Әлеумет

Белгілі тұрағы жоқ адамдар мекені

Астана қаласында Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы бар. 2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мекемеде азаматтар бір айдан бір жылға тұрып, медициналық әлеуметтік қызмет алады.

Бір танысым қазіргі заманның ең ауыр қарғысы «өз мәселіңді өзің шеш» екенін айтып, ойлантып тастаған еді. Расында, тірліктің кемесі суға батқанда тәуекелдің «жел қайығымен» иірімнен шығып кетсең, жақсы. Ал, иірім батырып әкетсе ше?! Сонда адам баласы шын қаріпке айналмай ма?! Осындайда ағайындары сырт айналса, «өз мәселеңді өзің шеш» деп қоғам безбүйректік танытса не болмақ? Қуаныштысы, елорда мұндай адамдарға шама-шарқынша қол ұшын беріп келеді. Жоғарыда аталған белгілі тұрағы жоқ адамдар мекендейтін орталық – соның куәсі.
Өткен жылы аталмыш мекемеге 1275 адам келіп түскен. Оның 300-інде ғана жеке құжаты болса, қалған 984-інде жеке басын растайтын құжаты болмай шыққан. Орталық солардың 134-інің құжатын қалпына келтіріп, 10 адамның «қызыл паспорты» жеке куәлікке ауыстырылған. Ал, 92 азамат орталықтың күшімен жұмысқа орналастырылған.
Қаңғыбастар қамытын кигендердің жетеуі Қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік медициналық мекемеге орналасып, тұрақты жайын тапты. 55 адам денсаулығына байланысты мүгедектікке рәсімделіпті. Ал 63 азаматқа жасына байланысты зейнетақы мен мүгедектігіне қатысты әлеуметтік төлемдер алуын қамтамасыз еткен. Осы кезеңде республиканың өзге аймақтарынан келген 310 адам келген жерлеріне қайтарылған. Ағайындарынан қол үзген жүз адамның жақындарымен байланысып, туыстарының алып кетуіне қол ұшын беріпті. Ешқандай туысы табылмаған 60 азамат өздері тіркелген басқа облыстардағы баламалы әлеуметтік орындарға жеткізілген.
Осы жылдың алғашқы тоқсанында әлеуметтік бейімдеу орталығына 618 адам келіп түсіп, белгіленген тәртіп аясында қызмет көрсетілуде. Орталықта тек қана түнемелікке 50 төсек-орын бөлінген. Өткен жылы 7908 адам осында қонып кетіп жүріпті. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында бұл қызмет 4771 жанға көрсетілген. 2012 жылдан бері мұнда мобильді «Әлеуметтік жасақ» қызметі іске қосылған.
– Күн сайын диспетчеріміз барлық тірек пункттерімен, ПИК, қала вокзалдарымен байланысады. Егер белгілі тұрағы жоқ адамдар анықталса, оларды мекемемізге алдыртуға тырысамыз. Қала бойынша 9:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейтін мобильді әлеуметтік жасағымыз біздің қарауымыздағы санатқа кіретін адамдарды жылдам жеткізе алады. Мұнда оларға медициналық көмек көрсетіліп, әлеуметтік ахуалына талдау жасап көрсетілетін қызметті белгілейміз, – дейді астаналық Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Динара Шапина.
Осылайша, мекеменің әлеуметтік қызметкерлері өздері аз болса да қам­қорлыққа аса зәру жандарға жан-жақты көмек көрсетіп, олардың өмір сүру салттарына өзгеріс жасап, көкіректерінде үміт оятып, жақсылыққа жетелеуге көмектесіп келеді.
Бір жақсысы, мұнда «өз мәселеңді өзің шеш» деген сөз жоқ. Керісінше, құрдымға кеткендерді құтқару үшін орталық қолдан келген бар мүмкіндіктерді қарастырып отыр.

Айгуль УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button