Басты ақпаратҚоғам

Бейбіт атом – таза энергияның қауіпсіз көзі

«Байтақ» жасылдар партиясының Аппарат басшысы, эколог Бекберген Кереймен АЭС-тің қоршаған ортаға – жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің дамуына, көлдер мен өзендердің экожүйесіне әсерін талқыладық.

– Бекберген Дүйсенбайұлы, қоғамда атом энергетикасы тақырыбы кең талқыланып жатыр. АЭС-тің перспективасы туралы не айта аласыз?

– «Бүгінгі таңда АЭС өзінің жасыл энергия екенін дәлелдеді. Атом энергиясына балама жоқ екенін біздің көзіміз жетті. Қазақстан уран өндіру бойынша көшбасшы, ғылыми базасы қалыптасқан, тәжірибелік реактор алаңдары жұмыс істеп тұр. Сондықтан бізге атом энергиясының таза және қауіпсіз түрін игеруге әбден болады.

– АЭС-тің артықшылығы неде?

– Бейбіт атомның экология­лық артықшылықтары – келешек ұрпаққа таза ауа, таза жер және таза су қалдыруға мүмкіндік береді. Біріншіден, АЭС көмір­қыш­қыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шы­ғармайды. Яғни жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруін алдын алуға мүмкіндік береді. Көмір электр станциясынан айырмашылығы күкірт пен азот оксидтерін, қатты қалдық бөлшектерді, сонымен қатар, адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер ететін басқа ластаушы заттарды іс жүзінде шығармайды.
Екіншіден, жерді тиімді пайдаланады. Атом электр станциялары бірдей қуаттағы күн және жел электр станция­ларына қарағанда едәуір аз аумақты қамтиды. Бұл ауыл шаруашылығы, орман шаруа­шылығы және басқа да мақсаттар үшін құнды жерлерді сақ­тауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, АЭС құрылысы үлкен су қоймаларын құруды және аумақтарды су басуды талап ететін гидроэлектростанциялармен салыстырғанда табиғи ландшафтқа аз әсер етеді. Төртіншіден, АЭС орналас­қан жерде радиоктивтік қалдықтардың өндірістік қызметін бақылауға, оларды залалсыз­дандыруға және жоюға әлемнің озық технологиялары жетіп асатынын, осы бағытта еліміздің тәжірибесі жеткілікті екеніне сенімдімін.

– Экологтар АЭС Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етіп, су айдынын жоғалтып аламыз деп дабыл қағуда. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Қазіргі заманғы атом электр станциялары жылу электр станцияларымен салыс­тырғанда суды тұтынуды едәуір төмендететін жабық сумен жабдықтау циклін қолданады. Кейбір өнеркәсіптік кәсіп­орындар мен жылу электр станцияларынан айырма­шы­лығы, атом электр станциялары су объектілеріне зиянды заттарды тастамайды. Мамандардың айтуынша, егер Балқаш көлінің жағасында бейбіт атом орналасқан жағдайда, АЭС-тің пайдалану кезінде судың қайтарымсыз шығыны көлдің табиғи булануынан болатын шығынмен салыс­тырғанда әлдеқайда төмен болады. Мәселен, 2021 жылы Балқаш көлінің су балансының шығыс бөлігі су бетінен 18,9 текше метр көлемінде буланды. Ал вендорлар ұсынған деректерге сәйкес, екі блокты атом электр станциясын пайдаланудан судың қайтарымсыз шығыны (булануы) жылына шамамен 63 млн м3 құрайды, бұл Балқаш көлі булануының 0,32 пайызына тең. Сарапшылардың есебіне сәйкес, Балқаш – Алакөл бассейнінің су ресурсының көлемі 25,2 млрд текше метрді құрайтын болса, онда атом электр станциясы аталған бассейннің суына айтарлықтай әсер етпейді.

– «Бейбіт атом» таза энергияның қауіпсіз көзі дейсіз ғой!

– Әрине! Біріншіден, атом станциясынан ауаның озон қабаттарына зиян келетін газ­дар бөлінбейді. Өзен-көлдерді ластайтын қалдық суда шықпайды.
Экологтар арасында Бал­қаштың суына әсер етеді дейтіндер бар. Қызықты бір мысал келтірейін, шетел тәжірибесінде АЭС-тің салқындатқыш тоғандарында балықтың ондаған түрі өсіріледі, тіпті балық аулау бойынша халықаралық чемпио­наттар ұйымдастырылатынын естіп жүрміз. 1-2 миллион халқы бар қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алатын АЭС 60 жыл ішінде 50 текше метр радиоактивті қалдықтар шығарады. Бірақ радиоактивті қалдықтар ешқайда төгілмейді, оны арнайы қоймаларда тұрақты түрде сақтауы мүмкін.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button