Қоғам

Бекен бағындырған белес

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң өмірге келген біздің ұрпақтың тағдыры бір-біріне өте ұқсас: алыс ауылда дүние есігін ашты, қатардағы орта мектепті аяқтап, қалаға барып жоғары білім алды. Одан кейін алғашқы еңбек жолын қарапайым маманнан бастап, қызметтің түрлі сатысынан өтті. Тәжірибе жинады, шыңдалды, өмірдің ыстық-суығын көрді. Елге танылды. Міне, сондай абзал азаматтың бірі – астана жұртына есімі кеңінен таныс тұлға, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бекен Әлімжанов.

[smartslider3 slider=2712]

Бекен екеуміздің таныстығымыз Ақмола астана болған жылдары басталып, содан бері жалғасқан сыйластығымыз достыққа ұласып, жақын араласып келеміз.

Ол Омбы өңіріндегі Қарабас ауылында туған. Бұл – сол өлкедегі өте көне қазақы ауылдың бірі. Бекеннің әкесі Өкен 1939 жылы әскерге алынып, сол жылдардағы кеңес-фин соғысынан жараланып оралған соң, он жылдан аса колхоз төрағасы болды. Бұл енді ел басына ауыр күн туған жылдар еді, соған қарамастан, ауыл адамдарымен жеңісті жақындатуға жан аямай еңбек етті. 1958 жылы Бекеннің анасы ұзақ науқастан дүние салды. Ендігі бар ауыртпалық үйдің үлкені Бекенге түсті, ол соңынан ерген бауырларына бас-көз болды. Бекеннің әжесі Әмина: «Енді мұнда балаларымыздың болашағы жоқ, көзіміздің тірісінде Қазақстанға оралайық» деп, көштің басын атажұртқа бұрғызады. Сөйтіп, Әлімжановтар әулеті қазіргі Ақмола облысының Ақкөл ауданына көшіп келді. Бекен осы жердегі сегізжылдық мектепті аяқтап, бұрынғы Көкшетау облысының Қотыркөл ауылшаруашылық техникумына түседі. Оны 1967 жылы үздік тәмамдап, зоотехник мамандығын алып шығады. Ауылға оралып, аз уақыт совхозда жұмыс істейді. Алайда жоғары білім алуға талпынып, сол кездегі Кеңес Одағының атақты аграрлық жоғары оқу орны – К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясына түсуге бағын сынап, ақыры, сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданады. Академияны абыроймен бітірген соң, сонда бір жыл тағылымгер-зерттеуші болып істеді. Одан кейін аталған оқу орнының аспирантурасына түсіп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Жас ғалымға Мәскеуде қалып жұмыс істеуге мүмкіндік мол еді. Бірақ ол Қазақстанға оралып, педагогикалық қызметтің алғашқы баспалдағы − Целиноград ауылшаруашылық институтының жеке мал шаруашылығы кафедрасының ассистентінен ғылым докторына, кафедра меңгерушісінен жоғары оқу орнының ректорына дейінгі үлкен өмір жолынан өтті.

Оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін байқаған Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы оны ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Одан кейін Целиноград қалалық комитетінің екінші хатшысы болды.

1990 жылы өзі еңбек жолын бастаған оқу ордасына қайта оралып, үш жыл бойы ғылыми жұмыс бойынша проректор қызметін атқарды. 1993 жылы «Солтүстік Қазақстанда басты мал тұқымдарының сүт өнімділігі мен табиғи төзімділігін жоғарылату» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы атанды. Сол жылы қазан айында Бекен Әлімжанов Ақмола ауылшаруашылық институтының ректоры болып тағайындалды. Осы кезде Бекеннің бойынан батылдық пен қайраттылық анық көрінді. Ең алдымен оның басшылығымен 2000 жылға дейін университеттің кешенді даму жоспары әзірленді, онда мемлекеттің экономикасы үшін ғылыми кадрлар мен жоғары білікті мамандарды дайындауға айрықша назар аударылды. Талапкерлерді тарту мақсатында шаруашылық жүргізудің нарықтық экономикасына қажет жоғары оқу орнында «менеджмент», «маркетинг», «қаржы», «агротехникалық сервис», «аң аулау және балық аулау», «өсімдіктерді іріктеу» секілді жаңа мамандықтар ашты. Уақыт өте келе ақылы оқитын студенттердің саны үш есеге дейін өсті. 1996 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен институт Ақмола аграрлық университетіне айналып, оған мемлекет және қоғам қайраткері, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді.

1997 жылы елордамыздың Алматыдан Ақмолаға көшуіне байланысты университет астаналық атанып, жаңа күш алды. Мен осы жылы Ақмола облысының әкімі қызметін атқарып жүргенде, университетке әдейі ат басын бұрып, оқытушылар және студенттермен кездестім. Бұл кездесудің форматы өзгеше болды, маған қатты ұнады. Сонда облыс пен қалаға қатысты біраз өзекті мәселе қозғалды. Жастар болашаққа деген көзқарасын айтты. Өзім де осы кездесуден көп мәлімет алып, біраз байыдым. Сонда аталған оқу орнындағы жаңашыл жұмыстарды көріп, көңілім толды.

Бекен Өкенұлының 2004 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайлануы университет ұжымы үшін биік абырой еді. Ол 2004-2011 жылдар аралығында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің III-IV шақырылымында түрлі заң шығарушы құжаттарды әзірлеуге үлес қосты.

Бекеннің мінезі биязы, қарапайым болғанмен, өз принципіне берік, айтқан сөзі мен уәдесіне мығым. Мен оның бұл қасиетіне Мәжіліс депутаты болып жүргенде талай куә болдым. Заңдарға байланысты жазған ұсынысын жан-жақты зерттеп, соның шешімін табуға жан-тәнімен кірісетін. Ол – өз елі мен жерін шынайы сүйетін патриот. Оны бүгінге дейін шәкірттері «менің ұстазым, ректорым» деп мақтаныш тұтады. Бұл – әр педагог үшін үлкен баға. Жалпы Әлімжанов­тар жанұясын ғалымдар отбасы деп айтуға болады. Студент кезінде қосылып, шаңырақ құрған, өмірдің барлық ыстық-суығын қатар көріп, қиын күндері жолдасына сүйеніш болған зайыбы Людмила Васильевна – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Бүгінде екеуі – ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере сүйген бақытты ата мен әже. Екеуміздің достығымызға ширек ғасыр болса да, мен оның адамгершілігіне қылау түсіргенін көрген емеспін. Қашан да сырбаз, сыпайы қалпынан өзгермейді. Қаншама адамның алғысына бөленді. Өмірінің жетпіс бесінші белесін абыроймен қарсы алып отырғаны да көпшіліктің тиген шапағаты деп ойлаймын.

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,

мемлекет және қоғам

қайраткері

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button