Әлеумет

Базарға назар салғанда…

Базар дегеніміз – тар мағынада айтсақ, адамдардың тауарды алып-сататын орны. Ал кең мағынада айтсақ, экономикалық ауыс-түйіс жасайтын натурал және электронды, виртуал сауда алаңдарының жалпы атауы.

[smartslider3 slider=1787]

Еліміз 1991 жылы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін жоспарлы шаруашылыққа қош айтып, базар шаруашылығына көшті. Біз оны қазір «нарықтық шаруашылық» деп атап жүрміз. Іс жүзінде адамдар өз тауа­рын емін-еркін алып-сата алатын орын – ол базар. Сондықтан оны біз «базар шаруашылығы» десек те еш қателеспейміз. Айтайын дегенім, бұл атаудың дұрыс-бұрысында емес, еліміздің қазіргі базарының хал-жәйі мен болашағы.

Тәуелсіздік жылдары шекарамыз шегенделді, елордамыз Ақмолаға көшіріліп, жаңа астана салынды. Еліміз бүкіл әлемдік қауымдастықтың ортасынан ойып тұрып өз орнын тапты. Сыртқы саясатқа қарата көп векторлы саясатты ұстанып, көршілермен тату-тәтті дипломатиялық байланыстар орнатса, ішкі саясатта толеранттық саясат қолданып, ұлттардың өзара ынтымағын сақтап, Құдайға шүкір, айрандай ұйыған ел болдық. Десе де, армансыз адам дәрменсіз демекші, жеткен жетістіктеріміз бір тоғыз болғанымен, жетпегеніміз әлі тоқсан тоғыз. Тәуелсіздік жылдары елдің еңсесі көтеріліп, көп нәрсе өзгергенімен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықты аш-жалаңаштықтан, аштықтан аман алып қалған, халыққа нарықтық шаруашылықтың қыры мен сырын үйреткен, бюджетіміздің алғашқы кіріс көзі болған біздің базарларымыздың инфрақұрылымы мен заманға сай салалану үрдісі әлі де өзгермей-ақ келеді. Оған күнделікті базарға барып жүрген жай адамдардың бәрі куә. Мегаполис Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында бірнеше заманауи базарлар салынды дегені болмаса, басқа базарлар әлі де 30 жылдың алдындағы тозығы жеткен ескі контейнерлермен бәз баяғысынша отыр. Мұндай қыста үсіп-жығылып, жазда күйіп-пісіп тұрып сауда істейтін базарлар мына заманда басқа мемлекеттерде некен-саяқ. Мейлі, басқа көрші елдерде болса болсын, бірақ біз сияқты қаласының ортасы дамыған Еуропа Америкадан кем емес, көк тіреген құрылысы бар, бау-бақшасы жайнаған, көшесінде әлемдегі көліктің бар түрі жүйткіген, 2050 жылға дейін алдыңғы дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деген үміті бар елде, өткен ғасырдың еншісінде қалған темір контейнерлермен салынған дүкендер мен базарының ішіндегі жолдары мен тұрақтары ойдым-сойдым, шұрқ-тесік, өрт кетсе өрт сөндіру машинасы кіруге де мүмкіндігі жоқ базарлар өмір сүрмеуге тиіс еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «шағын орта бизнестің экономикадағы үлесін, 2025 жылға дейін 35% жеткізу керек!» деп үкіметке тапсырма берді. Айтарға болмаса, 30 жыл нарықтық жүйемен жүрген елде, шағын орта бизнес үлесінің мұндай төмен көрсеткіш көрсетуі тіптен ұят. Демек, бұл – біздің биліктің шағын орта бизнестің қайнар бұлағы болған базарға көңіл аударуының жетерсіздігі. Нарықтық жүйедегі мемлекетте базарды меңгермеген кәсіпкер дұрыс кәсіпкер емес. Ал базарын гүлдендіре алмаған әкім жақсы әкім болып саналмайды.

Төменде біздің базарымызда нақты қандай мәселелер сақталып отырғандығына тоқталайын:

 Бірінші, базарлардың инфрақұрылымы мүлдем сын көтермейді. Қоғам 21-ғасырда болғанымен, біздің базарлар әлі темір контейнермен 20-ғасырда қалған. Бұл өткен ғасырдан мұра боп қалған контейнер базарлар, ең бірінші, ұзақ уақыт барысында базарда тұрған кәсіпкердің денсаулығын құртса, сосын, қаланың имиджінін түсіреді.

Екінші, мегаполис қалалардағы базарлардың өрт қауіпсіздік мәселесі ауыр. Өздеріңізге белгілі, соңғы кезде елорда мен Алматы қалаларының  базарлары ай сайын өртеніп тұр. Демек, бұл елорда мен Алматы базарларында өрт қауіпсіздігінің дұрыс сақталмағандығынан дерек береді. Мұндай болу біріншіден, кәсіпкердің адал еңбек маңдай терін желге ұшырса, екіншіден, кәсіпкердің бизнеске болған сенімін жоғалтады.

Үшінші, базар иелерінің жосықсыз сауда шарты дүкеншілердің қанын сүліктей соруда. Мысалы, дүкенді сатып беріп, оның сыртында және де жалақы төлету. Дүкенді ашсаң да, ашпасаң да бірдей жалақы төлету. Дүкенді уағында ашпай қалсаң, айыппұл салу деген сияқты қым-қуыт қитұрқы шарттармен базардағы дүкеншілердің шығынын арттырып, сол арқылы базардағы сатылатын тауардың бағасын шарықтатып отыр.

Төртінші, базардың қоршаған орта мәселесі. Қаланың шетіндегі базарлардың ішіндегі жолдар мен тұрақтардың астан-кестеңі шығып, миша былығып жатқанын көргенде өзіңіздің елдің жүрегі, тәуелсіздіктің символы, еліміздің бас қаласы, еліміздің астанасында тұрып жатқаныңызға мүлдем сенбей қаласыз. Өзіңізді өткен ғасырда жүргендей сезінесіз. Бұған мысал ретінде Нұрғиса Тілендиев көшесінің бойындағы «Сәлем», «Ақжол» базарларын айтуға болады.

Сондықтан, ең алдымен, базардың өрт қауіпсіздігіне баса назар аударумен бірге, олардың инфрақұрылымын, базар қожайындары мен дүкеншілердің келісімшарттарын, экологиясын қадағалайтын мониторинг топ құрып, базар қожайындарын базардың қазіргі ситуациясын өзгертуге міндеттеп, еліміздің шағын орта кәсіпкерлігінің қайнар бұлағы болған базардың одан әрі гүлденіп көркеюін кепілдендіру керек. Сонда ғана, Президенттің шағын және орта бизнестің нарықтағы үлесін арттыру нысанасына ертерек жетуге болады.

Ербосын НҰРМҰХАНҰЛЫ, экономист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button