Мәдениет

Берлинді өнерімен бағындырды

Қазақтың өнер қонған халық екенін әлемге танытып жүрген хас таланттардың ішінде Айман Мұсақожаеваның есімі ерекше аталады. Солай болуы да – заңдылық. Өйткені Страдиваридің екі жүз жылдық скрипкасында ойнап жүрген скрипкашы, Қазақстан Рес­публикасының Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, еліміздің мақтанышы Айман Мұсақожаеваны әлемнің «мен мықтымын» деген майталман музыканттарының өзі әлдеқашан мойындаған.

[smartslider3 slider=1873]

Тоқтаусыз ізденіс үстінде, кәсібилігін шыңдап жүретін хас таланттың танымалдығы бүгінде күн санап артып келеді. Қазақстандық музыкантқа деген Еуропа жұртшылығының ыстық ықыласы – соның көрінісі. Былтыр 23 қарашада Айман Мұсахожаева өнер көрсеткен әлемнің ең әйгілі концерт залдарының бірі – Берлин қаласындағы «Berliner Philharmonie» филармониясында өткен «FESTKONZERT» концерттің аншлагпен өтуі – осыған дәлел.

Әлемдік деңгейдегі қазақстандық музыканттар өнер көрсеткен бұл концертті Қазақстанның Германиядағы елшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырған болатын. Осы концертте зал толы көрермен әсіресе, Айман Мұсахожаеваның өнеріне ерекше ілтипат көрсетіп, қошеметтерін аяған жоқ.

Жалпы 2440 орындық әлемнің беделді сахналық алаңында қазақстандық музыканттардың әлемге әйгілі концерт залдың сахнасына көтерілуі – еліміздің мәдениеті мен өнері тарихындағы елеулі оқиға. Концертте «Астана опера» театрының жетекші опера солистері Талғат Мұсабаев пен Салтанат Ахметова өнер көрсетті. Сондай – ақ белгілі қазақстандық композитор, халықаралық байқаулардың жүлдегері Рахат-Би Әбдісағинді де көрермен жылы қабылдады. Дирижер Айдар Торыбаев­тың жетекшілігімен Қазақ ұлттық өнер университетінің Қазақ симфония­лық оркестрі еуропалық және қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындады. Көрермендер әлемдік классикалық туындылармен қатар, Қазақстаннан келген домбырашылар ансамблінің орындауындағы күйлер мен дәстүрлі әндерді сүйсініп тыңдады.

 Бағдагүл РАХМЕТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button