Елорда тынысы

Бес гүлзар ашылды

Халықаралық балаларды қорғау күнінде елордада бес гүлзар ашылды. Қаланың үш ауданында тұрғындар демалатын жаңа орындар пайда болды.

[smartslider3 slider=3161]

Атап айтқанда, Омаров көшесіндегі «Музыкалық жас көрермендер театры» ғимаратынан Республика даңғылына дейін, сондай-ақ «Sine Tempore» СҮ ғимаратының алдындағы алаңда жаяу жүргіншілер аймағына қайта жөндеу жүргізілді. Тұрғындар бос уақытын өз үйлерінің жанында өткізу үшін олардың ұсынысы да ескерілді. Ал бос қалған жерлерге заманауи субұрқақ, ­ойын-сауық және балалар алаңы мен шағын сәулет нысаны салынды. Сондай-ақ қоқыс жәшіктері бар орындықтар мен заманауи дизайн шамдары орнатылып, көгалдандыру жүргізілді.

Бұдан бөлек, Байқоңыр ауданында үш жаңа сквер ашылды. Алғашқысы Абай даңғылы бойындағы №53/1 және №57/1 үйлер ауданында орналасқан. Мұнда тұрғындар үшін тыныш, балалар алаңдары және отбасылар мен жастарға жайлы уақыт өткізуге арналған аймақтар бар. Веложол аумағы гүлзармен көмкерілген. Екінші сквер Иманов көшесіндегі №32, 34 және 36 үйлер ауданында ашылды. Оның негізгі аумағында аллея орналасқан. Сондай-ақ Пушкин көшесінде тағы бір қоғамдық кеңістік таныстырылды. Мұнда фитнес залдарында болатын тренажерлердің барлық түрі бар. Айырмашылығы – құрылғылар көше спортына бейімделген. Үлкен жабық шатыр жазда да, қыста да Есіл өзенінің жағасында таза ауада жаттығуға мүмкіндік береді.

– Скверді салудағы ең басты мақсат – ағаштарды сақтау. Себебі олар мұнда бірнеше жылдан бері өсіп тұр. Олардың көпшілігі – үлкен ағаштар мен көшеттер. Біз тұрғындардың барлық тілегін ескеріп, ағаштардың 100 пайызын сақтадық. Қосымша 300-ге жуық бөртегүл бұталары отырғызылды. Олардың иісі шығып, гүлдеп тұр, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Бегімбеков.

Сонымен қатар «Интернацио­нальный» тұрғын алабында жаңа сквердің тұсауы кесілді. Мұнда ойын және «Street Workout» аймағы ашылды. Шағын сәулет пішіндерімен безендірілген аймақта орындықтар, қоқыс жәшіктері және көше шамдары жеткілікті мөлшерде орнатылған.

– Қаланың шетінде тұрсақ та, бізге орталықтағыдай жайлы жағдай жасалған. Бұған өте қуаныштымыз. Үлкендерге де, балаларға да жақсы, – деді қала тұрғыны Бақыт Сүлейменова.

Елорданың барлық қоғамдық кеңістігі ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жасалып, арнайы жабдықталған.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button