Басты ақпаратЕлорда тынысы

Берері мол орталық

Есіл ауданында Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Биыл бас шаһардың үш ауданында дәл осындай үш орталық ашылады.

– Өткен жылы қаланың 4 ауданына 5 Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Бір жылдың ішінде 10000-ға жуық азамат орталық қызметіне жүгінді. Жастарға қызмет көрсету орталығының арқасында 3500-ге жуық жас жұмысқа орналасса, соңғы екі жылда 13 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты, – деп атады Қ.Қамбаров.

Бұл орталық жастарға қызмет көрсетумен ғана шектелмейді. Орталық жастардың әрі демалатын, әрі білімін жетілдіретін, әрі пікір алысатын, оларды жан-жақты қолдауға барлық мүмкіндік жасайтын ортақ шаңырақ болады. Яғни жастардың жаңа идеялары мен жобаларына бағыт беріп, күш-жігерін біріктіретін алаңға айналады.

Орталықтың басты мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар және жастар арасындағы өзекті мәселелер – аула клубтары, еріктілік, кәсіпкерлік, жеңілдікпен несиелендіру, сонымен қатар кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үй мәселелері және тағы басқа бағыттар бойынша ақпараттық-консультативтік көмек көрсету. Жастар өзін мазалаған сұрақтар бойынша тегін кеңес алады.

Жастарға қызмет көрсету орталықтарында Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ-нің қызметкерлері жастардың бос уақытын тиімді өткізу мәселелері бойынша, Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша және «Отбасы банк» АҚ тұрғын үй мәселелеріне қатысты консультациялық көмек көрсетеді. Орталық бір уақытта 10-12-ге жуық адамды қабылдай алады.

Орталықтың ашылу салтанатына қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров қатысты. Өз сөзінде басқарма басшысы қала жастарының жұмыссыздық мәселесін шешуде «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және баспаналы болуда 2021 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Елорда жастары» бағдарламасының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қала бойынша 8500-ге жуық бос жұмыс орны бар. Ал жұмыссыз жүрген жастардың саны – 6,8-6,9 пайыз, яғни 19000 мың адам.

Елорда жастарының жұмыспен қамтуда жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты негізде өткізіледі. Былтырдың өзінде Астанада 10 бос жұмыс орны жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке Жастар сарайы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетінің қабырғасында ұйымдастырылды. Биыл да аталған мекемелерде жәрмеңкелер жалғасады.

2022 жылдың қыркүйек айына де­йін қалада 14-29 жас аралығындағы жастардың жалпы саны 268 мың адамды құрады. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «жастар» ұғымының жас шегі 35 жасқа дейін ұлғайды. Сәйкесінше, астаналық жастардың саны артып, бүгінде жалпы саны 425 мың адамды құрап отыр. Сондықтан елорда жастарына лайықты қолдау көрсету, сол арқылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру негізгі басымдық болуы тиіс.

Жастарға қызмет көрсету орталығы Қабанбай батыр даңғылы, 58 Б мекенжайы бойынша орналасқан. Мекеме аптаның бес күні (дүйсенбі-жұма) таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button