Саясат

Беларусь берекесі неге кетті?

9 тамызда өткен президент сайлауынан кейін Беларусьта жаппай толқу басталды. Оған оппозиция өкілдерінің сайлауда «Халықтың дауысын ұрлап, алтыншы мерзімге сайланған Лукашенконың 80 пайыз дауыс жинауы мүмкін емес» деген наразылығы себеп болды. Ресми мәлімет бойынша, оппозиция атынан түскен кандидат Светлана Тихановская не бәрі 10, 09 пайыз дауысқа ие болған. Бірақ сайлау науқаны кезінде Тихановская көптеген сайлау учаскілерінде жеңіске жетіп, шетелдегі сайлау орындарында да Тихановская Лукашенкодан басым түскен. Батыс елдері мен ЕҚЫҰ Беларусь еліндегі бірде-бір сайлауды заңды өтті деп мойындамаған. Керек десеңіз, Еуроодақ наразылық шарасына қатысқандарға күш қолданып, негізсіз қамаған және сайлау қорытындысын бұрмалаған Беларусь билігі өкілдеріне санкция салатынын айтып сес көрсетті.

Жексенбі күні 16 тамыз­да бірнеше жүз мың адам Минск­де наразылық шараларын өткізді. Талап – Александр Лукашенконың отставкасы. Олардың дені өндіріс орындарының жұмысшылары. Билік наразы жұртты күш құрылымдарының көмегімен таратуға тырысып, мыңдаған адамды ұстағанымен, бәрібір шерушілерге шек қоя алған жоқ. Бастапқыда наразы­лыққа қарапайым халық шықса, ал қазір олардың қатарына жұмысшылар, мемлекеттік қыз­меткерлер, күш құрылымдарының өкілдері де қосылып жатыр. Лукашенконың наразылық кезінде еңбек еткен 300-ден аса полицияны марапаттағаны да тәртіп сақшыларының, арнайы жасақ қыз­меткерлерінің наразы­лар жаққа өту толқынын тоқтата алған жоқ. Есесіне құқық қорғау қызметкерлерінің наразы топты қолдайтынын білдіріп, қыз­меттік киімдерін шешіп, формаларын қоқысқа тас­тау жағадайы күн сайын көбейіп барады. Лукашенко оппозиция­ны жазғырып, «Маған қарсының бәрі шетел агенті, оларға шетелдің жау күштері қолдау көрсетіп отыр, НАТО-ның есігіміздің алдында шынжырын сылдырлатып жүргені тегін емес» деп жар салғанымен халықтың оны тыңдайтын түрі жоқ.
Александр Лукашенко Беларуссияны 1994 жылдан бастап басқарып келеді. Ең алғаш президент ретінде Конституциясына қолын қойып, ант берген кезде Беларусьте тек заң диктатурасы ғана орнайтынын, заң алдында мектеп оқушысынан бастап президентке дейін бәрі тең болу керектігін айтқан. Жаңадан сайланған мемлекет басшысы осы мәлімдемесінен кейін жыл өтпей жатып елді өз ыңғайына қарай өзгерте бастады. Диктатура орнады да, заң адыра қалды. Атап айтқанда, билік қолына тиген алғашқы күннен-ақ заңға қырын қарай бастады. Оның бастамасымен өткен, көп заң мен адам құқығын бұзған үш референдум Лукашенконың құзыретін барынша кеңейтті. Аралықта қарсы партиядағылардың Лукашенконы қатыстыр­май сайлауды қайта өткізуді талап еткен әркеті де сәтсіз аяқталды. Сонымен қатар Лукашенконың өзіне қарсылардың ебін тауып көзін құртып, адам құқығын аяққа таптауы халық жүрегіндегі бітеу жараға айналды. Міне сол жара биыл ақыры жарылды. Атап айт­қанда, осы жолғы сайлауға Лукашенконың қайта түсуі және сайлаудың әділ өтпеуі оның абройын айрандай төкті. Ашынған жұрт көшеге шығып, «94 жылғы Конституцияны қайтаруды» талап етті. Бірақ Лукашенко қарсыластарының Конституцияны қайтару туралы талабыннан үзілді-кесілді бас тартып, «94 жылғы Конституцияны қайтарсақ, елде анархия орнайды. Бұл Конституцияны қайтарсақ, қылмыскерлерге сыйлық жасағанымыз. 90 жылдардағы жабайы өмірге оралмаймыз» деп кесті. Айта кетейік, 94 жылғы Конституцияға сай, президент тек екі рет сайлауға түсе алады.
Кейбір сарапшылар бұл елде наразылық туындап, халықтың толқуына бастап­қыда Ресей себепші болды деген болжам айтады. Себебі Кеңес одағының шекпенінен шыққан Лукашенко басында Ресейдің ығына жығылып, ықтай жалдап күн көргенімен, кейінгі кезде Путинмен сөзі бір жерден шықпай, кей мәселелерде керісіп қап жүрді. Әсіресе Кеден одағы төңірегіндегі керіс Путин мен Лукашенконың арасын біраз суытып тастағаны да жасырын емес. Мұның жанды мысалы ретінде кезекті бір кездесуден кейін Минскіге қатулы оралған Лукашенконың Ресей бізді қайта қосып алғысы келеді деген емеуірін танытып, «Мен халқыма өзін қорғауы үшін автомат таратып беремін» деп мәлімдеме жасағанын атауға болады. Айтып-айтпай, Ресейдің Кеден одағын сылтау етіп, Беларусьқа энергия саласы жағынан қысым жасауы, керек десеңіз, Кеден одағына мүше Қазақстаннан да мұнай-газ тасымалдауына шектеу қо­йып келгені жасырын емес. Міне бұл Лукашенконың Путинға «өкпелеуіндегі» басты себептің бірі.
Дей тұрғанмен, «ойнаса баласы, шындаса әкесі жеңеді» дегендей, «тайынша тулап ыңыршақ шақпайтыны» да Минскідегі наразы­лық кезінде мәлім болды. Беларусь билігі президент сайлауы қарсаңында ел аумағында ресейлік «Вагнер тобы» жекеменшік әскери компаниясының 32 мүшесі ұсталғанын мәлімдеді. Онысыз да Путинмен шығыса алмай жүрген Лукашенко осыдан кейін Ресейді ашық жазғырып, халықты сыртқы күштерге қарсы тұруға шақыр­ғанымен, одан да түк нәтиже шықпады да, соңында Путинға телефон шалып, онымен ымыраға келуге мәжбүр болды. Ұсталған ресейліктерді де қоя берді. Путинмен тілдескеннен кейін Лукашенко күтпеген мәлімдеме жасап, «Ресей қажет жағдайда Беларуське әскер кіргізетінін» мәлімдеді. Бұл мәлімдеме билікке сүлікше жабысқан Лукашенконың тақ үшін өз халқын сатып кететінін, билік үшін Беларусьтің тәуелсіздігін тәрк етіп, оны Кремльдің қолына табыстаудан тайынбайтынын анық аңғартты. Осыған қарап «жағдай осылай асқына берсе, Лукашенко да В.Януковичтың аяғын құшуы мүмкін» деген болжам жасап жатқан сарапшылар да бар. Бірақ Ресей Беларусьқа әскер кіргізбейтіні анық. Өйткені наразылықтың ауқымы локалдық деңгейден асып кетті. Сондықтан Украи­надан кейін тағы бір бауырлас ұлттың іргесінде отырып, өздеріне қарсы тұруын Ресей де қаламайды. Онсыз да Украинадағы жағдайға байланысты Батыс­тың санкция садағына ілінген Кремль енді бұл істе өте абай болатыны сөзсіз. Оның үстіне, Ұжымдық қауіпсіздік шарты бо­йынша ұйымға мүше елдер ұйымдағы қандай да бір мемлекетке сырт­тан қатер төнген жағдайда ғана әскери тұрғыда қолдау көрсете алады. Ал митингтер, наразылық шаралары сыртқы агрессия емес. Сондықтан азаматтар алаңға шығып жатса, сол үшін сырт­тан әскер кіргізу шарасын қолданатындай аталған ұйым аясында келісім жоқ.
Елдегі жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін аталған елде 19 тамызда «билікті ауыстыру» бойынша кеңес құрылды. Бірақ Лукашенко кеңес мүшелерін «билікті басып алуға талпынып жатыр» деп айыптап, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтып, елдің батысында әскердің толық дайындық сапына келтіріліп қойылғанын мәлімдеді. Осыған қарағанда Беларусьтағы жағдай жуық арада тұрақтана қоймайтын секілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button