Басты ақпаратҚала мен Сала

«Бесқонақтың» бораны

немес отыз жылда қайталанған омбы қар

Сәуір айы ортасынан ауып, жаздың жайдары күндеріне иек артамыз дегенде, елорда омбы қардың ортасында қалды. Табиғаттың тосын мінезін қазақы ­таным-түсініктегі «бесқонаққа» баласақ та, төтенше жағдай қала коммуналдық қызметіне ­үлкен міндет жүктеді. 16 сәуірден 17 сәуірге қараған түнде қаладан 23 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыстарға мыңдаған техника мен 2,2 мыңнан астам қар тазалаушы жұмылдырылды.

«Бесқонақ» демекші, оны қазақ «От амалы» деп те атаған. Оның шығу тарихы туралы да аңыз бар. Баяғыда бес адам жаз шықты деп жеңіл киініп, келесі ауылға қонаққа аттанған. Жолда аяқ астынан қарлы боран соғып, күн суытып кетеді. Сол жолда келе жатқан бес қонақтың бесеуі де адасып мерт болады. Осы оқиғадан кейін бұл күндерді «бесқонақ» деп атап кеткен екен-мыс. Ал кей дерек көздерінде бұл сөз «бес қонақтық жер» деген мағынаны білдіреді. Атпен жүргенде, бес тәулікте бүлкіл аяңмен жетесің, яғни бес тәулікке созылатын күн райы. Қазір жауып жатқан қар мен жаңбыр осы «бесқонақтың» келгенін білдіреді. Басталу уақыты әр өңірде әртүрлі. Бір аймақта бұл құбылыс 17-23 сәуірде болса, басқа бір өңірде сәуірдің 8-і кіріп, 18-і шығады деп болжаған. Ал батыс аймақта 13-18 сәуір аралығында болады. «Бесқонақ» келгенде күн суытып, қыс қайта басталғандай дала борап, жаңбырлатып, тіпті қар да жауады. Бұл күндері қазақ сапарға шықпаған, малды да алыс жерге жаймаған. Себебі осы аралықта ауа райын болжау қиын.

Осы құбылысты «Қазгидромет» синоптиктері де болжап, 15 сәуірде елордада көшпелі бұлт шығып, кейде қар, аздап боран, көктайғақ болатынын күні бұрын хабарлаған. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа ауысып, екпіні секундына 23 метрге дейін жетті. Түнде және күндіз ауа температурасы -5-7 градусқа дейін күрт төмендеді. Сол күні, яғни сенбіде қар қатты жауа бастағанда, таңертең елорданың көшелері мен жолдарын қардан тазартуға 2000-нан астам жол жұмысшы мен 1000-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Төпеп-төпеп жауған қарды тоқтамас па деп едік, дүйсенбі күн шайдай ашылып, ауа райы қалпына келді. Алайда осы 2-3 күнде елордада 1,5 айда түсетін қар жауғаны белгілі болды. Әдетте, бір айда жауатын қардың биіктігі 22 см-ге жетсе, үш күндегі қардың биіктігі 38-40 см-ге бір-ақ жеткен. Сондықтан қар түскеннен бастап төтенше жағдай режимінде, яғни күшейтілген тәртіпте қар тазалауға шыққан «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлері үш ауысымда жұмыс істеуге көшті.

– Қаланың байырғы тұрғындарының айтуынша, елордада сәуірдің ортасында мұндай қалың қар түскен жағдай соңғы рет 1996 жылы болған екен. Содан 27 жыл өткенде көктемдегі омбы қар жаууы бірінші рет қайталанып отыр. Қазіргі таңда біздің мекемеден қар тазалау және шығару жұмысына күн сайын 1000-нан астам техника мен 2200 жол жұмыскері жұмылдырылуда. Бүкіл коммуналдық мекемелер кезекшілікке шықты. Олар төтенше жағдай режимінде жұмыс істеуде. 16 сәуірден 17 сәуірге қараған түнде қаладан 1700 техника, яғни 23 мың куб метр қар шығарылды. Қыс мезгілінің басынан бері коммуналдық қызметтер қаладан 315 мыңға жуық жүк көлігін шығарды, бұл шамамен 4 млн текше метр, – дейді «Астана Тазалық» ЖШС директорының орынбасары Ерлан Рысбеков.

Келесі апта қайтадан күн жылып, ауа температурасы +15 градусқа дейін жетеді деп болжануда. Бұл мынадай қалың қардың соңын қарғын суға ұлас­тырары сөзсіз. Сондықтан «Астана Тазалық» мекемесінің қызметкерлері күрделі жағдайды тездетіп шешуі тиіс.

– Бір жарым айлық нормадағы қарды 2-3 күнде тазалап тастау мүмкін емес. Сол үшін қолдан келгенше күні-түні 2-3 ауысыммен жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші кезекте негізгі жолдарды, сосын адам көп жүретін орындар – мектептер мен ауруханалар, аялдамалар, тротуарларды тазартуға күш салынуда. Ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін ең алдымен қарқыны жоғары көшелер, сондай-ақ орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. қардан тазартылады. Осы есеппен негізгі магистральды 3 күнде, қалған қала бойынша қарды бір аптада тазалап боламыз деп жоспарлап отырмыз. Келесі апта күн жылығанға дейін бір жұманың ішінде көбін шығарып тастауға тырысамыз, – дейді «Астана Тазалық» Есіл ауданы бойынша атқарушы директоры Дархан Мұсабеков.

Қардың қалың түсуіне байланысты шаһардағы коммуналдық сала қызметкерлері мен арнайы техникалар күшейтілген режимде қар тазалау жұмысына жұмылдырылды. Мәселен, Байқоңыр ауданында 16 сәуірден 17 сәуірге қараған түні 3500-ге жуық текше метр қар аумақтан шығарылды. Сол күні таңнан бастап қар тазалау жұмысына 150-ден астам арнайы техника мен 50-ге тарта жол жұмысшысы шықты. Есіл ауданы бойынша қар тазалау жұмысына барлық коммуналдық шаруашылығы мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, 283 арнайы техника, 700-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылған. Алматы ауданында 112 арнайы техника мен 595 жол жұмысшысы жолдар мен тротуарларды тиісті және ең бастысы қауіпсіз күйге келтіруге тырысып, еңбек етуде.

Қаланың коммуналдық қызметтері кешкі және түнгі уақытта күшейтілген тәртіпте қар тазалау жұмысын жүргізіп жатыр. Олармен бірге қаланың тәртіп сақшылары да ауа райының қолайсыздығына байланысты жаяу жүргіншілерді көшеде сақ жүруге шақырып отыр. Сондай-ақ полиция тұрғындарға Астана аумағынан тыс жерге шықпауға кеңес береді. Себебі өткен жексенбі күні астана көшелерінде 144 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің көктайғақ жағдайын ескермей, қозғалыс жылдамдығын, аралық интервал мен қашықтықты сақтамауынан туындаған. Сондықтан көлік жүргізушілерінен сақ жүріп, қоғамдық көлік пен қар тазалайтын техниканың қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жол жиегіне көлік қаңтармауы сұралды. Сондай-ақ полиция өкілдері қар басып қалған жолдағы сызықтарды көрмей ереже бұзған жағдайда, жүргізушілерге айыппұл салынбайтынын айтты.

Мамандардың айтуынша, қар тазалау жұмысын тез атқаруға көбіне кептеліс уақыты кедергі келтіреді. Әсіресе Есіл ауданындағы көліктер көп жүретін көше қиылыстарындағы қар тазалау жұмысын сондай сәтте тоқтатуға тура келеді. Сондай-ақ тар көшелердегі қарды шығару да қиындық тудырады екен. Сол себепті қарды тез тазалап, көктайғақтың алдын алу үшін олар көшелерге тұз қосылған құм шашуда. Көлік көп тұратын автотұрақтарды олар екінші ауысымда, яғни түнде ешкімге кедергі келтірмей тазалайды. Қарды ерімей тұрып, қала сыртына жылдам шығару үшін қазір қала әкімдігінің қолдауымен аталған серіктестіктен тыс жан-жақтан қар ататын, қар үйіндісін шығаратын КамАЗ-дарды тарту мәселесі де қарастырылуда.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button