Жаңалықтар

БЕЙБІТШІЛІК БОЙТҰМАРЫМЫЗ БОЛСЫН

Қазақстан ғасырлар бойы жинақталған адамгершіліктің тегеурінді талаптарын адамзатқа жеткізуге байланысты жауапты миссияны өз міндетіне алды. Діндер мен халықтар арасындағы өзара түсінушіліктің қалыптасу мүмкіндігін жасауда астаналық съездің маңызы зор.

Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі қазіргі заманғы діндер арасындағы жаһандық абыройлы сұхбаттың табиғи және іскерлік көрінісі болды. Бұған дейін үш съезд өтті. Мұндай маңызды шараны жоғары деңгейде өткізе білген Қазақстанға бірнеше елден келген діни ұйымдардың басшылары шынайы ризашылығын білдірді. Халықтар мен діни көзқарастарды жақындастыруға, сол арқылы бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін әлемдік қауымдастық Қазақстанға жоғары баға берді.

Жаңа ХХІ ғасырда ұлтаралық келісім мен діндер арасындағы үнқатысудың үлгісі елордамыздан бастау алып отыр. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы нағыз рухани орталыққа айналды.

Орталық бейбітшілік, келісім және әділдіктің интеллектуалды зертханасы болуы қажет. «Ол съездің барлық қатысушыларын жаңа идеялармен және ұсыныстармен толықтыратын құрылым болуы қажет»,– деп Астана съезіне бастамашы болған, Халықаралық мәдени және діни орталықты құру идеясының авторы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан болатын.

Еліміз әлемде бейбітшілік орнауы үшін, атап айтқанда, қауіпсіздік, ынтымақтастық, өзара сыйластық, теңдік, әділдік, төзімділік, рухани-адамгершілік бастауларын игеру қағидаттарын ұсынып отыр.

Ертең ашылғалы отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші съезіне дайындықты жүргізу міндеті Хатшылықтың Х отырысында сарапқа салынды. Хатшылық отырысында Діни көшбасшылар кеңесінің тұжырымдама жобасы бекітілді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары форумының Қазақстанның елордасы – Астанада өткізілуінің өзі кездейсоқтық емес.

Елімізде жүзден астам ұлт өкілдері тұрады және барлық дін өкілдеріне өздерінің таңдауы бойынша құлшылық етуіне мүмкіндік берілген.

Ұлыстар арасындағы келісімді сақтауда қазақстандық тәжірибе өте құндылығымен ерекшеленеді.

Шынымен де, конфессияаралық келісім феномені несімен құнды?

Біріншіден, бұл ғасырлардан келе жатқан халықтар достығынан бастау алады, ал енді, бүгінгі қоғамда Қазақстан халқының достығымен жалғасын тауып отыр.

Екіншіден, бұл – ұлтаралық қатынастар саласындағы Елбасымыз Н.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясат.

Қазақстан – негізінен дәстүрлі Ислам, Христиан және басқа ежелгі діндер өзара татулықта өркен жайған ел. Конфессияаралық келісім қағидаттарының бірі әрбір адамның өз дінін таңдауға құрметпен қарау болып табылады.

Адамдардың бір-біріне деген сыйластық сезімі бірден бола қалатын процесс емес, ол көп жылдарды қажет етеді. Мұнда қазақтардың менталитеті, Қазақстан халқының бірлігіне деген ұмтылысының рөлі зор.

Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін Қазақстанның әрбір азаматы, кез-келген ұлт өкілі тұрақтылықтың белгісі ретінде өзінің ана тілін құрметтей отырып, қазақтың тілін, салт-дәстүрін білуі қажет деп санаймын.

Біз – Қазақстанның патриотымыз. Сондықтан, бейбітшілік пен келісімге деген өзіміздің ынта-жігерімізді жастардың бойына дарытуымыз қажет. Бұл біздің өте жауапты азаматтық ұстанымымыз бен борышымыз!

Егор КАППЕЛЬ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button