Басты ақпарат

Бейбіт күннің батыры кімге ұнамайды?

О дүние бір керуен

жол кешкен әрі,

Бірі ерте, енді бірі

кеш барады.

Кетесің не қалдырып

артыңа сен,

Ел ертең кім еді деп

еске алады.

(Есенғали Раушанов)

[smartslider3 slider=3717]

«Бейбіт күннің батыры» деген атақты мен беріп отырған жоқпын, оны айтқан – аты аңызға айналған батырымыз Бауыржан Момышұлы. Жұмабек Тәшенев бірде Сарыағаш шипажайына келе қалады. Сонда дем алып жатқан, соғыс көрген батыр Баукең ширақ қимылдап, орнынан ұшып тұрып: «Бейбіт күннің батырына сәлем» деп құрмет көрсетіпті. Сонда Жұмекең «батыр сізсіз, Бауке» депті. Бауыржан Момышұлы: «Соғыста әркім-ақ ерлік жасай алады, ал бейбіт өмірде ерлік көрсету – нағыз ердің ісі» деген екен («Егемен Қазақстан», 30.10.2015 ж.).

Ата-бабамыз «халық айтса, қалт айтпайды» деген. Менде Тәшенев туралы біраз адамның ой-пікірі бар. Соны сараптап қарап отырсам, басым көпшілігі Қазақстанды бөлшектеуден аман алып қалғандығын әртүрлі мысалмен келтіреді. Ал ол кісі туралы Мәскеудің, Алматының мұрағатында болмауы мүмкін. Ол кезде «қара тізім» деген болыпты. Ол тізімге енгендер туралы құжаттарды кұртып жіберуге дейін барыпты деседі. Хрущевтің беделін түсірмеу үшін сол жағдай туралы құжат жасалмауы мүмкін, жасалса құртып жіберуі мүмкін. Ал біздің Орталық Комитет «Хрущевтің айтқанын орындамадың» деп жұмыстан босатпайды ғой. Жоғарыдан тапсырма берілді, бір себептер тауып жұмыстан босатыңдар деп. Осы мендегі газеттің бірінде бар, ол кісіні босатуды жабық бюрода қарапты деген. Сол кезде Жұмекеңмен әріптес болған Д.Қонаев­қа қалай сенбейміз?! Ақын, ұлт жанашыры Мұхтар Шаханов ширек ғасыр Қазақстанды басқарған Д.Қонаевтан «…тың өлкесін Ресейге қосудан аман алып қалған Жұмабек Тәшенев дейді. Сол рас па?» деп сұрағанда, Димекең: «Иә. Ол кезде Тәшенев Қазақ ССР-і Үкіметінің төрағасы болатын» деп қысқа жауап береді («Жалын», №2, 2008 ж.). Таяуда ғана дүниеден өткен қарт жазушымыз Ә.Нұрпейісов Қонаевтың амалсыздан келісім бергендігі туралы ол кісінің сөзін келтіреді: «Хрущев меня к стене так прижал, мне ничего не осталось – дал согласия». Осы сөзді Тәшеневке айтқаннан кейін Жұмекеңнің батылдығына риза болып Димекең «Жолбарыстай жүректісің-ау, Жұмабек!» депті («Ана тілі», 9.10.2019 ж.).

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының ­лауреаты Серік Негимов бұрынғы Қазақстанның Үкіметін басқарған Сәлкен Дәуленовтің Жұмабек туралы тың өлкесінің мән-жа­йын айта бастап, Тәшеневтің де жаны күйіп, отқа түскен көбелектей шырылдайды дей келіп, Махмет Темірұлының «аждаһаны ауыздықтаған баһадүр» Жұмабек Тәшенев дейтін дастанынан мынадай үзінді келтіреді:

«…Жаралған алып батыр, ердің ері,

Қазақтың асыл туған кемеңгері.

Зар жылап қалар еді қазақ елі…»

(«Астана ақшамы», 27.03.2018 ж.)

Ендігі сөзді белгілі журналист Амантай Кәкен­ге берейін. Бұл кісі Жұмабек Тәшеневтің халқына жасаған жақсылығын айта келіп, зия­лы қауымның Жұмекеңе арнаған ойларын келтіреді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ермұқанов­тың «…в начале 60-х годов возникла серьезная угроза территориальному единству республики, когда Хрущев попытался через так называемый Целинный край, отторгнуть казахские земли, подчинив непосредственно центру. К счастью, нашелся мужественный руководитель – Ж.Тәшенев, который решительно выступил против предложения Хрущева». Қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің: «Біз ЦК емеспіз, біреуді орнынан алып, бір орынға қоя алмаймыз… Менің жүрегімнің төрінен орын алатын, менің ер інім, еркек інім Жұмабектің қадамы құтты болсын» деген.

Тәуелсіздік сарайында Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдық мерейто­йына арналған жиында академик Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйлеп, қайраткердің есімін ұрпақ жадында кеңінен жаңғырту үшін жасалып жатқан жұмыстардың көңіл көншітпейтінін айтты. «… Оның өз ұлтына жасаған қамқорлығы ұшан-теңіз. Сондықтан Жұмабек Тәшеневтің еңселі ескерткішін орнатып, атына әр облыс орталығынан бір-бір көше, мектеп, тіпті бір қаланың атауын берсек те артық етпес еді» деді М.Жолдасбеков («Астана ақшамы», 28.02.2015 ж.). Мырзакеңнің ойына қосыла отырып, айтарым бұл мәселені бұдан ерте көтергенмін. Бес облыста 60-70 аудан бар, соның біреуіне Жұмекеңнің есімін беруге болады ғой. Оған өзі туып өскен Аршалы ауданы сұранып тұр. Аршалы деген тарихи есім емес. Вишневкадан құтылу үшін соңғы жылдары қойылған есім. Менің білуімше, арша – ағаштың аты. Солтүстік пен батыс облыстарды қарасаң, Ақтөбеде – Байғанин, Қостанайда – Бейім­бет Майлин, Солтүстік Қазақстанда – Мағжан Жұма­баев, Ғабит Мүсірепов, Жамбыл Жабаев, Шал ақын, Қарағанды облысында – Әлихан Бөкейханов, т. б. аудандарға зиялы қауымның есімдері берілген. Ақмола облысында бірде-бір ауданға белгілі қайраткердің есімі берілген жоқ. Кеңес Одағы тұсында Лениннен бастап ­К.Черненкоға дейін тірі кезінде, кейбіреуі о дүниелік болғаннан кейін Ресейдің ірі қалаларына өз аттарын қойып алды ғой.

Қазақстан компартия­сының бұрын бірінші хатшысы И.Юсуповтың мынадай сөзі бар: «Егер қазақ біреудің алдында борыштар болса, ол алдымен Ж.Тәшеневтің алдында борыштар». Осы мақалада ақын Жарасбай Нұрқановтың бір өлеңінен бір ауыз келтірейін:

«…Сарыарқа сағым ойнап құба белі,

Тағдыры қыл үстінде тұрған еді.

Бір өзі кеудесімен қорғап қалған,

Қазақтың жүрек жұтқан Жұмабегі…»

(«Ақкөл өмірі», 12.05.2017 ж.)

Жұмекең туралы белгілі жазушы, филолог ғалым Әди Шәріпов былай дейді: «…Баяғы заманда Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары, Нау­рызбай ­сияқты батыр бабаларымыз қан төгіп, сыртқы жаумен соғысып, аман сақтап қалған қазақ халқының атамекенін Ресейге беріп жіберуге қарсы болған жалғыз адам – Жұмабек Тәшенев («Егемен Қазақ­стан», 09.07.2015 ж.).

Халық перзентінің кісілігі, қайраткерлігі жөніндегі «жігіттің арланы» (Нұрмолда Алдабергенов), «Кісендеу­лі дала жолбарысы» (А.Кәрішал), «Халықтың қайсар перзенті» (С.Нұрмағамбетов), т. б. дейтін түйінді ой-моншақтар оның асқақ тұлғасын жарқырата түседі («Қаһарман». «Астана ақшамы», 27.03.2018 ж.). Белгілі ақын Несіпбек Айтұлының Тәшенев туралы жазған поэмасы шындыққа негізделген.

«Егемен Қазақстан» газетінің 20.05.2022 ж. «Ерді сыйлар ел қайда?» мақаласында Жолдыбай Базарұлы Қонаевқа Қапшағай қаласы беріліп жатса, Тәшеневке де бір қаланың есімі берілсе, қазақтың рухы биіктей түсер еді дейді.

Біраз жылдан бері Жұмекең туралы жинап жүрген материалдарымнан біраз үзінді келтірдім, әлі де біразы қалып қойды. Бір мақаланың ауқымына ­сыймайтын болды. Д.Қо­наев, И.Юсупов, Ә.Нұрпе­йісов, т. б. зиялыларымызға сенетін шығармыз, оны жазған тілшілер де көктен алған жоқ шығар деп ойлаймын. Ата -бабамыз ертеден айтып келеді: «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, біз «Жаңа Қазақстан» құратын елдің азаматымыз. Сондықтан ұсақ-түйекшіл болмай, Жұмабек Тәшенев сияқты бейбіт күннің батырларына тарихтан өздеріне лайық орындарын бергеніміз жөн болар еді. Ол о дүниелік болған ағамызға керек емес, ол бізге жасөспірімдерді патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін қажет. Әлі де біздің кең байтақ жерімізге көз алартып отырғандар бар. Осы еліміздің тұтастығын сақтау бәріміздің парызымыз.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, Қазақстан Журналис­тер одағының ­мүшесі, елордалық ­Ардагерлер кеңесі ­медиа

тобының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button