Жаңалықтар

БЕРЛИНДІ АЛУҒА ҚАТЫСҚАН

Жанқазақ

Миллиондардың өмірін жалмаған сұрапыл соғысқа қатысып, қасық қандары қалғанша жаумен айқасып, туған жерін, отанын қорғап қалған, қазір қатарлары сиреген ақсақалдардың алдында кейінгі ұрпақтары, біздер қарыздармыз. Осы күндері сол қанды қасаптың басынан аяғына дейін қатысқан, құрметті соғыс ардагері болған марқұм әкемізді есімізге аламыз. 

Асқар таудай әкеміз – Абылай Жанқазақұлы 1924 жылдың қазан айында Семей облысы, Жарма ауданына қарасты Қандығатай тауы ішіндегі Қаратұмсық деген суы мол, шөбі шүйгін, құнарлы, құтты қоныста дүниеге келген. Анасы – Нұрбүбі әжеміз жалғыз ұлы Абылайды арқасына байлап алып, колхозда белі қайыса жұмыс істеген. Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдарының ауыртпалықтарын басынан өткеріп, әкемізді асырап азамат қып өсірген.
Әкеміз Абылай қылшылдаған жас жігіт кезінде, 1942 жылдың жазында майданға аттанды. Ауылда тілеушісі болып анасы қалды.
1942 жылдың қыркүйек айында Воронеж бағытындағы 107-ші дивизияның 516-шы атқыштар полкінің сапында соғысқа кіріп, алғашқы ұрысқа қатысты. Мұз жастанып, қар жамылып жүріп, неміс фашистеріне қарсы талай жан беріп, жан алысып айқасты. 1943 жылдың қаңтарында Старый Оскол түбіндегі шайқас кезінде жараланып, госпитальға түседі. Содан төрт айдан кейін жарасы жазылып, қайта майдан шебіне оралады. 1-ші Украин майданында генерал-майор Русаковтың қолбасшылығындағы 58-ші атқыштар полкінің сапында қиян-кескі ұрыстармен Житомир, Ровно қалаларын жаудан тазартуға қатысты.
1944 жылы 1003-ші зениттік артиллериялық дивизион құрамында Польша жеріне кіріп, Краков қаласын азат етісті. 1945 жылы Кеңес әскерлері Германияның территориясына кіріп, фашистерді өз жерінде талқандаған. Осылайша сәуір айының соңында Берлин қаласына кіреді. Жауды өз ұясына қуып тығып, Жеңіс туын желбіретті.
Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерен ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алуға қатысқаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
1945-1947 жылдары Австрия мен Чехослова­киядағы советтік әскердің құра­мында қызмет етті. 1947 жыл­дың мамыр айында аман-есен туған еліне оралып, анасымен, туған-туыстарымен қауышты.
1948 жылы отау құрып, жарасымды тұрмыс құрған қадірлі қосағы Мәдіхан анамыз екеуі алты ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Әке-шешеміз балаларына қажырлы адал еңбегі, терең жауап­кершілігі, өнегелі сөздері арқылы үлгілі тәрбие берді. Соның арқасында ұл-қыздары мек­тепте үздік оқып, барлығы жоғары оқу орын­дарын бітіріп, қазір әр салада еңбек етуде. Балаларынан 18 немере, 19 шөбере сүйді.
Әкем Абылай 2006 жылдың күзінде Семей қаласында қайтыс болды. Жыл сайын Жеңіс мерекесінде балалары Семей қаласында бас қосып, әке-шешеміздің басына құран оқып, гүл шоқтарын қоямыз. Ұрпақтары ардақты әкеміздің жарқын бейнесін ұмытпай, әрдайым мақтанышпен еске алады.

Қайрат ЖАНҒАЗАҚОВ,
«Қазақстан темір жолы
«Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бас маманы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button