Басты ақпарат

Бейнебақылау – тәртіп сақшысы

Қазіргі таңда «Сергек» кешені камералары құқық қорғау органдарының жұмысына көп көмегін тигізіп отыр. Жол қозғалысы ережесін бұзғандарды ғана емес, жалпы қаладағы күнделікті тірлікті бақылауға септігін тигізуде. Мысалы, ұрлық-қарлықтың азаюына да осы ақпараттық-бағдарламалық кешеннің қосқан үлесі зор. Қазір полиция қызметкерлері тұрғын алаптары ғана емес, базар, саябақ, вокзал, тіпті тұтастай алғанда үлкен көшелердегі қозғалысты бейнекамералар арқылы бақылай алады. Бұл – өркениетті әлемнің жетістігі. 

Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды цифрландыру жұмысы басталып кетті. Кейінгі кезде уақыт талабына сай заманауи озық жүйемен шаһарды толық қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылуда. Әсіресе қоғамдық көлік саласын жаңғыртып, цифрландыру ең маңызды мәселенің бірі болып отыр.

[smartslider3 slider=3277]

 

Көше қиылыстарын цифрландыру

Қазір құзырлы органдар бас қаладағы автобустарды жаңартып қана қоймайды, жаңа бағдар ашып, жол жөндеуге, сондай-ақ тұрғындарға жайлы да ыңғайлы жағдай жасау үшін электронды тәсілдерді дендеп енгізіп жатыр.

Статистика мәліметі бойынша «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылғалы елорда жолдарындағы жол-көлік оқиғалары 20 пайызға, ал жол бойында өлімге әкелетін жағдайлар деңгейі 40 пайызға дейін кеміген. Қазір қала көшелері қиылысының тең жартысы бағдаршамдардың бейімделген басқару жүйесімен қамтылған. Бұл технология автоматты түрде есеп жүргізіп, басым бағыттағы көлік тасқынын көбірек өткізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында жылдамдық артып, көлік құралдарының жолда жүру уақыты орта есеппен 20 пайызға дейін азаяды. Жыл соңына дейін бұл цифрландыру жүйесі қаладағы көше қиылыстарының 80 пайызына орнатылып, «қауырт шақта» магистралдардағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.

Кейінгі кезде «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені камералары жол ережесін бұзушыларды бақылауда да, ұрлық, тонау сияқты қылмысты ашуда да құқық қорғау органдарына үлкен көмек көрсетіп отыр. Осы негізде жыл басынан бері елордада 56724 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелсе, оның 40 мыңнан астамы жылдамдық режімін бұзу, 6 мыңнан астамы көлік құралын белгіленбеген жерге қою екен. Сондай-ақ 26 учаскеде цифрландыру жүргізіліп, жаяу жүргіншілер өткелдерінің тыйым салынған белгілерінен өткендерді тіркеп, көпшілігімен үгіт-түсінік жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек, «Астана автотұрақ кеңестігі» компаниясымен бірлесе отырып, тұраққа уақытында ақы төлемеген, көлігін екінші қатар мен аялдамаға тақау қойған жүргізушілерге айыппұл салынды. Осының барлығы автоматты түрде анықталып отырды.

Бас қаладағы жол инфра­құрылымын жетілдіру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері осы қанатқақты жоба шеңберінде жаңалық енгізе отырып, қолданыстағы сызбаларды зерттеп, жетілдіруді көздеуде.

36 реттелетін жаяу жүргін­шілер өткелінде қосымша жарықтандыру орнатылған. Жүргізушілердің назарын аудару және автокөліктердің жылдамдығын мәжбүрлеп төмендету үшін 23 учаскеде көтеріңкі жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталған. Сонымен қатар өткен жылдан бері реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінің алдына 267 жасанды жол бұдыры салынды. Аталған учаскелерде жол-көлік оқиғаларының саны екі есеге төмендегені байқалды. Елордада барлық жаяу жүргіншілер өткелдері сары және ақ түсті жол белгілерімен белгіленген, отыздан астам учаскеде шу мен діріл әсерін тудыратын қызыл шу жолақтары бар, сондай-ақ ашық түс жүргізушілердің назарын аударады.

Қазір жол қиылысында диагональ бойынша өткізуді ұйымдастыру қанатқақты жобасы сәтті іске асуда. Жақында бағдаршамдардың жұмыс тәртібіне де («тыныштандыру» режимі) өзгеріс енгізілді. Осыған байланысты жол қозғалысының барлық қатысушылары, соның ішінде жаяу жүргіншілер үшін қызыл бағдаршам бір секундқа жанады, бұл қиылыстың ортасында қалғандарға маневрді қауіпсіз аяқтауға мүмкіндік береді.

Мопедші жүргізуші куәлігін ала ма?

«Сергек» автоматты түрде көліктің ішіндегі жағдайды тіркеп (белдікті тақпау, ұялы телефонмен сөйлесу), сол үшін айыппұл салынбайтыны бұрыннан белгілі. Ал осы қондырғы көшедегі мопедтердің қозғалысын реттеуге мүмкіндік бере ме? Жол полициясы инспекторы Ернар Есімовтің айтуынша, «Сергек» жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жол белгілері талабын бұзу, қоғамдық көлікке бөлінген жолаққа шығып кету сынды ереже бұзушылықтарды тіркейтін көрінеді. Мопед жүргізушілері жол ережесін бұзса, оны тек полиция қызметкері ғана тіркей алады екен. Мұны біз неге айтып отырмыз? Қазір көшеде тапсырыс бойынша кез келген мекенжайға азық-түлік таситын мопед жүргізушілері көбейіп кетті. Әрі көбі асығып жүреді. Бағдаршамға тоқтап тұрған көліктердің ара-арасымен зымырап бара жатқаны…

Көбі жол жүру ережесін белінен басқаны өз алдына, апаттық жағдай туғызып жатады. Жол инспекторының айтуынша, бұларға да ереже бірдей, айыппұл салынып, астындағы көлігін алып қоюға дейін қатаңдық танытуға болады. Бірақ көп жағдайда оларға мән берілмейтіні жасырын емес. Расы керек, жыл басынан бері осындай мопед пен велосипедшілердің бейберекетсіздігіне шағымданған жиырмаға тарта шағым түсіпті. Басым көпшілігі түсіндіру, ескертуден әрі аспаған.

«Бұл – бізде көптен бар түйінді түйткіл. Мәселеге енді қоғамдық ұйымдар назар аудара бастады. Алайда бүгінде қозғалтқышы 50 текше сантиметрден аспайтын көлік құралының жүргізушілеріне жүргізуші куәлігі берілмейді. Олар тіркеуге алынбайды. Сондықтан мұндай жол ережесін бұзушыларды полиция қызметкерлері бірден жауапқа тарта алмайды» дейді жол полициясы инспекторы.

Қазір мопедшілердің жүргізуші куәлігін алу үшін жол ережесінен емтихан тапсыру мәселесі дендеп көтеріліп жатыр. Тіпті курьерлік компанияға да (тағам жеткізуші) жүргізуші куәлігі жоқ адамды жұмысқа алмауы, көшеге шығармауы керектігі жөнінде де ұсыныс түскен. Дегенмен мопед жүргізушілерін арнайы тіркегенмен, оларды оқытып, жүргізуші куәлігін беруге асықпау керектігі жөнінде де пікірлер бар. Біз сөзбен айтқанда, осы төңіректе әңгіме көп, алайда нақты бір шешім әлі шығарыла қойған жоқ.

Сұраныс артып отыр

Пәтер тонау – ірі қалаларда қылмыстың кең таралған түрі. Үй тонаушылардан қорғанудың жалғыз сенімді жолы – орталыққа қосылған бейнебақылау камерасын орнату. Бұл жағынан елордалықтар басқа қалалар мен өңірлерге қарағанда алда келе жатқаны көрінеді. Тек өткен 2021 жылы ғана аулалар мен үйлердің кіреберісіне, сондай-ақ пәтерге бейнебақылау камераларын орнатуға 19600 өтініш түсіпті. Солардың басым көпшілігі қанағаттандырылған. Соның нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылдың алғашқы бес айында пәтер ұрлығы 32 пайызға азайып отыр.

Қазір елордада ұрлықтың алдын алуға байланысты 54 мың бейнекамера қойылған болса, оның 14 мыңы тұрғындардың өз өтінішімен пәтерге орнатылды.

Әрине, үй торушылардан бірден-бір сенімді де тиімді сақтану құралы – орталық күзет қызметіне қосылған бейнебақылау камерасы. Бірақ оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.

Биыл бес айдың өзінде елордада 98 камера іске қосылыпты. Енді саябақ, базар, алаң, вокзал, көше сияқты қоғамдық орындардағы жағдайды да полиция камера арқылы бақылай алады. Камера таспасына жазылған ақпараттар орталық желіге жедел түсіп, полиция қызметкерлері камераларды ұдайы қадағалап отырады. Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 175 қылмыс ашылып, 16 мыңнан астам адамға әкімшілік жаза қолданылған.

Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 175 қылмыс ашылып, 16 мыңнан астам адамға әкімшілік жаза қолданылған

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button