Қала мен Сала

Базардағы баға қандай?

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде инфляция мәселесіне ерекше көңіл бөліп, бағаларды тұрақтандыру міндетін қойған болатын. Осыған орай, елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөнінде атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Оған қаладағы «Астаналық», «Әлем», Шапағат» және «Big Шанхай» базарларына барғанда анық көз жеткіздік

[smartslider3 slider=1832]

Жалпы, елорда аумағында азық-түлік тауарларының тапшылығы байқалмайды. Қай базарға бас сұқсақ та, күнделікті тұрмысқа аса қажетті азық-түліктен бастап басқа да керек заттың бәрі сөрелерде самсап тұрғанын көрдік. Баға бірдей болмағанымен, бір-бірінен бәлендей алшақ та емес екен.

Тұрғындардың баcым бөлігі азық-түлік алу үшін базарға келетіні белгілі. Өйткені мұнда ас мәзіріне қажеттінің бәрін таңдап алуға мүмкіндік көп. Бұл ретте жергілікті жұрттың жиі баратын жері – «Шапағат» базары. Сатушы Назеркенің айтуынша, мұндағы тауарлардың дені қала маңындағы ауылдардан жеткізілетін таза өнім болғандықтан ба, әйтеуір жылдам өтіп кетеді.

Әр сейсенбі күндері бұл базарда зейнеткерлерге қырыққабат, картоп пен сәбіз 95 теңгеден жеңілдетілген бағамен сатылады. Мұны біліп алған егде адамдар сейсенбі
сайын таңсәріден «Шапағатты» бетке алады. Тек, көкөністер бір қолға үш келіден артық берілмейді.

Нанды қарызға сұрайтындар да бар екен. Көбіне көрші базарлардағы сатушылар келіп қарызға жаздырып алатын көрінеді. Тіпті, кейде танымайтын адамдардың «бір бөлке бере тұрыңызшы» деп өтінетінін қайтерсіз. Нанға келгенде сатып алушылардың қолдарын қайтарып көрмеген келіншек олардың қай-қайсы қарыздарын кешіктіріп болсын қайтаратынын айтты.

«Астаналық» және «Әлем» базарларында баға жағынан әжептәуір айырмашылық байқалды. Алғашқысында 400 теңге тұратын пастерленген сүт соңғысында 100 теңгеге қымбаттау екен. Бірақ, нан, тұз, макарон өнімдері, қарақұмық пен күріш секілді күнделікті тұтынатын заттар «Астаналық» пен «Шапағат» базарларына қарағанда «Әлем» базарында едәуір арзандау болып шықты.

Қысқасы, елордада əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуге қатысты іркілістер жоқ. Барлық базарлар штаттық режимде жұмыс істеп, бағаны тұрақтандыру саясаты дұрыс жүргізіліп жатыр.

Кеше Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік ­Жұманғарин күн сайын өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына мониторинг жүргізіліп жатқанын жеткізсе, Премьер-министр Әлихан Смайылов өңірлердің әкімдері үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейтуі тиіс екенін тілге тиек етті.

«Біз жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет» деді Үкімет басшысы. Бұл мәселе – Нұр-Сұлтан қаласы басшылығының да қатаң бақылауында.

Бас қаладағы азық-түліктердің бағасын Elorda.info сайты арқылы бақылап, ақшаңызды үнемдеп отырсаңыз артық болмас.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button