Бейнелеу өнеріне бейім зейнеткерлер
Бейнелеу өнері – адам қиялының шексіздігін көрсететін өнер түрі. Қағаз бетіне түскен сурет адамға түрлі ой салады. Сурет арқылы автордың шеберлігі мен ішкі жан-дүниесін көруге болады. Осындай сырлы өнерді Нұра ауданына қарасты БҰӨСО-да қызмет алушылар үйреніп, дамытуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Нұра ауданының зейнеткерлері арт-терапия үйірмесінің жетекшісі Гаухар Бахытбекқызының «Менің қазіргі көңіл күйім» атты шеберлік сабағына қатысты. Шеберлік сабағы Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, архитектор Бақытбек Талқамбаевтың әдісі бойынша өтті. Бейнелеу сабағында сурет салуға ынталы зейнеткерлер «Шимай» әдістемесі, картина салу және құммен сурет алу әдістерін үйренді.
«Менің қазіргі көңіл күйім» тақырыбында өткен өнер сабағынан зейнеткерлер позитивті әсер алып, үйірме жетекшісі Гаухар Бахытбекқызына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, өнерлі ата-әжелеріміз арт-терапия үйірмесінің пайдасы туралы баса айтып, денсаулықтарының жақсарғаны, ұйқы мен қол моторикасының дұрысталғаны туралы өз замандастарымен ой бөлісті.