Өнер

Би өнерінің қадірін кетірмейік

Бұл, би дегенге әркімнің-ақ бар таласы. Абай заманында өлеңге таласып өткен қазақ бүгінде бидің неше түрлісін шығарып, би билеп жарысқа түсіп жатыр. Әрбір той-томалақтың биші әпендісі пайда болды. Олардың видеосымен әлеуметтік желіні толтырып болдық.

[smartslider3 slider=3934]

 Өрескел қимылымен елдің жағасын ұстатқан  жұрттың талқысына түсіп таланып жатқан жайы тағы бар. Бірінен бірі асқан, аяқ-қолын ербеңдеткен сорақы қимылдарға көзіміз үйренер емес. Жақында ғана жаңадан ашылған мешіттің алдында билеген бойжеткеннің қылығына қарап, орнын, жөнін, ретін білмегенге бұл би дертке айналды ма деп қалдық.

Осы жұрт биді өнердің бір түрі болса да, оны жұрттың бәрі білуге тиіс деп қабылдайды. Бізде солай ойлаймыз. Қолдан келсін келмесін, тұяғымыз тысырлап ­ойын-тойларда билейтініміз бар. Дұрыс билеп жатырмыз ба, әлде басқа ма есеп бере бермейміз.

Біздің бұл бисымағымызды «Social Dancing» – «бұқаралық би» дейді екен. Сахналық, спорттық тағы басқа кәсіби бишілердің орындауындағы хореграфиядан айырмашылығы, бұқаралық би күнделікті адамдар арасындағы тікелей қарым-қатынасқа ықпал етіп, көңіл-күйін көтеріп өздерінің рухани және эстетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға ғана жарайды. Ғалымдардың айтуынша, бала бес айдан бастап, музыка ырғағына елітіп, аяқ-қолын қимылдатып ырғатыла алады. Осы тұрғыдан алғанда би – жаратылысымыздың табиғи көрінісі сияқты. Тілі шықпаған балаға әсері болса, адамзаттың қорқынышы мен қайғысын, қуанышын білдіретін тылсым белгідей қабылдауға болатын шығар.

Және бүгінгі күнде адам­дармен қарым-қатынас орнатуға, стрессті жеңілдетуге, есте сақтауды, кеңістіктік ойлауды дамытуға және т.б. көмектеседі дейді. Сондықтан, егер адам өзіне сенсе, билейтін ортасын білсе пайдасы зор. Әдетте адамның  «өзі үшін» билеуі – дәрігерлер, психологтардың құптайтын, тіпті дертке дауа болатын, тамаша әдет екенін дәлелдепті.

Қазақтың өз биі бар дегенде «Қара жорға» еске түседі. Бірақ мәдениетімізге кейіннен кірген тамаша би барша жұрттың қолайы­на келмеді. «Қамажай» да қызып алған тойшыл қауымның қолы емес. Қолдан келгені – өзбек биінің элементтеріне құрылған дене қимылы. Үйлессе би, үйлеспесе де қорықпаңыз. Интернеттің жұлдызына айналуға мүмкіндігіңіз бар. Және тойларда қойылатын музыка да осы мәнерді дәріптейтін, осы қимылға арналып келеді.

Қазақ – тойы тарқамаған халық. Алыс-жақын туыстар сағынысып кездескенде, ортаға шығып, тойдың сәніне салып билеу керек. Онсыз той болмас. Тойдың тамаша өтуі қонақтардың көңілі шат болып, ортаны толтырып, бір билегенімен де есептеледі. Жаманы ішіне жүз грамм жұтып алғандар да осындай жерлерде ашылып, бар өнерін көрсетеді.

Жоғарыда айтқан жөн-­жосықсыз әрекетке жол бермеу үшін, ебедейсіз ерсі қимылмен күлкіге қалмас үшін бұқараға би билеу мәдениетін қарастырған жөн шығар.

Би керек болса, интернетті ашып қараңыз. Үйренуге болады. Бірақ той-томалақтың аса маңызды бір атрибутына келгенде біздің түсінігіміз таяз, билеу мәдениетіміздің жоқтығын алға тартуға болады. Баршаға ортақ мәдениет қалыптаспаған соң, асаба және басқа да кештің сәнін келтіретін музыканттар мен ұйымдас­тырушылар қолға алмаған соң, қарадүрсін дүниеге мәз болып жүрміз.

Қазір бар-жоғын білмеймін, бұрындары ән-би сабағы болатын. Одан қалды балабақшада мереке сайын би билетіп жататын. Сол үрдісті қайта жаңғыртып, жолға қоймасқа?! Бұл баланың қалыптасуына, алдағы адамның өміріне де қажетті нәрсе болса, неге оны мағыналы етпекке?!

Оқушылар жарты сағат би билегенде не тұр дейсіз. Хореография бекзат өнер ретінде баланың денесін ғана шынықтырып қоймай, адамгершілік қасиеттерін дамытады, мәдениеттілікке үйретеді, ой-өрісін кеңейтеді. Енді қалыптасып келе жатқан баланың эмоционалдық әсерін айтқанда, оның өзіне өзі сенімді болып ортаның гүлі болуы үшін де пайдасы зор. Сондықтан баланы тұлға ретінде тұтас қалыптастырудың таптырмас құралы ретінде де биді есептен шығармауымыз керек.

 Назгүл ДҮЙСЕН, өнер мектебінің оқытушысы: 

Би өнері – жинақ­ы­лықтың, нәзіктіктің, сұлулықтың, талғамның көрінісі және адамның эстетикалық болмысын көрсететін өнердің бір түрі. Көрерменге айтатын ойыңды би тілімен жеткізу асқан шеберлікті қажет ететін сияқты. Және де би тілімен айтылған ойды да түсіне білу асқан талғампаздықты көрсетеді. Сонымен қоса нағыз бишінің бойында мол энергия, күш-жігер, қуат болу керек деп ойлаймын. Баланы кішкентайынан биге беру өте пайдалы болар еді.  Себебі би арқылы баланың сүйегі берік болады, артық салмақтың болмауын қамтамасыз етеді, ритммен қозғалу арқылы музыканы тыңдай білуге үйретеді, пластикасы, дене бітімі сымбатты болады, міне, осындай пайдаларын айта беруге болады. Бимен тек қана бала кезінде айналысу керек деген пікірден де аулақпын.  Би кез келген жастағы адамның айналысуына болатын өнердің түрі деп есептеймін. Бидің түрлері көп емес пе?! Әр адам өзіне ұнайтын, өзіне ыңғайлы би түрімен бос уақытында айналысып, денсаулығын жақсартуға тағы да басқа жақсы нәтижелерге жетуіне болады (жас көріну, суретке әдемі болып түсу т.б).

Халқымыз тойшыл халық қой. Мысалы, тойларға барғанда, белгілі бір іс-шараларға барғанда музыка ырғағын түсініп, сол ырғаққа сай әдемі билеп тұрсаңыз, жан-жағыңызға өте әдемі көрінбейсіз бе?!  Не ырғақты түсінбей, не билеген биіңіз жағымсыз көрінсе, өзіңізді ыңғайсыз сезінбейсіз бе?!  Сол себепті кез келген ортада эстетикалық тұрғыда әдемі болып көрінгіңіз келсе, би үйреніңіз.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Пікір үстеу

Back to top button