Елордада – есімі

Би өнерінің падишасы

Би өнерінің іргетасын қалап, киелі дүниенің сырын ашқан белгілі биші, педагог, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың туғанына биыл 110 жыл болса, өмірден өткеніне 30 жылдан асып барады. Шын шебердің есімі әлі де халық жадында.

[smartslider3 slider=3556]

«Би өнерінің падишасы» атанған Шара Жиенқұлованың атында елордада көше бар. Оның бұрынғы атауы – Д.Фурманов көшесі. Бас қаладағы бұл көше И.Панфилов пен М.Лермонтов көшелерінің қиылысқан жерінен басталып, Б.Бейсекбаев көшесінде аяқталады.

Қазақ халық биінің зерттеушісі, жинаушысы, дарынды мұрагері әрі ұлы жаңғыртушысы Шара Баймолдақызының азан шақырып қойған есімі – Гүлшара. 1912 жылы 18 тамызда Алматы қаласында отбасындағы он төртінші перзент болып дүниеге келген қыз бала орыс мектебінде білім алып, сонда жүріп би өнерімен танысады. Алғаш рет сахнаға жайлауда он үш жасында шыққан ол қазақ-қырғыз тойында жиналғандарды өнерімен тәнті еткен еді.

Әуен мен ырғаққа үйлесе қозғалу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал кішкентайынан домбыра мен сырнай тартылса, соған ілесіп мың бұрала билей жөнелетін Шараның келешегінен зор үміт күткен көпшілік «Баймолданың қызы биші болайын деп тұр» деп таңдай қағысады екен. Талантты жастың кәсіби бишілік жолы 1928 жылы актер, режиссер Құрманбек Жандарбековке тұрмысқа шыққаннан кейін басталады. Сол тұста театр тарландары Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов және арқалы ақын Иса Байзақовпен қоян-қолтық араласа бастайды. Сөйте жүріп, М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліштің, «Шұға» спектаклінде Шұғаның, кейін М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөзінде» басты рөлді сомдайды.

«Айман-Шолпан» спектаклінде «Келіншек» деген қазақтың ұлттық биін тұңғыш рет сахнаға алып шыққаны әрі бұл биді өзі ойлап тауып, оны өзі орындағаны дүйім жұртқа жақсы мәлім. Бұл қазақ хореографиясының бастамасы болатын.

Сонау бір жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі «Қыз Жібек» операсымен ашылып, ол жерде Шара Жиенқұлова жеке дара биледі. Үлкен театрдағы қорытынды концертте атақты Тәттімбеттің күйлерін жеке хореографиялық интерпретациялаумен өнер көрсетті. Осылайша мәскеулік көрерменнің де сүйікті әртісіне айналған биші туралы орталық газеттер жарыса мақала жазды.

Кейін Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында ұлттық биді билейді. 1938 жылы Ш.Жиенқұлова қазақтың тұңғыш ұлттық балеті «Қалқаман-Мамырда» Мамырдың партиясын орындайды. Сол жылы Ленинградта қазақтың тұңғыш ұлттық көркем фильмі – «Амангелді» түсіріліп, Шараны Амангелдінің әйелі – Балымның рөліне шақырады. Бұл ұсынысты құрметпен қабылдаған актриса осы жерде Қазақ КСР халық әртісі құрметті атағын алады. Бишінің өнеріне тамсанған суретші Гүлфайрус Исмаилова 29 жасында «Қазақ вальсі» картинасын салса, «Қыз Жібек» балеті үшін оған Мемлекеттік сыйлық беріледі. Сәкен Сейфуллин бишінің сахнадағы шеберлігіне, оның жалт-жұлт еткен отты жанарының көрермен көңіліне сәуле түсіретін әсеріне таңғалып, актрисаның сұлулығына мейірлене «Сыр сандық» өлеңін шығарған деседі.

Қазақ филармониясында жұмыс істеп, көп ұзамай Қазақ КСР ән-би ансамбліне жетекшілік етеді. Алматы хореография училищесінің директоры болған жылдары ұлттық би өнерін дамыту үшін ел аралап, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, халық биін зерттеп, нәтижесінде «Тәттімбет», «Айжан қыз», «Қара жорға», «Қырық қыз» билері дүниеге келеді.

Училище түлектерінен құрылған «Алматының жас балеті» көп ұзамай «Мемлекеттік классикалық би ансамблі» деген атаққа ие болды. Рамазан Бапов, Болат Аюханов, Раушан Байсейітова, Гүлжан Талпақова, Ботагөз Байжұманова, Ғалия Тоқтарбаева сынды бір топ дарын иелері – Шара апаларының соңынан ерген ізбасарлары, би өнерін шыңға шығарған шеберлер. Кезінде ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын сезіледі. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас қолтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл – дарын иесінің туған халқына қызмет етуінің тамаша үлгісі» деп жазса, өзінен дәріс алған шәкірті Сара Мамытова ұстазын былай деп еске алады: «Шара – табиғи дарын. Ол ән айта жүріп би билейтін. Әр биге арнайы костюмі болушы еді, қырғыздың «Перизат-ой» әнін айтса кәдімгі қырғыз қызы айтқандай, «Бүркітші» биін билесе, қолына бүркіт ұстап, тымақ, шапанын киіп ерлерше билейтін. Оған Құдайдың берген қасиеті осындай еді».

Шара Жиенқұлованың тәлімгері, театрдың тәжірибелі балетмейстері Александр Александров әрдайым биде ұлттық мінез болуы қажет екенін айтып отыратын. Екеуі бірлесіп «Тәттімбет» биін дүниеге әкеледі.

Шара Баймолдақызы – Польша, Чехословакия, Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай, Франция, Италия, Моңғолия, Үндістан, Иран, Сирия, Ливан сияқты алыс елдерде қазақтың ұлттық би өнерін насихаттай жүріп, сол елдің ұлттық би үлгілерін жерлестеріне жеткізе білген хас шебер. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға жіберілген өнер қайраткері Галина Улановадан бірнеше би үйреніп, өз репертуарына қосты. Сондай-ақ Тамара ханум, Махмуд Эсенбаевпен бірге шығармашылық байланыста болып, би сырына қанықты.

Белгілі биші 1945-1961 жылға дейін Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында, 1961-1965 жылдары «Қазақконцерт» бірлестігінде концерттік бригадамен өнер көрсетті. Жасы елуге келген шағында сахна өнерін қойып, ұстаздық қызметке ауысады. 1965-1975 жылдары Алматы хореография училищесінде басшылық қызмет атқара жүріп, шәкірт тәрбиесіне ерекше назар аударса, 1968 жылы «Қыз Жібек» спектаклінің балеттік қойылымын жасап, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, хореография өнеріндегі сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.

«Қазақ билері» және «Би құпиясы» кітаптарының авторы 1991 жылы 21 мамырда Алматыда 78 жасында өмірден өтті.

Елордадағы Шара Жиенқұлова көшесі Күлтегін, Абыралы, Л.Толстой қысқа көшелерімен қиылысады және Ә.Сембинов көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 1727,7 м. Алдағы уақытта осы көшенің бойына бишінің еңселі ескерткіші орнатылса нұр үстіне нұр болар еді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button