткендердің ізіне қарап: «сатып алыңызшы!» деп дауыс­тап қояды. Әдейі базарлап келмеген соң, жеміс толы шелектердің тұсында кідірмедік. Сөрелері толған сауда алаңына кіргенімізде, күннің ыстығында мұрны тепшіген жасөспірімнің анасынан қалыспай, жеміс-жидекті келілеп өлшеп тұрғанын көрдік. Жанымыздан арба итеріп бір бала өте шықты. Жайшылықта анасына қолқанат болған баласының қылығына сүйсінер ме едік. Алайда, мына ыстықта, шыжыған күннің астында сауда жасап, базар жағалағандардың жөні бөлек. 

Снимок

Алланың аманаты – баланы өсіріп-жеткізіп, тәрбиелеу. Баланың құқығы Ата Заңымызда жазылған. Дұрыс тәрбие бермей, баланың қалыпты жағдайда ер жетуіне жағдай жасамаған баланың заңды өкілдеріне артылар жауапкершілік жүгі бар. Ендеше, жас баласын ауыр жұмысқа жегіп қойған ата-анаға не деуге болады?! Бұған «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы» деген баппен жауапкершілік қарастырылған. Бір қызығы, жас кәсіпкерлердің аналары заңнан мүлдем хабарсыз емес. Бірақ, барлығы келісіп қойғандай: «Компьютерде көзі майын тауысқанша, маған көмектесіп ақша тапсын», «Үйде кіммен қалдырып кетемін, қолқанатым ғой», «Мен бір айналып келгенше тұрсын деп едім», «Қазір нарық заманы, үйрене берсін», «Мектепке киетін киім-кешегі­нің қаражатын тапсын деп жүр­міз, қай бір жетіскендіктен жүрміз» деп жауап беріп, бет бақтырмады. Қаншама қиын болса да тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай, «Балам­ның табанына кірген тікен маңдайыма кірсін» деген аналардың айтатын сөзі осы ма?! Буыны бекімеген баласын жұмсап, тапқанын пайда көрген жандарға не дерімізді білмедік.
«Заңнамаға сәйкес, әрбiр баланың дене бiтiмінің, психикасы мен жан дүниесiнің толымды дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар. Оның жан-жақты қалыптасып өсуіне бар жағдайды ата-анасы жасайды. Яғни, ата-анасын баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамта­масыз етуге міндеттейдi. Ал мұны ескермеген жағдайда, ата-ана жауапкершілікке тартылуы тиіс» дейді заңгер Айшат Ғаббасова.
Анықтап білгеніміздей, жас­өспірімдер анасының жанында тұрып күніне үш сағат қана жұмыс істеуіне болады екен. Алайда, бұл үш сағатқа емес, ала жаздай, таңертеңнен кешке дейін созылса не болады?! Балалардың жазғы демалысын қадағалап, құқығын қорғайтын ювеналды инспекторды әрқайсысының жанына қосып қою мүмкін емес. Ювеналды полиция инспекторлары қала базарларын бір аралар, екі аралар, одан іс бітеді ме? Инспекторлардың ізін ала бере балалар саудасын қыздырып жатса, кім қарсы тұрады. Оны шектейтін өз аналары, ананың мейірімі деп аталатын берік қорғаннан артық не болушы еді.
«Баласының жақсы азамат болып қалыптасуына еңбектің жақсы ықпалы барын жоққа шығармауымыз керек. Бірақ, базардағы баланың еңбегі бө­лек әңгіме. Біріншіден, бала ер­те есейеді. Базардағы кей­­бір көлеңкелі жайттар қа­лып­тас­паған санасына әсер етіп, өмірді сол күйінде қабылдайды. Ақша санап үйренген дұрыс, бірақ таразыдан түскен тиынның да түр-түрі бар ғой. Осындай факторлар баланың психикасының өзгеруіне алып келеді» дейді психолог Ақгүл Молдабекова.
Жалпы, баланы жұмсағаның білінбейді. Қолды-аяққа тұр­майтын тілалғыш, тындырымды жеткіншектер анасының қолын ұзартып, өсе келе нағыз қамқоршысына айналатыны анық.
Біздің айтпағымыз, жет­кін­­шекті жұмсаудың да ше­гі бар. Бала еңбегінің де хақы­сы бар, ал оның шегінен асқан­дарға жауапкершілік тағы бар демекпіз. Анасының бауы­­рындағы бала ертеңгі қо­ғамымыздың азаматы еке­нін естен шығармайық. Оның жақсы азамат болып қалыптасуына ересектер, ең алдымен, ата-анасы жауапты.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button