Басты ақпарат

Бесінші белеске қадам басты

Елорданың Байқоңыр ауданы аумағында көктемгі санитарлы тазалау жұмыстары қызу қолға алынды. Соның ішінде елорда тұрғындары көп серуендейтін қоғамдық орындар мен саябақтардағы ескерткіштердің тазалығына ерекше көңіл бөлінуде. Қазір аудан аумағында орналасқан барлық ескерткіштерді жуу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауданда ұлтымыздың көрнекті тұлғаларына арналған барлығы 10-ға жуық ескерткіш орналасқан.

[smartslider3 slider=2636]

 КӨШЕЛЕР ТАЗАЛАНЫП ҚАЛДЫ

Жалпы күн жылынып, көктемнің лебі білінген сәттен бастап Байқоңыр ауданында көпірлерді, қоғамдық кеңістіктерді, аулаларды және қалалық инфрақұрылымның өзге де нысандарын санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Коммуналдық қызметтер қоқыстан тазартып, еріген қар суын арнайы техникамен сорып алады. Сол сияқты тротуарларды, асфальтты, қоршауларды жуумен айналысуда.

Бүгінгі таңда аталған тазалық жұмыстары ауданның бірқатар көшелерінде жүргізілді. Бұл жұмысқа 150-ден астам арнайы техника мен 200-ден аса адам жұмылдырылды. Ауданды санитарлық-тазалау жұмыстары әлі де жалғасады.

Айрықша атап өтерлігі, 16 сәуір күні жалпықалалық сенбілік өтеді. Одан, әрине, Байқоңыр ауданының басшылығы мен тұрғындары да тыс қалмайды. Аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев ауданның бірқатар аумақтарын аралап, абаттандыру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтады. Осы жылы жайластырылатын қоғамдық кеңістіктердің орындары мен ондағы санитарлық-тазалық жұмыстарын тексерді. Алдағы экологиялық айлық аясында өткізілетін сенбілікке байланысты дайындық жұмыстарын қадағалады. Аудан әкімі жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді. Аралау барысында аудандағы кейбір шағын және орта бизнес орындарында болып, қасбеттер, сондай-ақ аумақтарындағы тазалық жұмыстарын ретке келтіру бойынша ескертулер жасады. Ауданды аралау кезінде тұрғындардың тарапынан сұрақтар қойылды. Сәйкесінше, аудан әкімі тиісті жауаптарды беріп, қойылған сауалдар бойынша атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

Биыл «Жастар» шағын ауданын абаттандыру жалғасады. Өткен жылы мұндағы Т.Хусейн 2/2, Ж.Ташенов 17/1, А.Бараев 10/1 мекенжайларындағы аулалар абаттандырылды. Биыл тиісті жұмыс «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізіледі.

АБАТТАНДЫРУ ЖОСПАРЫ

Байқоңыр ауданы бойынша бұл бағдарламаға қатысуға келіп түскен өтініштер мен жобаларды тиісті комиссия 14 сәуірге дейін қарайды. Содан кейін тұрғындардан келіп түскен ұсыныстарға дауыс беру кезеңі басталады. Осы айдың аяғында соның қорытындылары шығарылып, жобаларды іске асыру қолға алынады.

Осы жылы Ш.Уәлиханов көшесінен Республика даңғылына дейінгі аралықтағы А.Бараев көшесі абаттандырылады. Мұндағы басты мақсат осы көшені жасыл желекке орап, тұрғындар демалатын аймақтарды құру. Нұр-Сұлтан қаласы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен жуырда бұл жобаны Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Саматұлы, аудан әкімдігінің қызметкерлері, «Астана көгалдандыру құрылысы» ландшафт шеберханасының жетекшісі Гүлнұр Бекмұхамбетовамен бірге талқылады.

ШЕТКІ АЙМАҚТАРҒА – ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ

Аудан басшысы Ерлан Жаулыбаев аудандағы мәселелерді тұрғындармен бірге шешуге тырысып жатыр. Осы күндері оның халықпен кездесулері өтуде. Жеке қабылдаулары да ұйымдастырылған. Әсіресе, шеткі аймақтар саналатын «Өндіріс», «Кирпичный», «Казгородок» тұрғын алаптары халқының мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп жатыр.

Осы аптада «Өндіріс» тұрғын алабының тұрғындарымен кезекті кездесуінде кәріз жүйесі, санитарлық-тазалық жұмыстары, абаттандыру және қоғамдық кеңістікті жайластыру, әлеуметтік мәселелері сөз болды. Аталған мәселелер бойынша тиісті нормаларға сәйкес атқарылуы керек жұмыстарды аудан әкімдігінің жауапты мамандары тұрғындарға түсіндірді. Аудан әкімінің тапсырмасымен бірқатар мәселелер жоспарға енгізілді. Аудан тұрғындарынан келіп түскен барлық мәселелерді толыққанды қамту мақсатында тұрғындармен тұрақты кездесулер әлі де жалғасады.

Ал 13 сәуірде Ерлан Жаулыбаев «Кирпичный» тұрғын алабының тұрғындарымен кездеседі. Аудан әкімінің осы аптадағы жеке қабылдауына келген тұрғындардың жол белгілерін орнату және жолдарды тегістеу, саябақтарды салу, паркинг, жарықтандыру, абаттандыру және әлеуметтік көмек бойынша өтініштер мен ұсыныстары тыңдалды. Әкімдік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты арттыру мақсатында аудан әкімі азаматтарды апта сайын қабылдайды. Қабылдауға +7 (7172) 55-75-19 байланыс нөмірі арқылы жазылуға болады.

МЕКТЕП САЛЫНЫП, ЕМХАНА ЖӨНДЕЛДІ

Аудан тұрғындары мектеп, балабақша, спорт нысандарын салу, сумен жабдықтау және т. б. мәселелер бойынша өтініш айтқан. Өткен жылдың қыр­күйегінде «Өндіріс» елді мекенінде бес қабатты мектеп ашылды. Бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі №23 орта мектеп аумағына салынды.

Ескі мектепте асхана, акт залы, мұғалімдер бөлмесі, әдістемелік кабинет болмаған еді. Аталған проблемалардың бәрі, сол сияқты тығыздалған режим мәселесі де шешілді. Биыл «Кирпичный» елді мекенінде тағы бір мектеп салынбақ. Сондай-ақ жеке инвестор есебінен балабақша құрылысы да басталмақ.

Аудан аумағын сумен жабдықтау, газдандыру, аулаларды абаттандыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, былтыр сорғы-сүзгі стансасының (ССС) құрылысы басталса, 3-ССС жұмысының бірінші кезеңі биыл күзде қолға алынады. Осы жұмыстар 2023 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сорғы-сүзу стансасы қаланың алдағы уақытта құрылыс жұмысы жүретін аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ сумен жабдықтаудың қазіргі қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа жобаның қуаттылығы – тәулігіне 105 мың текше метр. Бұл – қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды стратегиялық нысан.

Газдандыру мәселесі де жүргізіліп жатыр. Байқоңыр ауданын газдандыру жұмысы 2022 және 2023 жылдарға бөлінген. Биыл «Өндіріс» елді мекені, ал 2023 жылы «Кирпичный», «Қазқалашық» елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы басталады.

Соңғы екі жыл ішінде аудан аумағындағы елді мекендерде 160-тан астам көшеге асфальт төселіп, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды. Қазір жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа автобус маршруттары іске қосылды. «Үйдегі дәрігер» және т. б. бірқатар нысан пайдалануға берілді.

Байқоңыр ауданындағы үлкен жаңалықтың бірі – «Өндіріс» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Онда қала тұрғындары спортпен тегін айналысып, түрлі үйірмелерге қатыса алады.

Осындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі үйірмелер ашып, өткен айда бұған қабылдауды бастады. Бұл – самбо (ұлдар, қыздар) 10-13 жас; киокушинкай кан каратэ (ұлдар, қыздар) 12-13 жас; грэпплинг (ұлдар, қыздар) 14-15 жас; кикбоксинг (ұлдар, қыздар) 10-13 жас; таэквондо (ұлдар, қыздар) 8-9 жас; қазақ күресі (ұлдар, қыздар) 10-12 жас; джиу-джитсу (ұлдар, қыздар) 12-17 жас.

Ал «Кирпичный» дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Медициналық мекеме «Достық» алғашқы медициналық-­санитарлық көмек көрсету орталығының филиалы ретінде ашылды. Емдеу орталығы Чехоев көшесі, 14а мекенжайында орналасқан.

Жаңартылған амбулаторияда ересектер мен балаларға алғашқы медициналық-санитарлық көмек, УДЗ-диагностика, күндізгі стационар, фильтр-кабинет, ем-шара кабинеті және вакцинация кабинеті сияқты медициналық қызметтер көрсетілетін болады.

Түйіндей айтқанда, ауданда әр салада әртүрлі жұмыс жүріп жатыр. Бір атап өтерлігі, Байқоңыр – қаланың ең жас ауданы. Оның ашылғанына жақында төрт жыл ғана болды. Бесінші белесіне аудан зор жетістіктермен жететініне сенімдіміз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button