Қала тіршілігі

Берік байланыс орнады

Санкт-Петербург губернаторы Георгий Полтавченко бастаған Ресей делегациясының Астанаға ресми сапары аяқталды. Осы сапар барысында екі шаһар арасындағы байланыс нығая түсіп, өзара әріптестікті әрі қарай дамытудың бағыт-бағдары мен жоспары белгіленді.

2013-2015 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы арнайы келісімге қол қойылды. Тұңғыш рет «Астана-Санкт-Петербург:стратегиялық және инвестициялық серіктестік» тақырыбында бірлескен бизнес-форум өтіп, қос тарап өзара пікір алмасты. Осынау жиында сөз сөйлеген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов екі шаһар арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілгенін айтып, іскерлік кездесулер бірлескен жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асырылатынына сенім білдірді.
Санкт-Петербург Ресейдің ірі экономикалық орталығы екені белгілі. Былтыр осы мегаполистің ішкі сауда айналымы 56,6 миллиард АҚШ долларын құраған екен. Әрине, Астананы көне Петербургпен салыстыруға келмес. Дегенмен де елорданың аз уақыттың ішіндегі даму көрсеткіші қарқынды.  Астана әкімінің келтірген мәліметіне сүйенсек, 1998 жылдан бері елорданың экономикасына құйылған инвестиция көлемі 30 млрд долларды құрап, негізгі капиталға салынған инвестиция  480 миллионнан 4 миллиардқа дейін жеткен. Ал  бөлшек сауда айналымы 147 миллионнан 3 миллиард АҚШ долларын құраған.
Бүгінде елорданы дамытуға шетелдік инвесторларды тарту үшін оларға бірқатар қолайлы жағдайлар жасалып отырғанын айтқан Иманғали Нұрғалиұлы  қос қала арасындағы инвестициялық байланыстың да дами түсетініне сенім білдірді.
–Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі. Бұл орайда екі елдің жетекші қалалары Астана мен Санкт-Петербург арасындағы достық, сауда-экономикалық, мәдени қатынастарды,  стратегиялық әріптестікті нығайтудың маңызы зор. Бизнес қауымдастығы өкілдерінің басын қосып отырған форум екі жақтың кәсіпорындары мен іскер азаматтарының арасында байланыс орнатып,  жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеді деген үміттемін, – деді ол.
Ал Санкт-Петербургтің губернаторы Георгий Полтавченко Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қана емес, көрші ретіндегі жарасымды, шынайы байланыс екендігін айта келе, форум бизнестегі серіктестікті одан әрі жақсартатынына сенімді екендігін білдірді.
– Қазақстан–Санкт-Петербургтің  өзара сауда айналымы соңғы 12 жыл ішінде 650 миллион долларды құрап отырған ТМД-дағы үшінші серіктесі. Биыл бұл көрсеткіш 24 пайызға өсіп отыр. Меніңше, қарқынды көрсеткіш бұл, – деді губернатор.
Бизнес-форумға Санкт Петербургтен өндірістік және құрылыс өнеркәсіптерінің басшылары және денсаулық сақтау мен фармацевтика саласынан 30 жуық делегат қатысты.
Оларға Санкт-Петербург пен Астананың бүгінгі кескін-келбетін суреттейтін бейнефильмдер көрсетілді. Өзара еркін пікір алмасқан іскер азаматтар екі қаланың бірлескен инвестициялық жобаларына жол ашатын меморандумдарға қол қойды.

Петербург ЭКСПО-ҒА қолдау көрсетеді
Петербург – экономикалық әлеуетімен ғана емес,  келісті келбетімен де талайларды тамсандырған шаһар. Кезінде Ресейдің астанасы болған ақ түндер қаласы небір халықаралық ірі шараларды абыроймен атқарғанын жұртшылық жақсы біледі. Осындай көп жылғы тәжірибесіне сенген петерборлықтар «ЭКПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуде елімізге қолұшын бермек. Астанада ЭКСПО қалашығы маңайына салынатын жаңа теміржол вокзалын петерборлық сәулетшілер жобалауда. Енді  сәулетті Санкт-Петербург Астанада басқа да  айшықты нысандардың бой көтеруіне атсалыспақ. Бұл туралы екі қала өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстелде» сөз болды. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі дирекцияның басшысы Қаһарман Жазиннің айтуынша, бұл мәселе келесі жылы Санкт-Петербургте өтетін Астананың күндерінде кеңінен талқыланатын болады.Сол кезде ЭКСПО кезінде Астананың келбетіне келбет қосатын нақты жобалар қолға алынады.
Елорданың Петербургтегі күндері келесі жылдың мамыр айына жоспарланып отыр. Осы сапар аясында Санкт-Петербургте салынатын «Астана» сауда-іскерлік орталығы құрылысының алғашқы кірпіші қаланатын болады.

Энергия үнемдеу – ортақ міндет
Санкт-Петербург делегациясының Астанаға ресми сапары кезінде «Қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және өнеркәсіптік кәсіпорындарды тиімді энергия көздерімен қамтамасыз ету және осы саладағы тың технологилар» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті. Жиынды ашқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов қай елде де энергияны үнемдеу мәселесі басты міндеттердің бірі екендігін айтып, жиынға қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырды.
«Дөңгелек үстелде» Санкт-Петербургтің энергетика мен инженерлік қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Андрей Бондарчук және тұрғын үй комитетінің төрағасы Владимир Гайдей сөз сөйлеп, өз елдеріндегі энергияны үнемдеу үшін қолданылып жатқан шараларды таныстырды.
Жиында елімізде қабылданған энергия үнемдеу туралы жаңа бағдарламаның маңызы сөз болды. 2015 жыл – Қазақстан үшін энергияны үнемдеуді жетілдірудің жаңа кезеңі болмақ. Бағдарламада көздеген іс-шаралар жүзеге асырылса, 2015 жылы энергия шығыны – 10 пайызға, 2020 жылы – 25 пайызға дейін төмендейтін болады.
Сондай-ақ, дөңгелек үстелде тұрғын үйлерді терможаңғырту, жарықдиодты жарықтандыруға өту, қуатты тиімді шығындайтын құрылысты салу және халықтың жарықты үнемдеу дағдысын қалыптастыру сынды мәселелер талқыға түсті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button