Басты ақпаратЖаңалықтар

Базардағы баға қандай?

Дәл қазір елордада азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты мәселе күн тәртібінен түспей тұр. «Астана ақшамы» газетінің тілшісі қаладағы жабық базарларға арнайы барып, ондағы бағаларды өзара салыстырып, шағын журналистік зерттеу жүргізді. Сонымен, халық жиі баратын «Астаналық», «Шапағат» және «Әсем» базарларындағы бүгінгі бағаның жайы қандай? Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік дүкен сөрелерінде жеткілікті ме? Жалпы, базардағы баға туралы тұрғындардың да пікірін білгенді жөн көрдік.

????????????????????????????????????

Жедел штаб жұмысы

Астана қаласының әкімдігі елордадағы азық-түліктің бағасына күнделікті мониторинг жүргізуді қолға алғаны белгілі. Бақылауға алынған 22 нысанның қатарында Алаш тас жолы бойындағы және қала ішіндегі жабық базарлар мен ірі сауда орындары бар. Қала әкімінің орынбасары Андрей ЛУКИННІҢ төрағалығымен құрылған жедел штаб күн са­йын 18.00-ден кейін азық-түлік түрлерінің орташа бағасының қорытындысын жариялайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына жүргізілген күнделікті бұл талдау «Астана ақшамы» газетінің ресми сайтында тұрақты берілуде.

Айта кетейік, аталмыш штабтың жұмыс тобы құрамына қаржы, ауыл шаруашылығы басқармасы, экономика және бюджетті жос­парлау басқармасының өкілдері және үш аудан әкімдігі кіреді.
Қала әкімдігі бағаның қымбаттауына қатысты деректерді анықтаған жағдайда Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің қа­ла­­лық департаментіне хабарлайды. Мақсаты – бағаның өсуіне не себеп екенін анықтау. Сарапшылардың қорытындысы дайын болғаннан кейін, оны газет бетіне жариялауға мүмкіндігіміз бар.
Сонымен, өзіміз жүргізген рейдтің нәтижесін баяндасақ. Алдымен, таңер­теңгілік уақытта «Астаналық» базары­на бас сұқтық. Бізді тұрғындардың күн­делікті тұтынатын нан, қант, күріш, ұн, қой еті, сиыр еті, тауық еті, жұмыртқа, күнбағыс майы, қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп, қызылша, қияр және қызанақтың бағасы қызықтырды. Оқырманға түсінікті болу үшін таблица арқылы үш базардың бағасын қатар салыстыруды жөн көрдік. Ұнның 2 келілік түрін, тауық еті үшін отандық мұздатылған балапан етін таңдап алдық.

KBB_0289

Көкөністің түрі көп

Біз барған сауда орындары ішінде «Астаналық» базарында қант қымбаттау болып шықты. Есесіне қияр мен қызанақтың түріне таңдау көп. Мәселен, қызанақтың бағасы 150 теңгеден басталса, ең қымбат түрі 300 теңгеден сатылуда. Әсіресе, ет сататын залға жақын орналасқан қатарларда картоп, пияз, сәбіздің бағалары басқа қатардағылардан 10 теңгеге арзан. Бірақ салыс­тырмалы түрде қарағанда, кейбір азық-түлік түрлері қымбат көрінді.
«Бұл базарға үнемі келемін. Басқа сауда орындарына қарағанда, азық-түлік сататын орындар өз жұмысын ерте бастайды. Үйім осы маңайда болғандықтан, кейде қатарынан 2-3 рет сауда жасаймын. Әрине, бағаның арзан болғаны жақсы, алайда оған сатушыларды кінәлай алмаймыз ғой» дейді қала тұрғыны Алтын ЖАРҚЫНБЕКОВА.
Өздерін ерлі-зайыптымыз деп таныс­тырған Елжан мен Динара Қалиевалар қажетті азық-түлікті осы базардан және орталық базардан алатындарын айтты. Динараның айтуынша, базардағы бағаға аса мән бермейді екен. Бірақ, аяқ астынан қымбаттаған қант бағасына алаңдағанын жасырмады.

????????????????????????????????????

«Әсемде» баға әртүрлі

Келесі барған сауда нысанымыз – «Әсем» базары. Мұнда күнбағыс майы «Астаналық» базарына қарағанда арзан екен. Ал қанттың келісі – 330 теңге. Осындағы сатушылардың бірі қанттың қымбаттауына байланысты бұл маусымда қант сатуды құп көрмепті. Мұнда да көкөністің түр-түрі көп. Бағалары да алуан түрлі. Жылыжайда өскен қиярлардан бас­тап сонау Оңтүстіктен келген қиярларға дейін қолжетімді.
– Астана мен Степногордың жылыжай иелері қажетті құжаттарын көрсетеді. Онда барлығы стандартқа сай, нитраттан ада, – дейді көкөніс сатумен айналысатын Берік есімді сатушы.
Сондай-ақ, «Әсем» базарында жұмырт­қаның бағасы қызықтырды. Отандық құс фаб­рикасынан шыққан бірінші санаттағы жұмыртқаның 10 данасы бір жерде 220 теңгеден болса, 260 теңгеден де сатылып жатқанын көрдік.
«Маған 260 теңге тұратын бірінші санатты жұмыртқа ұнайды. Сапасы жақсы болған соң, қымбат деп ойлаймын» дейді өз таңдауын жасаған сатып алушының бірі Елизавета ШАПОШНИКОВА.

KBB_0297

Қатаң бақылауда

Соңында «Шапағат» базарына да келіп жеттік. Бірден қанттың бағасына көзіміз түсті. Себебі, барлық орындарда қанттың бағасы бірдей 300 теңгеден сатылуда. Белгілі болғандай, қант бағасын қаладағы арнаулы тұрақтандыру қоры арқылы ұстап тұр екен. Тұрақтандыру қорында азық-түліктің артық қоры бар көрінеді. Яғни, баға кенет қамбаттаған тұста, халыққа таңдау жасау үшін қосымша сатылымға шығарылады.
Базар сатушыларының айтуынша, әкімшілік бағаны қатаң қадағалайды. Тек 5%-ға ғана қосамыз дейді.
Үлкен сөмке арқалап бара жатқан апаны көріп, әңгімеге тарттық.
– Шынымды айтайын, мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Бағалардың арзан екенін көріп, таң қалдым. Осы уақытқа дейін «Әлем» базарынан сатып алып жүрдім, енді осы жерге келемін, – деді Жадыра БЕЙСЕНОВА.
Мұнда қызылордалық «Ақмаржан» күрішінің бағасы 190 теңгеден сатылуда. Көкөністердің де бағасы арзан.
Мұның себебі, базар әкімшілігі күнде таңертең жеткізушілерден азық-түлікті сатушыларға қанша бағаға бергенін тіркеп отырады екен. Одан кейін базардың сауда жөніндегі үйлестірушісі жалға алушылардың қаншадан сататынын тексеріп шығады. 10%-дан артық қосуға жол берілмейді. Бұл өз кезегінде бағаның негізсіз көтеруге тосқауыл болады.
Біз ет сататын орынға арнайы бардық. Әрине, екі базарға қарағанда мұнда баға арзан екен. Ермек БЕКМУРЗИН есімді қала тұрғыны етті тек осы базардан алатынын жайып салды. «Таңертең келгендерге таңдау көп болады. Өзім ерте келіп, ең жақсы деген етті сатып аламын. Әсіресе, демалыс күндері мұнда сауда қызады. Сондықтан жай күндері таңертең келіп, асықпай таңдаймын» дейді ол.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button