Басты ақпаратМәдениет

Берік отбасы – береке бастауы

Отан отбасынан басталады. Шын мәнінде, елдің дәулеті әрбір отбасының тіршілігінен құралады. Демек, отбасы құндылығы қоғамның тұрақтылығын, әлеуметтің дамуын айқындайды. Осы орайда бала тәрбиесі, баланың құқығын қорғау, баланың болашағына қызмет ету мемлекеттің ең ­маңыз­ды мәселесінің бірі болуы керек.

Әулеттің бүтіндігі, отбасының ауызбіршілігі мен татулығы, бала құқығының қорғалуы – ел іргесін бекіте түсер басты құндылықтар. Алайда түрлі себептермен елімізде отбасы институтының беріктігіне сына қағып жатқан жайттар аз емес. Мұның бәрі қоғам болмысына тікелей әсер етеді. Осы орайда елорданың әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Отбасы және қоғамның өзекті мәселелері. Ата-аналар қауымымен жұмыс жасаудың басым бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиын Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Әсима ­Бимендинаның ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шараға қатысқандардың арасында Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Астана қаласының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Марс Ғалиев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагогтар, психологтар, ата-аналар болды.

Басқосуда ата-аналармен жүйе­лі жұмыс істеу, оларға көмек көрсету және кей отбасылардың шешілмей жатқан мәселелері сөз болды. Отырыста Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан ­Сенғазыев тақырыптың өзектілігін өз сөзінде атап өтті.

– Бала құқығына, отбасыға қатысты мәселелерді осындай дөңгелек үстелдерде талқылау өте дұрыс деп ойлаймын. Отбасылық мәселе – тек Астананың немесе Қазақстанның ғана мәселесі емес, бұл күллі әлемнің проблемасы. Баланың ата-анамен қарым-қатынасында туындайтын мәселелер бұрын да болған, қазір де бар. Тіпті бұл мәселе ортақ шешімін таппаса, алдағы күндері де болады, – деді басқарма басшысы.

Қасымхан Сенғазыев қазіргі кезде ата-аналармен жұмыс істеу барысында бұрынғы дәстүрлі әдіс-тәсілдердің ескіргенін, сол себепті жаңа технологияларға негізделген заманауи үдеріс­терден қалмау керектігін тілге тиек етті.

– Мектептегі қандай да бір жиынға немесе іс-шараларға шақыратын болса, ата-аналардың құлықсыздық танытатынын байқап жүрміз. Олар тәлім-тәрбие, баламен қарым-қатынас жайлы айтатын әлеуметтік желідегі түрлі бизнес-коучтардың сөзіне көбірек сенеді. Мысалы, қазіргі кезде ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты сөз етіп жүрген Асхат Әбжанов есімді блогер бар. Жақында елордадағы №63 мектепте осы педагог-коучтың қатысуымен ата-аналар жиналысы өтеді деп әлеуметтік желі арқылы хабарландыру бердік. Кездесу болған күні мектептің акт залында ине шаншар орын болмады. Бос орын болмаса да ата-аналар бірнеше сағат тікесінен тік тұрып тыңдады. Міне, бұл да заман талабына сай бейімделуге қарапайым мысал бола алады, – деді Қ.Сенғазыев.

Оның айтуынша, оқушылардың сынып жетекшілерімен қарым-қатынасында да бірқатар мәселе бар.

– Бүгінде әр сыныпта шамамен 30-дан аса оқушы білім алады. Бұрын мұғалімдер 5-сыныпта қабылдап алған оқушыларға 11-сыныпқа дейін сабақ бергісі келетін еді. Ал қазір керісінше. Мұғалімдер сынып алуға асықпайды. Алайда оқушылар үшін сынып жетекші – екінші анасы. Уақыттың басым бөлігін оқушылар мектепте сынып жетекшімен бірге өткізеді. Сондықтан сынып жетекшінің жиі өзгеруі де баланың тәрбиесіне әсер етпей қоймайды, – деді Қ.Сенғазыев.

Сөз соңында басқарма басшысы гаджеттерге тәуелділік баламен қоса ересектердің де проблемасы екенін жеткізді.

«Қазіргі таңда басты мәселелердің бірі гаджеттерге тәуелділік екені рас. Бұған балалар ғана емес, ересектер де тәуелді екені баршамызға мәлім. Кей ата-­аналар баласының телефонда аз отырғанын қалайды. Бірақ біз бұған тыйым сала алмаймыз» деді қалалық басқарма басшысы.

Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Әсима Бимендинаның айтуынша, ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыру мақсатында өткізілген жиынның қатысушылар үшін берері мол.

«Әр мемлекеттің болашағы, қуанышы, бақыты – балалар мен жас ұрпақ. Сондықтан балалардың жағдайы, ата-аналардың тәрбие беруде кезігетін өзекті мәселелері қоғам үшін ең бірінші орында тұру керек. Өз тәжірибеммен бөліссем, балалардың құқығын қорғау мәселесімен ата-аналар көптеп келеді. Сондықтан алдағы уақытта ұстаздар, психологтар, қоғам белсенділерімен бірге түйткілді мәселелердің шешілуіне бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолға салу – басты міндетіміз. Екінші айтар мәселе, мектептердегі тәрбие жұмысы тек мұғалімдерге ғана емес, ата-аналарға да тікелей қатысты. Баланы тәрбиелейтін ата-ана, мектеп, қоғам үштігі бірге ұйысса, тәрбиенің жүйелі болары сөзсіз. Бала – әр ата-­ананың бақыты, мемлекеттің байлығы. Балалар саны жыл санап артса, ел үшін қуаныш. Балалы отбасы – мемлекет тірегі екенін ұмытпаған дұрыс» деді ол.

Елорданың Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл қоғамда жетім балалар, шаңырағы шайқалған отбасылар санын азайту – басты мақсаттардың бірі екенін атады. Сондай-ақ спикердің сөзінше, ата-аналар арасында бала тәрбиесіндегі, отбасылық қатынастардағы мәселелерді анықтау мақсатында 2022 жылдың желтоқсан айында арнайы сауалнама жүргізілді. Оған елордадағы 40 мектеп оқушыларының ата-­аналары қатысып, нәтижесінде 30 364 адамның жауабы алынды.

«Сауалнамада екі ғана сұрақ қойылды. Алғашқы сұрақ баланы тәрбиелеудегі қиындықтар туралы болса, екіншісі, бұл қиындықтарды шешу жолдарына бағытталды. Жауаптардың барлығын қарас­тырып, осы тұста білікті мамандармен талқылау жүргізілді» деді Ә.Бимендина.

Жиын барысында «Қоғамның жаңаруы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Владимир Евдокимов сауалнама нәтижесімен бөлісіп, ата-аналарды алаңдататын мәселеге тоқталды.

– Сауалнама нәтижесі бойынша біз ата-аналарды алаңдататын біраз мәселені білдік. Мәселен, ата-аналардың басым бөлігі баласының жауапкершілігінің төмендігіне алаңдайтынын айтыпты. Бастысы, осы мәселені олар түрлі әдіс арқылы шешкісі келеді. Біз өз тарапымыздан оларға аталған мәселенің шешу жолын ұсынамыз, – деді ­Владимир Евдокимов.

Отбасының жағдайы оңалмай, мемлекеттің әлеуметтік жағдайы да оңалмайды. Ал отбасы мәселесі әлеуметтік мәселе, тәрбие мәселесі, қауіпсіздік мәселесі секілді біршама тақырыптарға саяды деген қатысушылар қоғам арасында сақталып отырған түйткілді түйіндерге тоқталды. Сонымен қатар жиын барысында ата-ана мен бала қарым-қатынасы арасындағы мәселеге қатыс­ты Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Саркенова, «Qoldau» білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Фарида Сағындық, Астана қаласы Полиция департаменті Ювеналды полиция бөлімінің басшысы ­Нэлля Дощанова, елордадағы №91 мектеп-гимназияның ­директоры Алмагүл Сегізбай және өзгелері өз ой-пікірлерін ортаға салып, оны шешудің үйлесімді жолдарын да атады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button