Берік әншінің белесі

Ол 5 жасынан бастап әкесі Құдайбергеннің домбырасын ермек етіп, соған әуестенді. Мектепке барғанда домбыра үйірмесіне жазылып, мектеп оркестрінде домбырашы болды. Ал жоғары сыныптарға өткенде ән мен терме үйірмесіне қатысып, мектепішілік іс-шараларда белсенді өнер көрсетті. Бастапқыда филология факультетінің студенті болуды армандады. Бірақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағила Сайлаубайқызы қарым-қабілетін байқап, әншілік жолды таңдауға кеңес берді. Осы жолға түсіп, кәсіби білім алды. Бүгінде бұл – белгілі дәстүрлі әнші, Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Берік Омаров.
«Аягөз деген – аядай бұлақ деседі» деп жырлаған еді ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Поэзия мұзбалағының өлеңдеріне талай ән жазған белгілі әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимов аталған жырға да тамаша туындыны дүниеге әкелді. Берік Құдайбергенұлы – дәл осы «кешегі арулар елінің» перзенті.
Мектептен кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, оқуын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жалғастырып, Бекболат Тілеуханның сыныбын бітірді. Өнер жолын Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармониядан бастады. Туған жерде әнші ретінде әбден қалыптасып, пісіп, жетіліп, елорда төріне қоныс аударды. Бес жыл бұрын Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Халық әні» бөліміне әнші ретінде қабылданды. Бүгін де осы өнер ұжымында жемісті қызмет етіп жатыр.
Берік Омаров – дәстүрлі ән өнерінің үздік үлгілерін кеңінен насихаттаушы. Оның орындауында Біржан салдың, Ақан серінің, Жарылғапберді мен Сегіз серінің әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» енгізілген. Мектепте Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №5 гимназияда оқыды. Сол уақыттан Шәкәрімнің ән мұрасына да бойлай бастады. Әрине, Шәкәрімнің әндері дегенде, алдымен Келденбай Өлмесековтің есімі еске түседі. Келденбай Раузаұлы ойшыл ақынның 20-дай әнін тауып, репертуарына енгізді. Берік Құдайбергенұлы да – Құдайбердіұлының әндерінің білгірі, насихаттаушысы.
Әнші Қазақстанның дәстүрлі ән байқауларының бірнеше дүркін лауреаты. Атап айтқанда, Ж.Елебеков, К.Әзірбаев, Ә.Қашаубаев, Ә.Найманбаев атындағы республикалық байқауларда және «Шабыт», «Ертіс әуендері» фестивальдерінде, басқа да ән сайыстарында өнері жоғары бағаланды.
Осы жыл табалдырығымыздан аттағанда «ердің жасына» толды. Соған орай 22 ақпанда Астана төрінде, филармонияның концерт залында «Майда қоңыр» атты жеке концертін бермек. Кеш барысында тыңдармандарға қазақтың халық әндері мен күйлерінің жауһарлары, сондай-ақ Берік Омаровтың орындауындағы дәстүрлі әндердің әсем палитрасы ұсынылады. Бұл концертте қазақтың халық әндері мен күйлері, сондай-ақ ұлттық би өнерінің үздік үлгілері ұсынылады.
Бағдарлама қазақ халқының рухани мұрасын қамтитын әуендер мен күйлерден тұрады. Құрманғазының «Төремұрат» және «Терісқақпай» күйлері, Мұхиттың «Үлкен айдай», Ақан Серінің «Ләйлім шырақ», Жарылғапбердінің «Топайкөк», Тұрдықылыш Ізтаевтың «Шаттық», Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» әні әуелейді. Концертке «Сарыарқа» халық музыка ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Қосанова, Гүлмира Сарина, Мәдениет саласының үздігі Ершат Қайырхан қатысады.
Берік Омаров бала жасында домбыраға әуес болса, төл аспабымыздың құлағында ойнайтын перзент те өсірді. Біршама танылып қалған күйші Дарын Құдайберген – әншінің ұлы. «Майда қоңыр» концертінде ол да өнер көрсетеді.
Аманғали Қалжанов