Мәдениет

Берлинде топ жарды

72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде қазақстандық қос кинотуынды топ жарды. Кинорежиссер Фархат Шәріповтің «Схема» фильмі балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер секциясында бас жүлдені иеленсе, Асқар Ұзабаев пен продюсер Баян Мақсатқызының «Бақыт» фильмі «Панорама» секциясының «Көрермендер көзайымы» аталымында үздік атанды.

[smartslider3 slider=2224]

«Схема» фильмі Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Алматы қаласында түсірілді. Туындыда балалар мен жасөспірімдер өздерінің сырларымен бөліседі. Бұл – бас кейіпкерлерді сомдаған жас актерлер Виктория Романова мен Тайыр Свинцовтің кино өнеріндегі дебюті болды. Фильмнің продюсері – Дина Жұмабек, қоюшы операторы – Александр Плотников, қоюшы суретшісі Алексей Шиндин.

Ал «Бақыт» фильмі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін қозғайды. Қазақстанның бір қаласында өмір сүріп жатқан отбасы проблемасын қозғайды. Оқиға үш кейіпкер ерлі-зайыптылар мен олардың бойжеткен қызы арасында өрбиді. Фильм шынайы оқиғаларға негізделген. Сценарий авторлары – Әсем Жәпішева мен Асқар ­Ұзабаев. Бас кейіпкерді актриса Лаура ­Мырзахметова ойнады.

Берлиналедегі «Панорама» секциясы негізгі конкурстан кейінгі ең беделдісі болып саналады. Бұл секцияда байқаудың қазылар алқасы киноиндустрия мамандарынан емес, көрермендерден тұрады. Олар фильмдерге тікелей дауыс береді. Биыл секцияға 33 елден 29 картина қатысқан.

                   Әсия НҰРБЕКҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button