Қоғам

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы белсенділік танытты

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Халықтың қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алған Наурыз мерекесі күні «Наурыз – жыл басы» атты мерекелік іс-шара өтті.

Қала тұрғындары мен қонақтары жиналған көпшілік назарына Орталықтың өнер ұжымдары мен жекелей өнерпаз зейнеткерлер дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерінен сыр шертетін музыкамен әрленген театрландырылған көрініс те мереке ажарын айшықтай түсті.

Сахна шымылдығы домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Тойбастар» күйімен ашылды. Айналаны отпен аластау рәсімі сахналық көрініс ретінде қойылып, зейнеткерлерден құрылған «Әдемі» ансамблі мен «Kerbez_models» тобы өнер көрсетті.

Алматы ауданының биші ата-әжелері «Көктем вальсі», «Қара жорға» билерін көрермен назарына ұсынса, «Арқа әуендері» ансамблі әннен шашу шашты. Орталық директоры Мұхтар Еркетаев жұртшылықты ұлтымыздың ұлық мерекесімен құттықтап, бұл мейрам ұрпақтар сабақтастығының жəне халқымыздың тереңнен тамыр тартатын салт-дəстүрі мен мəдениетінің символына айналғанын айтты. Сондай-ақ мерекелік шараға арнайы қонақ ретінде қатысқан Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының, Алматы ауданы Әкімдігінің, Ардагерлер кеңесінің өкілдері жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтады. Арнайы дайындалған сахнада көркем өнерпаздардың қатысуымен өткен концерт көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектерін айтты. Мерекелік шараның екінші бөлімі «Sana Sport» спорт орталығы алдындағы алаңда жалғасын тапты. Мұнда ақшаңқан киіз үй тігіліп, Орталық қызметкерлері мен зейнеткерлер түбі бір түркі халықтарының ас мәзірін дайындап, жұртшылыққа ұсынды.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырған Ұлыстың ұлы күнін тойлауға Астана қаласындағы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келді. Мерекелік шарада әжелеріміз қонақтарға наурызкөже және басқа да ұлттық тағамдар таратты.

Сонымен қатар, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері Кемал Ататүрік ат. саябақ пен «Астана Арена» стадионында өткен Наурыз мерекесінде де белсенді атсалысты. Осылайша Наурыз мейрамы тағылым мен тәрбиенің қарашаңырағында сән-салтанатымен және ерекше тартымдылығымен көпшілікті тәнті етті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button