Бесіктен безген безбүйрек
Көнермейтін, тозбайтын зат жоқ десек те, қаладағы қоқыс жәшігінде том-том кітаптардың, қазақтың ұлттық бұйымдарының жатқанын көргенде жүрегің ауырады. «Итке темірдің керегі не» дегендей, ұлттық болмысқа, ұлттық құндылыққа, ұлттық тәлім-тәрбиеге пысқырып та қарамайтындар жөнінен алғанда қазақтың ырым-тыйымы, салт-дәстүрі де бір тиын секілді. Бас қаладағы қоқыс үйіндісінің арасында жатқан бесікті көргенде маған осындай ой келді.
«Шаңырақтың амандығы – елдің тыныштығы», «Табалдырықтан биік тау жоқ», «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» деп түгел сөзін түйіндеген қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты айрықша қастерлеген. Осы үш затты қатты тозып, тым ескіріп кетсе де қоқысқа тастамағанын ескерсек, әлі сыры да кетпеген сап-сау бесікті төсеніш-көрпесімен, бау-шуларымен қоқысқа тастау барып тұрған тексіздіктен басқа ештеңе емес.
«Нәрестенің бесігі – кең дүниенің есігі» деп білетін қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрінде бесік тек сәбидің алғашқы жатар орны ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі саналады. Былайша айтқанда, әр қазақтың жүрегінде балаға батырлық,
даналық, ұрпақ сабақтастығының қасиеті бесіктен беріледі деген сенім қалыптасқан. Сосын да далаға, қоқысқа тастамақ түгілі, бос бесіктің өзін орап, шымқап алып жүрген қазақ «бос бесікті тербетпе», «Бесіктің теріс жағына отырма», «Бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырма» деген тыйымдармен бесіктің қадір-қасиетін әрқашан жоғары ұстады. Оған құрметсіздік таныту – жамандық шақырумен тең бағаланды. Мәселен, баласынан айырылған, сәбиі шетінеген аналар сол қасіретті көтере алмай, ақыл-есінен алжасып бос бесікті тербетуі мүмкін. Бос бесікті тербетпеудің, бесікті ашық тастамау тыйымының мәні, міне, осы.
Қазақ үшін алғанда шаңырағы ортасына түскеннен, бесігі жұртта қалғаннан сұмдық көрініс жоқ. Өйткені қазақ дүниетанымында шаңырақ – отбасының, ұрпақ жалғастығының және рухани бірліктің символы. Ал бесік – ұлттың болашағының, нәрестенің аман-есен өсіп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруінің нышаны. Шаңырақтың ортасына түсуі – отбасының күйреуін, ал бесіктің жұртта қалуы – сол әулеттің тұқымның үзілгенін, тұяғының тұжырылғанын білдіреді.
Бесікті мықты, иілгіш және ұзақ уақытқа шыдайтын ағаштан жасайды әрі ағаштың энергетикасы мен киелілігі де ескеріледі. Сосында қазақ бесікті көбінде талдан, аршадан, жидеден немесе басқа да жұмсақ ағаштардан жасаған. Қайың, қарағаш сияқты қатты ағаштардан «жолы қатты болады» деп бесік жасамайды. «Бесікті алабажақ қып сырласа, бала шошып оянды» деп қарап, бесікті беталды әшекейлеп сырламаған, көбінде жоса сияқты табиғи заттармен бояған.
Сапалы ағаштан жасалған бесік бірнеше ұрпақтың пайдалануына жарайды. Сондықтан бір бесікке бір отбасының барлық баласы немесе туыстардың балалары жатқан. Мұның да өзіндік мәні бар. Халқымыз бір бесікте өскен балалардың арасында бауырмалдық пен туыстық сезім артады деп сенген. Мәселен, 1897 жылы жасалған (Мүсілім Мұхамадиұлы, 1897 ж.) бесікке 71 баланың бөленгені әне соның дәлелі (Абай Мауқараның «Киелі бесіктің таңғажайып тарихы туралы» мақаласы). Осы мақаладағы «Екі басының иілген доғасы қақтап шабылған, тастай болып кепкен қара тал екен, ақ таяқ секілді арқалық ағаш отқа қыздырған істікпен қарыла-қарыла ине шаншар жер қалмаған» деген сөйлем де қазақтың бесікке қатысты тағы бір ырымынан сыр шертіп тұр. Халқымыз пайдаланбайтын кезінде бесікті сүртіп, тазалап, матамен орап биік жерге қойып қойса, келесі баланы бесікке салар кезде оны отпен аластап, бесіктің арқалығын қарып немесе кертіп қояды. Мүмкін бұл да жын-шайтаннан, көз тиюден және жаман энергиялардан сақтанудың бір жолы болса керек.
Бесік ғасырлар бойы көшпелі қазақтың өмірінің ажырамас бөлігі болып келді. Қазақтың көшпелі тұрмысында қаупсіздік тұрғысынан да бесіктің атқарған рөлі айрықша. Бірақ бүгінгі дәуірде бесіктің осы бір қасиеттерін ескермей, керісінше «бесікке таңу баланың өсіп-жетілуіне зиянды»; «бесікте жатқан баланың миы шайқалады»… деген сияқты негізсіз пәтуаларды шығарып, баланы бесікке бөлемейтін, бөлегісі келмейтін жастар көбейді. Оны тіпті мәдениетсіздіктің белгісі ретінде қарайтындар да бар. «Бесікке салу», «тыштыма жасау» дәстүріміз ұмытылып, бесік жырын айту да азайып барады. Бұл да – ұлттық құндылықтың құлдырағаны!
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ