Бейбіт күннің батыры

Астаналық полиция қызметкері Мұхаметқали Қалдыбековты бейбіт күннің батыры деуге болады. Ол – қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ерлігімен көзге түсіп, әріптестері арасында құрметке ие болған азамат.
Мұхаметқали Бақытжанұлы 1995 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде дүниеге келген. 2011 жылы орта білімді аяқтап, Астана қаласында «Құқықтану» мамандығын алған.
Құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан Мұхаметқали 2014-2015 жылдары Атырау қаласында Шекара қызметінде әскери борышын өтейді. 2016 жылы елордалық Полиция департаментінің Патрульдік полиция полкіне қызметке қабылданып, өз ісіне адалдығы мен кәсібилігін көрсете білді.
Мұхаметқали Қалдыбековтің ерлігінің бірі – өз-өзіне қол жұмсағысы келген 34 жастағы елордалық азаматты құтқаруы. Осыдан бірнеше жыл бұрын әлгі азамат үйдің 4-қабатынан секірмек болады. Қас-қағым сәтте Мұхаметқали әріптесімен бірге оқиға орнына жетеді. Жедел әрекет етуінің арқасында аман алып қалады.
Аға лейтенанттың ерлігі мұнымен шектелмейді.
Полиция қызметі – тек қылмыспен күрес қана емес, сонымен қатар әрқашан көмек қажет болғанда адамдарға қол ұшын беру, олардың қауіпсіздігі үшін күресу.
2024 жылдың қаңтар айында «102» нөміріне қоңырау түседі. Онда қарт кісінің өз пәтерінде тұрып, есікті аша алмай, жағдайы нашарлап жатқаны хабарланған. Яғни, зейнеткер емханаға хабарласқан, ал дәрігерлер оның хабары бойынша полицияға хабарлаған. Оқиға орнына дереу екі автопатруль жіберіледі. Полиция инспекторлары Мұхаметқали Қалдыбеков пен Дулат Идрисов оқиға орнына жетіп, пәтердің ішкі есігі жабық екенін анықтаған.
«Пәтерге бірінші қабаттағы терезе арқылы кіру туралы шешім қабылдадық. Біз терезе арқылы пәтерге кіріп, қарт кісіні жедел жәрдем қызметкерлеріне аман-есен тапсырдық. Кейін белгілі болғандай, ол кісі жүрек ауруына шалдыққан және пәтерде жалғыз өзі тұрады екен» дейді полиция қызметкері Мұхаметқали Қалдыбеков. Ол осы оқиға арқылы өзінің қызметін адал орындап, адам өмірін сақтап қалуға бар күшін салатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осы ерлігі үшін 2024 жылы 2 мамырда ҚР Президенті Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, сол жылдың қараша айында ІІМ бұйрығымен қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
«Полиция қызметі – жауапты мамандық. Бұл қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүру маңызды. Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайратты қажет етеді. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу басты қасиеттердің қатарында. Қызмет барысында ұстамды болып, азаматтармен тіл табыса білу, сыпайы болу да аса қажет. Ел мүддесі, оның тыныштығы мен жарқын болашағы жолында барша әріптестерім тынымсыз еңбек етіп келеді. Біздің ұстанымымыз – міндет, ерлік, абырой!» дейді ол.
Қалдыбеков – өз ісіне деген адалдығы мен азаматтарға деген құрметі арқасында полиция қызметкерлерінің арасында үздікке айналған маман. Ол бейбіт күннің батыры ретінде, қоғамға қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету жолындағы еңбегін одан әрі жалғастыруды басты қағидасы санайды.