#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ: Миссиям – азаматтардың үнін билікке жеткізу

Қаңтардағы Сенат сайлауында Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, белгілі журналист, білікті медиаменеджер, «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай Астана қаласынан Сенатқа депутат болып сайланғаны мәлім. 30 жылға жуық журналистік қызметінде елдің, елорданың жағдайын бір адамдай білетін қазақтың мемлекетшіл қайраткер қызының барлық дауыстың 62,1 пайызына ие болуы – заңдылық. Осылайша, жаңа Қазақстанның саяси сахнасына ұлттық медианың өз өкілі, кәсіби қоғамдық ұйымның жетекшісі, азат ойлы, мемлекетшіл қайраткер шықты! Бұл – қазақ медиасы үшін үлкен құрмет, керемет мүмкіндік, дамудың бір белесі деп қабылдадық.

Медиа саласындағы қоғамдық бірлестік жетекшілері арасынан алғаш рет Парламенттің жоғарғы палатасына депутат болған әріптесімізді жаңа қызметімен құттықтап, аз-кем сұхбаттасқан едік. Ашық сұхбатымызда Мемлекет басшысының реформалары, елорданың бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері, «Масс-медиа туралы» заң жобасындағы түйткілдер, «Бас редакторлар клубы» тәуелсіз қоғамдық ұйымының мақсат-мұраттары кеңінен қамтылды.

Өңірлердің мүддесін қорғайтын органға айналады

– Бибігүл Нұрғалиқызы, өткен жазда Президенттің ұйғарымымен Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары болып тағайындалдыңыз. Ал биыл 14 қаңтарда сайлаушылардың аманаты мен сенімін арқалап, Астана қаласынан сенатор болып сайландыңыз. Жаңа қызметіңізге табыс, сәттілік тілейміз! Бұл мәртебелі қызметіңіз Сізге қандай жауапкершілік жүктеді?

– Шынын айтсам, еліміздегі медиа саласындағы қоғамдық бірлестіктер тарапынан жоғары сайланбалы лауазымға қол жеткізуім, біріншіден, әріптес­терімнің қолдауы, екіншіден, БАҚ-тарға деген қоғамның қолдауы деп білемін. Жасыратыны жоқ, бұрын сайлауға көбіне-көп жергілікті билік өкілдері, мәслихат депутаттары, әкімдіктегілер түсіп жататын. Ал бүгінгі қоғамдық бірлестік өкілдеріне деген қолдау – бұл еліміздегі азаматтық қоғамның бір көрсеткіші деп санаймын. Азаматтық қоғамның белсендісі ретінде заң шығару органына барғанда менің алдымда үлкен бір миссия тұр. Ол – қоғамымызды, елімізді дамыту бағытындағы жекелеген азаматтардың, қоғам белсенділерінің үнінің жоғары билікке естілуіне барынша мүмкіндік жасау. Өйткені қоғамдық бірлестіктердің өкілдері ешбір жерден жалақы алмаса да, мемлекеттік ұйымдарда тіркелмесе де ең өткір, түйткілді мәселелерді көтеріп, биліктің алдына қойып, оң шешімін шығаруға атсалысып жүр. Олар көтерген мәселе неғұрлым көп шешілсе, елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуіне жол ашылады.

2022 жылғы референдумның нәтижесі, еліміздегі саяси үлкен өзгерістердің бастамасы осы Сенат сайлауынан-ақ көрінді деп ойлаймын. Барлық өңірлерден 2 депутаттан сайланды. Маған берілген депутат мандаты – үлкен жауап­кершілік! Өз дауыстары мен сенімін білдірген Астана қаласы мәслихатының VII сайланым депутаттарына алғысымды білдіремін. Халықтың үміті мен сенімін ақтап, еліміздің өркендеуіне, қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына, қоғамда оң өзгерістер жасалуына бар білім, тәжірибемді жұмсауға тырысамын. Отыз жылға жуық журналистік қызметімде еліміздің жағдайымен етене таныстым десем артық айтқандық болмас. Оның үстіне, бас қаламыз – Астанада тұрып жатқаныма 20 жыл болды.

Сенаттың жұмысында үлкен өзгерістер болып жатқанынан да хабардарсыздар. Өңірлермен, жергілікті мәслихаттармен жұмыс барынша жаң-жақты, терең, белсенді жүргізіледі. Яғни, халық пен Сенаттың арасындағы байланыс тереңдейді деген сөз. Сенаторлар бұқараның мәселелерін терең сезініп, оның тез шешілуіне тікелей атсалысамыз. Бұл орайда жоғарғы палатадағы «Өңір» депутаттық тобының аясында аймақтарда жиындар, кездесулер, заң жобаларын талқылаулар өтеді. Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын органға айналады. Өңір мәселесі тек аймақ үшін ғана емес, бүкіл елдің мәселесіне айналғанын өмір көрсетіп отыр. Өңірлік мәселе шешілмей Қазақстанның өркендеуі мүмкін емес.

– Еліміздегі ең үлкен диалог алаңы – Ұлттық құрылтайдағы қызметіңізді де сенаторлықпен қатар алып жүрсіз. Ол жерде қоғаммен кері байланыс қалай жүріп жатыр?

– Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары ретінде маған жұрттың ой-пікірлері, ұсыныстары келіп түсіп жатыр. Қазақстандықтар қоғамдағы ең өзекті мәселелерді көтеріп, ой-ұсыныстарын e-gov платформасында арнайы ашылған e-Quriltay мобильді қосымшасы арқылы жолдауда. Сондай-ақ «Хабар» телеарнасында «Құрылтай» атты айына екі рет түсірілетін арнайы хабар шығып жатыр. Өзім жүргізетін «Құрылтай» деген подкаст басталды. Подкаста қоғамда талқыланып жүрген өзекті мәселелер бойынша құрылтай мүшелері, белсенді азаматтар ой-ұсыныстарын ашық жеткізеді. Бұл қоғаммен кері байланысты нығайтуға және түйткілді мәселелерге дер кезінде тиісті шешімдер ұсынуға мүмкіндік тудырады. Халық көтерген мәселелер, айтылған ұсыныстар қалыс қалмайды. Өз басым әрбір маңызды деген мәселенің заңдық тұрғыдан шешімін табуы үшін депутаттық сауал арқылы да жүзеге асырылуына шамам келгенінше үлес қосамын. Жақында Алматыдағы Дос­тық үйінде Ұлттық Құрылтай мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесуге қатыстым. Жиында қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың халық өміріне әсерін, сайлаудағы өң өзгерістер, мажоритарлық сайлау жүйесінің іске асырылуы, жастар мен әйелдер қауымына квотаның бөлінуі және жалпы Сенаттың рөлі мен жұмысындағы жаңа бағыттар, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің Сенат құрамына өтуі туралы кеңінен айтылды.

Суды үнемдеу мәдениетіне көшуіміз керек

– Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала тез үлкейіп келе жатқандығын, 300 гигакалорийден астам жылу энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отырғанын мысалға келтірді. Сіздің ойыңызша, жылу мәселесі қалай тиімді, оң шешілуі керек?

– Елорда тұрғындарының ұзақ мерзімді перспективада тұрмыс-тіршілігін  қамтамасыз ету үшін инженерлік желілерге қатысты да бірқатар мәселе  шешілуге тиіс. Оның ішінде жылу, электр қуаты және нөсерлі канализация мәселелері. Жылумен жабдықтау кәсіпорындары азаматтардың кең ауқымын қамтитын негізгі қызмет көрсету саласы саналады. Сондықтан оның жағдайы қоғамның әл-ауқатын, әлеуметтік тұрақтылықты және жалпы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін анықтайды. Жылумен жабдықтау нарығын дамытудың негізгі міндеттерінің бірі инвестиция тарту болып отыр. Бұл салаға инвестиция салудың бірқатар артықшылықтары бар, бірақ ол әлі де өте төмен деңгейде деп ойлаймын. Отандық жылумен қамтамасыз ету қалай ұйымдас­тырылатыны, бұл сала жиі кездесетін негізгі проблемалар, тарифтерді белгілеудің жаңа әдістері не үшін қажет екені әлі де толық зерттеу мен зерделеуді қажет етеді. Жылумен жабдықтау секторын цифрландыру және автоматтандыру деңгейін арттыру принципті де маңызды, басымдықты инвестицияларды анықтау үшін бізге жылумен жабдықтау инфрақұрылымының жай-күйі, ысырап деңгейі, тұтынылатын жылу энергиясының саны мен сапасы туралы объективті деректер қажет. Елордадағы жылу желілері кешенінің тұрақты әрі сапалы жұмысына халықтың сенімділігін арттыру және осы нысандардың иелері мен тұтынушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін сақтай отырып, қаланы  жылумен жабдықтау нарығын тиімді қалыптастыру қажет. Жылу энергиясына тарифтерді белгілеу кезінде жылу мен электр энергиясы компания­лары және тұтынушылар топтары арасындағы тарифтердегі негізсіз айырмашылықтардан, тиімсіз тарифтік тәсілдерден бірте-бірте бас тарту қажет.

– Елорда халқының саны жылда өсіп келеді. Бұл жерде ең күрделі, алаңдатарлық мәселенің бірі – ауызсу. Мегаполисті алдағы уақытта ауызсумен қамтамасыз етуде үлкен проблемалар туындамай ма?

– Су қаланың ғана емес, ел дамуының да негізгі факторларының бірі  саналады. Болжамдарға сәйкес, 2030 жылға қарай елордада ауызсуды тұтыну жылына 153 миллион текше метрге дейін артады. 2030 жылға қарай тұрғын үй 37,2 млн шаршы метр болады деп күтілуде (өсім 16,5 млн шаршы метрге артады). 2030 жылы қоғамдық тұрғын-үй құрылысының ауданы 25 млн шаршы метрге дейін өседі деген болжам бар. Астанада демографиялық өсімнің қарқынмен артуы, ішкі көші-қон салдарынан тұрғындар санының көбеюі, жаңа тұрғын үй кешендері мен  шағын өндірістердің іске қосылуы су ресурстарының жылдан жылға азаюына өз ықпалын тигізуде. Сондықтан жаңа сорғы, сүзгі стансаларын салу міндеті кезек күттірмейді. Әлемдік соңғы технологиялар мүмкіндігі негізінде, суды үнемдеу, тіпті пайдаланған суды көгалдандыру бағытында екінші мәрте пайдалану тәсілдерін елордамызда қолданысқа енгізу – жақын болашақтағы басты мақсаттардың бірі. Сондай-ақ астаналықтарға су ресурстарын үнемдеу мен суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру міндеті тұр.

Астана бензиннен бас тартқан алғашқы қала болады

– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударған күрделі мәселенің бірі – көшелердегі көлік кептелісі. Президент бұл мәселе қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр­ғанын ашық айтты. Сіздің ойыңызша, халық саны өте жылдам өсіп келе жатқан алып мегаполис­те жол-көлік мәселесі қалай шешілуі керек?

– Тұрмыстық деңгейдегі қалалық көлік инфрақұрылымының мәселесі өте қара­пайым сипатталған: қалаларда көліктер тым көп, ал жолдар жоқ. Және олар әдетте кеңеймейді. Жалпы, қаланың көлік инфрақұрылымы төрт негізгі проблемамен сипатталады: біріншіден, бұл көлік паркінің жағдайы, жылжымалы құрамның және онымен байланысты инфрақұрылымның тозу деңгейі. Екіншіден, бұл – елордамыздағы көлік санының артуы, қозғалысты ұйымдастырудағы проблемалар. Үшіншіден, бұл көлік мәселелерін шешуге деген көзқарас, осы мақсаттарға бөлінетін қаражат көлемі. Төртіншіден, жалпы көлік саласын дамыту. Көлік «ақылды» болуы керек. Яғни, ең алдымен, қолданыстағы көлік жүйесін басқаруға неғұрлым ұтымды, «ақылды» көзқарас қажет. Жолаушылар санын, кептеліс аумағын, алдын ала мезет сайын есептеп, кейбір бағыттар бойынша жоғары жылдамдықты, кейбір бағыттар бойынша сирек аялдамалар жүйесін енгізу, бастысы, астаналықтардың қоғамдық көлікті пайдалануға қызығушылығын арттыру керек. Болашақта автомобильдер тиімсіз көлікке айналуы керек, адамдар көбірек қоғамдық көлікті таңдауы керек. Жаңа тұрғын аудандарда жұмыспен қамтамасыз ету, демалыс, білім беру, денсаулық сақтау нысандарына да назар аударылып, қалалықтардың жолда жүруін біршама азайтуға болады.

– Қазір қалада тұрғын үйдің кезегінде тұрған адамдардың саны 50 мыңға жуықтайды. Қала басшылығы көптеген бағдарламаларды іске асыр­ғанымен мәселе шешімін таппай отыр. Баспанасыз адамдар азайғанның орнына көбейіп барады. Неге бұлай? Сіз тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің қандай қолайлы, тиімді жолдарын ұсынар едіңіз?

– Соңғы 10 жылда Астана халқының саны 59 пайызға өсті. Қалада тұрғын үй жетімсіздігімен қатар, бұған дейін ең үлкен мәселе үлескерлер проблемасы болатын. Биыл үлескерлердің 90 пайызының дерлік мәселесін жергілікті әкімдіктің шешкені аян. Қабылданған шараларға және азаматтардың басым бөлігінің тұрғын үй мәселелерінің шешілуіне қарамастан, тұрғын үйге мұқтаждардың кезегі тұрақты түрде артып келеді. Ендігі мәселе – әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелерін барынша қысқа мерзімде шешу, жастарды тұрақты жұмыспен қамту арқылы, арнайы мемлекеттік тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламалары шеңберінде және несие пайызын төмендету мүмкіндігін қарастыра отырып шешу қажет. Инженерлік инфрақұрылымның болмауына байланысты онжылдықта алғаш рет елде тұрғын үйді пайдалануға беру – мегаполистердің дамуының шектелуі. Нарық қатысушылары бұл тәсіл тұрғын үй «алаңдары» бағасының жаңа секіруіне әкеледі деген болжам бар. Сондықтан «Агломерация туралы» заңға сәйкес, өңірлік деңгейде агломерацияның нақты мәселелерін шешу үшін қаланың және оған жақын орналасқан облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимылының алаңдары ретінде жергілікті агломерация кеңестері құрылады. Елорда әкімдігі қала маңындағы елді мекендердің сәулет-құрылыс саясатын әзірлеуге қатысып, Астананың тиімді дамуына мүмкіндік ашады деген сенім бар. Астана қаласының азық-түлік белдеуін жасақтауға, елордалықтар мен қала қонақтарының қала сыртында демалатын жаппай спортпен айналысатын аумақтар, серуен, мәдени демалыс орындарын ашу да ескерілуі керек.

– Биыл клуб мүшелері де, қоғам да қызу талқылаған мәселенің бірі – БАҚ туралы заңның жаңа жобасы. Жуыр­да бір топ әріптесіміз заң жобасындағы кейбір нормаларға қарсылық білдіріп, Президентке ашық хат жазды. Осы жобада біз айтқан мәселелер түгелдей қамтылды ма, мұны құзырлы министрлік ескерді ме?

– Иә, масс-медиа туралы заң жобасының қызу талқыланып жатқанына 1 жылдан асты. Оның себебі де түсінікті. Бұл болашақта журналис­тердің жұмысын жеңілдететін, құқығын қорғайтын заң болуы керек. Әріптестеріміз осыны күтіп отыр. Заң жобасының бағыт-бағдарымен таныспын, бірнеше жұмыс тобына қатыс­тым. Журналистің мәртебесі деген мәселе бірнеше жылдан бері айтылып жүр. Мәртебе деген бір ғана сөз, ал оның ар жағында нақты қандай кепілдіктер, мүмкіндіктер болатыны маңызды. Мысалы, «пресс-карта» деген жаңалық енгізілген. Мұны жақтаушылар да, қарсылар да көп. Өйткені тілшілердің құқықтарын шектеу, арасына жік салатындай жағдайлар орын алуы мүмкін деген де ойлар айтылып жатыр. Есіңізде болса, Бас редакторлар клубының отырысында осы заң жобасын талқылағанда «пресс-картаны» енгізуді Түркияның тәжірибесін мысалға алып, клубтың вице-президенті Доған Йылдыз ұсыныс етіп айтты. Негізгі мақсаты – журналистердің театр, музей сияқты халық көп баратын мәдени орындарға еркін кіріп-шығуына, ақпарат алуына қолайлы жағдай жасау. Осы «пресс-карта» журналистердің баспана алу мәселесінің оң шешілуіне де септігін тигізетіні қарастырылған. Яғни, оған ие болған журналист «Отбасы банк» арқылы жеңілдікпен, төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық несиеге пәтер алуына мүмкіндік туады. Бұл карта кез келген журналиске берілмейді. Кем дегенде ­3 жыл кәсібі бойынша еңбек етуі тиіс. Қазір ай немесе жыл сайын жастар жұмысын жиі ауыстырады. Демек, бұл әріптестеріміздің кәсіби, сапалы тұрғыдан бір жерде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жақсы жол деп санаймын. Сондай-ақ «пресс-карта» журналистерге кез келген жерге барғанда автокөлігін қоюына, қоғамдық көлікте еркін жүріп-тұруына рұқсат беруі керек. Әрине, осы картаны кім береді деген мәселе тағы бар. Ол барлық БАҚ-тың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері енген, осы саланың беделді, абыройлы мамандарынан құрылған арнайы комиссия болуы тиіс.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button