Басты ақпаратЖаңалықтар

БЕС МИЛЛИОН ҚОНАҚ КЕЛЕДІ

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне 5 миллион адам келеді деп болжануда. Оның 85 пайызы қазақстандықтар болса, 15 пайызы – шетелдік қонақтар. Бұл деректер кеше елордада ЭКСПО көрмесіне дайындық шараларын пысықтау мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстел мәжілісінде белгілі болды.

ЭКСПО

Жиын барысында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов сөз сөйлеп, халықаралық шара билеттерінің сатылу көрсеткішіне тоқталды.

– 10 маусым күні көрменің билеттерін онлайн-сатылымға шығардық. Бүгінде 5204 билет сатылды, оның 10 пайызы – шетелдіктер тарапынан. Туристік саладағы субъектілердің ЭКСПО көрмесіне деген қызығушылығы қуантады. Олар 10 шілдеден, яғни, реселлерлер мен туроператорларға арналған промо-кезеңнің ашылуынан бастап 200 мыңнан аса билетті сатып алуға ниетті, – деді төраға орынбасары.

Сонымен қоса, аталмыш компания өкілі ірі шетелдік туроператорлармен бірге маңызды жұмыстар атқарылып жатқандығын мәлімдеді. Қазіргі уақытта түрлі мемлекеттегі туроператорлармен 30 шақты келісімшартқа қол қойылған. Бұдан бөлек, ЭКСПО көрмесінің турпакеттерін насихаттауға 50-ге жуық отандық туристік агенттік те тартылыпты.

Естеріңізге салсақ, ЭКСПО билеттері сатылымға біртіндеп шығарылады. Биылғы 10 маусым мен 10 шілде аралығындағы промо-кезеңде билеттерді ең төмен бағада сатып алуға мүмкіндік бар. Мәселен, 10-20 маусым аралығында 50 пайыз, 21-30 маусым аралығында 30 пайыз, 1-10 шілде аралығында 20 пайыз жеңілдікпен билет сатып алуға болады. 10 шілдеден 10 тамызға дейін туроператорлар мен реселлерлер үшін промо-кезең өтеді. Ал 1 қыркүйекте бүкіл Қазақстан бойынша офлайн-кассалар ашылады. Жалпы, билеттер осы жыл бойы және 2017 жылдың 9 маусымына дейін сатылады.

Айтпақшы, ЭКСПО тарихында алғаш рет билеттер бағасы едәуір төмендеген. Астанадағы көрмеге кіру құны жеңілдіксіз есептегеннің өзінде 4 мың теңге мен 8 мың теңгенің аралығында болса, кезінде Миланда 39 еуродан, Шанхайда 21 еуродан басталыпты. Тіпті, дәл осы сәтте Анталияда өтіп жатқан тақырыптық көрмеге бас сұғу 21 доллар тұрады. Сондықтан, мұндай тиімді ұсынысты құр жіберуге әсте болмас. Мұнымен қатар, 6 жасқа дейінгі балалар, жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер, мүмкіндігі шектеулі жандар және Ұлы Отан соғысының майдангерлері «ЭКСПО-2017» шарасын тегін тамашалайды. Оқушылар мен студенттерге, зейнеткерлерге, көп балалы аналарға жеңілдіктер қарастырылған.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button