Айтпайын-ақ деп едім!

Базарға барып көріңіз…

Базарда баға барған сайын аспандап барады. Бұрын баға ай сайын көтерілсе, қазір апта сайын өсіп жатыр.

[smartslider3 slider=3708]

Кеше 1000 теңгеге алған затыңды бүгін кемінде 50 немесе 100 теңге қымбатқа сатып алуың мүмкін. «Оу, неге қымбат? Кеше 1000 теңгеге алып едім ғой» десең, «иә, кеше 1000 теңге болған, бүгін бағасы өсіп кетті, ертең тағы өседі» деп зат сатушылар да былқ етпейді. «Сонда сіздер бағаны өздеріңіз біліп, өсіре бересіздер ме?» десең, «жоқ, бағаны өсіріп жатқан біз емес, өндірушілер мен жеткізушілер тауар бағасын күн сайын қымбаттатып жатса, оған біздің не амалымыз бар?!» деп өзіңе қайра сұрау қояды. Шынын айтайық, сатушылардың бұл сөзіне жұрттың да еті үйрене бастады, ал «неге бұлай жоғарылап барады?» деп базарда күн сайын бағаны қадағалап жүрген құзырлы органдар қызметкерлерін көргеніміз жоқ. БАҚ беттеріне қарасаң бәрі керемет, баға бақылауда, зат бағасын тұрақтандыру үшін қыруар жұмыс істеліп жатыр. Бірақ Үкіметтің есебі мен базардағы жағдай мүлде кереғар. Сонда кім кімді алдап отыр? Үкімет қымбатшылықтың алдын алу үшін сондай керемет шараларды атқарып жатса да, баға күн сайын өсіп жатқаны қалай? Доллар бағамының құбылуы сынды сыртқы факторлар әсер етті дейтін сылтау айтуға болатын шетелден келетін тауарлар болса бір сәрі, өз елімізде, өз жерімізде өндірілетін өнімдердің де бағасы күн сайын қымбаттап бара жатқанын қалай түсінуге болады?!

Кеше астаналықтар азық-түлік алуға көп баратын «Шанхай», «Шарын» базарларын аралап қайттым. «Былтыр жазда тауық етінің бір қорабын 9000 теңгеден алушы едік, биыл, міне, 18300 теңге болды. Маусым айында 14000 теңгеден алсақ, күн сайын бағасы өсіп, шілденің соңында 18000 теңгеден асып кетті» деп шағын дәмхана ашатын бір келіншек кейістік білдірсе, «Бұған дейін 8500-9000 теңгеден алып жүрген баланың жаялығының бағасы 11500 теңгеге жетті. Алда тағы қымбаттайды дейді сатушылар» деп базардан немерелеріне керек-жарақ алып жүрген бір әжей де датын айтты.

Мен Қазақстанға келген 2018 жылы 25 келілік «Цесна» ұнының бағасы 4200 теңге еді. Ал қазір 9000 теңгеден асып кетті. 5 жылға жетпейтін уақытта екі еседен артық өсті, ол кезде елорда базарында картоптың келісі 70 теңге болса, қазір базарда 200 теңгеден арзан картоп таппайсың. Түсім артқан, өнім молайған күздің өзінде баға бұлай аспандаса, қыста қысым тіпті күшеймей ме?! Ұн да, картоп та өзіміздің елден шығады, сыртқы нарыққа да шығарып отырмыз. Өзіміз өндірген өнім бағасының өзі осылай аспандай берсе, елдің ертеңгі күні не болмақ?! Бұл өнімдердің бағасы өскенмен, жанармайдың, электрдің, еңбекақының мөлшері зат бағасымен салыстырғанда мандып өскен жоқ, жұмысшылардың көбі 5-10 жылдың алдында бекітілген жалақымен жүр. Ендеше өз өніміміздің бағасының осылай шарықтай беруіне түрткі болған себеп не? Осыны түсіндіретін және осы мәселені қадағалап отырған, мәселенің салдарымен емес, себебімен күресіп отырған Үкімет бар ма?! Баға осылай бақылаусыз бетімен кете бере ме?! Көзбояушылықпен өткізген аты бар, заты жоқ тексерулер мен күнде ашылатын жиынмен ештеңе шешілмейтінін Үкімет басшысы қашан түсінеді?!

Жақында Үкімет басшысы «министрлер ауылға дейін барып, елдің жағдайын білуі керек» депті. Жөн сөз. Ендеше Үкімет мүшелері жұртқа үлгі көрсетіп, базарға бір барып көрсінші, баға бақылауда ма екен…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button