ДенсаулықСұхбат

Бейбіт БҰЛДЫБАЕВ, Астана қаласы Туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері: ОЗЫҚ ҮЛГІДЕГІ АППАРАТТАРДЫҢ АУРУДЫ АНЫҚТАУ МҮМКІНДІГІ ЖОҒАРЫ

бейбит

– Бейбіт Түсіпұлы, бүгінгі таңда Астанада туберкулезге шалдыққан адамдар саны қанша?

– Астана қаласының туберкулезге қарсы диспансерінде қазіргі кезде осы сырқатқа шалдыққан бір мыңнан аса адам тіркеуде тұр. Бұдан бір жыл бұрын ауру көрсеткіштері бойынша елорда Қызылорда және Қостанай облысынан кейінгі үшінші орында болса, үстіміздегі жылдың бес айының қорытындысы бойынша бас қала туберкулезге шалдыққандар саны жөнінен республикамыздағы 16 өңірдің арасында 14-орында.

Жалпы, туберкулез әлі де қоғамымыздың күрделі әлеуметтік мәселелерінің бірі болып отыр. Адамдар өздігінен медициналық тексеруден өтпейді. Аурудың өршуіне осы салғырттық та себеп болуда. Науқастардың басым бөлігі дәрігерге көрінуге дерті дендеп кеткен кезде, кешігіп келіп жатады. Дегенмен, біз бұл кеселді әрі қарай ауыздықтап, ауру көрсеткішін төмендетуге барынша күш салып келеміз.

– Ауру көрсеткіштерінің төмендеуіне заманауи технологиялар мен саладағы соны жаңалықтар сеп болды ма?

– Әлбетте. Бүгінгі күннің негізгі мақсаты туберкулезбен ауыратын науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету – оларды дер кезінде анықтап, ұсынықты ем-дом шараларын қолдану екені белгілі. Ал, аурухананың заманауи аппараттармен жарақтандырылуы ауру нышандарын жедел анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда емдеу мекемесі «BACTEC», «Хайн-тест», «G-XPERT» сынды жаңа аппараттармен жұмыс істейді. Олар науқасқа дұрыс диагноз қоюды жылдамдатады. Мәселен, ескі әдіс бойынша туберкулез «таяқшаларын» зерттеуге үш ай уақыт жұмсалса, жаңа тәсіл арқылы екі-үш аптада, яғни, бірнеше күн ішінде, санаулы сағатта-ақ аурудың белгілерін анықтауға қол жеткізіп отырмыз.

Көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін біздің диспансерде қосымша 14 фтизиопедиатрлық және фтизиатрлық учаске ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта 25 фтизиатрлық учаске тұрғындарға кәсіптік медициналық көмек көрсетеді.

Сонымен қатар, біздің диспансерде туберкулезді емдеудің жоғары тиімділігіне қол жеткізу үшін плазмоферез емінің процедурасы енгізілді, бұл өте ауыр формамен ауырған аурудың жазылуын екі есе тездетеді. Науқастарға хирургиялық көмек көрсету барысында эндобронхылы блокаторлар жақсы қолданылуда, бұл хирургиялық емдеудің тиімділігін жоғарылатады.

Біздегі лабораториялық құрал-жабдықтар мен медициналық аппараттардың барлығы озық үлгіде болғандықтан, ауруды анықтаудың мүмкіндігі жоғары.

Негізі, туберкулез иммунитеті әлсіз, салауатты өмір салтын сақтамайтын адамдарға өш екенін ескере отырып, әр адамның қарапайым санитариялық-гигиеналық ережелерді ұстанып, міндетті түрде жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өтіп, зиянды әдеттерден аулақ жүруіне жете мән береміз. Аурудан айыққаннан кейін адам құнарсыз тамақтар ішіп, жиі-жиі салқын тигізіп алса, қатты шаршаса, маскүнемдікке, нашақорлыққа салынса, туберкулездің қайтадан қозуы мүмкін. Сондықтан, тазалық сақтап, дер кезінде дәрігерге көрініп тұрған абзал. Ал ауру нышандары анықталып жатса, уақыт создырмай міндетті түрде емделу керек. Негізі, ауруды емдегеннен гөрі, оны болдырмауға тырысқан тиімдірек.

– Бізге берген бір сұхбатыңызда қаладан сыртқары жерде туберкулезге қарсы жаңа диспансер салынып жатқанын айтып едіңіз. Бүгінгі таңда ондағы жұмыстар аяқталуға жақын ба?

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, елордамыз көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келеді. Осыған байланысты туберкулезге қарсы диспансердің қазіргі ғимараты шаһардың ортасында қалып қойды. Сондықтан, қаладан сыртқары, Қырқыншы стансада жаңадан салынған туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Ол әлемдік стандарттарға жауап беретін жаңа ғимарат болады. Онда аурухана қызметкерлерінің жұмыс істеуіне және науқастардың емделуіне барлық жағдай жасалған. Блоктар ауру түріне қарай жеке-жеке бөлінген. Палаталар өте жайлы, бір және екі орынды. Қырық орындық остеохирургиялық бөлімшесі бар бұл аурухананың жарақтандырылуы қазіргі заман талаптарына сай. Онда компьютерлік томография да бар. Қысқасы, сырқаттың сауығуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Бүгінде жерде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Озық үлгідегі жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда. Ғимарат келесі жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмекші.

– Туберкулезбен ауыратын­дардың басым бөлігі – әдетте еш жерде жұмыс істемейтіндер мен қаңғыбастар екені белгілі. Олардың ешқайсы құлан-таза айығып кетуді ойламайды. Ал, туберкулездің ашық түріне шалдыққан науқас бір мезгілде кемі 15 адамға ауру жұқтыратынын ескерсек, сонда мұндай науқастармен қалай күресуге болады?

– Қалалық туберкулезге қарсы диспансер елордадағы туберкулез ауруын анықтаумен айналысатын медициналық мекемелердің жұмысын үйлестіріп отырады. Бұл ретте біз ауруды уақтылы анықтау үшін Астана тұрғындарының алдын ала флюорографиялық тексеруден өтуге насихаттаумен бірге, халық көп шоғырланған аумақтарда, атап айтсақ, базарлар мен сапаржайларда, қаладан сыртқары орналасқан елді мекендерде адамдарды флюорографиялық тексеруден үнемі өткізіп тұрамыз. Сонымен бірге, Бейімдеу орталығына келіп түсетін нақты тұрақты мекені жоқ азаматтар да жіті тексеріледі. Ауру анықталған жағдайда олар тез арада қалалық туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылып, қажетті емін алады.

– Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің, ортаңқол медициналық персоналдың жетіспей жатқаны анық. Сіздерде маман тапшылығы байқала ма?

– 2013-2014 жылдары қалалық туберкулезге қарсы диспансерге фтизиатр, остеохирург, торакальды хирург болуды ниет еткен тоғыз жас маман-дәрігер жұмысқа алынды. Жалпы, маман даярлау және бар мамандардың эндоскопист, уролог секілді т.б. екінші мамандықты меңгеруі бағытында диспансерде көптеген жұмыстар жүргізілуде. Орта деңгейдегі медициналық қызметкерлер қатары, лаборатория және рентген қызметкерлерінің қатары үнемі толықтырылып отырады.

tub3Қаладан сыртқары, Қырқыншы стансадағы туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Ол әлемдік стандарттарға жауап беретін жаңа ғимарат болады. Онда аурухана қызметкерлерінің ойдағыдай жұмыс істеп, науқастардың тиімді ем алуына барлық жағдай жасалған. Блоктар ауру түріне қарай жеке-жеке құрылымдарға бөлінген. Палаталар өте жайлы, бір және екі орынды. Қырық орындық остеохирургиялық бөлімшесі бар бұл аурухананың жарақтандырылуы қазіргі заман талаптарына сай болады.

Сұхбаттасқан Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button