Басты ақпаратИмантаразыМәдениет

БЕЙБIТШIЛIК – БАР БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ

ERA_8080+

«Бейбітшілік, келісім және руханият мәдениеті» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы президиумы мүшелері журналистерге арнап, брифинг өткізді.

Баспасөз мәслихатын ашқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының тең төрағасы, «Мәдениетке бейбітшілік арқылы» халықаралық ассоциациясының президенті Төлеген Мұхамеджанов алдымен халықаралық конференцияның мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бейбітшілік пен ізгілікке үндейтін бұл жиын 22 жыл қатарынан өткізіліп келеді. 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен рухани келісімнің Бүкіләлемдік алғашқы конгресі өткізіліп, 18 қазан қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтау салу, қайырымдылық акцияларын өткізу күні болып жарияланған.

– Бейбітшілік пен келісім адамзат үшін қандай маңызды екені айтпасақ та түсінікті. Бүгінгі алмағайып заманда араздасып, оның соңы қантөгіске ұласып жатқан талай елді көзіміз көріп жүр. Тыныштығы кетіп, берекесі бұзылған елдердің тұрғындары бір бейбіт күнге зар болып жүр. Сондықтан өзара келісім мен тұрақтылығымызды нығайта түсу үшін осындай жиындардың рөлі үлкен. Мұнда халықаралық көрнекті тұлғалар қатысады. Біз солар арқылы Қазақстан ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп, рухани-саяси келісімді қолдайтынын әлем жұртшылығына айшықтай аламыз. Біле білгенге бұл – тұрақтылықты нығайтудағы өзіндік орны бар құндылық, – дейді Төлеген Мұхамеджанов.

ERA_7965+

«Мұндай шаралардың тағы бір артықшылығы – жұртшылықты қайырымдылық жасауға, бір-біріне мейірімді болуға шақыру» дейді ол.

Конференцияға арнайы келген Бүкіләлемдік рухани мәдени форумның тең төрағасы, Этика институтының директоры, австриялық Вильгельм Аугустат мәдениет арқылы рухани келісімге қол жеткізудің жай-жапсарын айта келіп, өзі басшылық жасайтын «Еуропа – мәдениет арқылы бейбітшілікке» атты халықаралық ассоциациясының тарихына тоқталды. Бұл ұйымның негізі 1936 жылы қаланған екен. Бұдан кейін Израильден ат арытқан мәртебелі қонақ Эрнест Кхан сөйлеп, еліміздегі саяси жағдайға оң бағасын берді. Сондай-ақ, ол мәдениет арқылы әлемдегі жағдайды тұрақтандыру мәселесінде өзіндік үлесін қосып жүрген Төлеген Мұхамеджановқа алғысын білдірді. «Израиль астанасы Иерусалим де бейбітшілікті қолдайды. Қала атауының өзі «бейбітшілік шаһары» деген мағынаны білдіреді. Мен Төлегенге деген құрметімді бейбітшілік құсы арқылы білдіргім келеді» деген Эрнест Кхан әріптесіне көгершін құсы бейнеленген шағын статуэтканы тарту етті.

Брифинг барысында рухани мәдени форумның қатысушылары журналистердің сауалына жауап берді.

Түс ауа екі күнге жоспарланған Қазақстан халқы ассамблеясы мен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы «Бейбітшілік, келісім және руханият мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.

«Бесік залында» ұйымдас­тырылған жиында әлемнің әр тарабынан келген мүйізі қарағайдай қоғам белсенділері бас қосты. Аргентина, Австрия, Германия, Грузия, Ливан, Израиль, Үндістан, Иран, Испания, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Украина, Франция және Швейцария мемлекеттерінен келіп, елорда төрінде емен-жарқын әңгіме айтқандардың басында Бүкіләлемдік рухани мәдени форумның тең төрағасы, «Мәдениетке бейбітшілік арқылы» халықаралық ассоциациясының президенті Төлеген Мұхамеджанов болды.

Атағы жер жарған ғылым мен мәдениет өкілдері, ҚР Пар­ламентінің депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, Астанадағы шетелдік елшілік қызметкерлері және дінбасылар қатысып отырған конференцияда ол:

«Біздің шақыртуымызды қабыл алып, алыс-жақын мемлекеттерден келген қонақтарымызға зор алғысымыз бен құрметімізді білдіреміз. Конференция үстінде көптеген жылдар бойы рухани келісім жолында белсенділік танытып, біздің ұстанымымызды үнемі қолдап отыратын Қазақстан халқы ассамблеясына да ерекше ықыласымды білдіргім келеді» дей келе, шеттен келген әр қонаққа жеке-жеке тоқталып, олардың бүгінге дейін атқарған еңбектеріне ризашылығын білдірді.

Осыдан кейін Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов сөз алып, қонақтарға жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы президенті жанындағы Жекебас құқын зерттеу орталығының атқарушы директоры, ресейлік жекебас құқығы мектебінің проректоры Юрий Агешин, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Гранофф, Дағыстан Республикасының басшысы Рамазан Абдулатипов, Бүкіләлемдік рухани мәдени форумының тең  төрағасы, «Еуропа – Мәдениет арқылы бейбітшілікке» халықаралық ассоциациясының президенті, Этика институтының директоры Вильгельм Аугустат секілді азаматтар жиынға қатысушыларды халықаралық ауқымдағы шиеленістің шешімін табуға шақырып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерге сараптама жасады. Олардың бәрі 2015 жыл Қазақстан халқы ассамблеясына арналғанын қуана қоштап, бейбіт өмір мен келісімнің жолында еліміздің әлем алдындағы абыройы күн санап артып келе жатқанын жарыса айтты. Сонымен қатар, олар халықаралық тұрақтылықты сақтау жолында ғылым мен мәдениет, спорт пен дін қызметкерлерінің атқаратын әр жұмысы үлкен маңызға ие екенін өз әңгімелеріне арқау етті.

Отырысқа қатысқандар келесі күні де бас қосатын болып тарқасты. Яғни, олар бүгін Екінші бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына дайындық жөніндегі халықаралық ұйымдастыру комитетінің мәжілісінде бас қосуда.  Сондай-ақ, Рухани келісім күні аясында «Мерекелік сый-сыяпат» атты шара ұйымдастырылып, 500 соғыс және еңбек ардагеріне тарту-таралғылар ұсынылу жоспарланып отыр және бүгінгі күннің бағдарламасында қайырымдылық түскі ас пен «Астана Опера» опера және балет театрында көрсетілетін концерт бар. 

БЕДЕЛСӨЗ

ERA_7925+ 

Вильгельм Аугустат,

Бүкіләлемдік рухани мәдени форумының тең төрағасы, «Еуропа – Мәдениет арқылы бейбітшілікке» халықаралық ассоциациясының президенті:

 – Ұйымды құру арқылы сол кездегі қиындықтарға қарамастан, біраз мемлекеттің өзара ымыраға келуіне ықпал еттік. Қазір ғаламшар әлем-тапырық. Жер жүзі аласапыранға айналған сайын әр азамат бейбіт күннің қадірі қаншалықты екенін түсінді. Біз талай елдердің биік мінберлерінде бейбітшілік туралы сөз қозғағанда, алдымен Қазақстандағы тұрақтылық пен ынтымақтықты өзгелерге үлгі етеміз. Жер шарының әр тұрғыны бірігіп, тек бейбітшілік үшін күресу керек. Бейбітшіліктің синонимі – жарқын болашақ. Ендеше, бәріміз ұрпағымызға кемел келешек сыйлау үшін, олар бейбіт жағдайда өмір сүруі үшін біріге білуіміз керек.

 

Қымбат НҰРҒАЛИ,

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button