Сұхбат

Бибігүл САУЫТОВА: ӘНШІ БОЛСЫН ДЕП АТЫМДЫ БИБІГҮЛ ҚОЙҒАН

бибип
Бибігүл САУЫТОВА, дәстүрлі әнші

Бибігүл Сауытова – дәстүрлі әнші, дарынды орындаушы. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты. Шет елдерде дәстүрлі әндерімізді шегіне жеткізе шырқап, халық мұрасының батпан жүгін арқалап, бабалар мұрасын насихаттап жүрген өнерпазбен аз-кем сұхбаттасқанды жөн көрдік.

Өзіндік орындау мәнеріңізбен дәстүрлі ән өнерінің дамуына үлес қосып жүрсіз. Жалпы әншілік сізге кімнен дарыған?

– Өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкем – күйші, анам – әнші, арғы аталарым да өнерден кенде болмаған. Домбыра тарту әкемнен, ән айту – анамнан дарыған сияқты.

– «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейді халық даналығы. Сіздің осындай биікке көтерілуіңізге себепкер болған, өнер жолына баулыған азаматтар жөнінде не айтар едіңіз?

– Ұстазды аса қадір тұтқан, оның бойындағы қасиеттің қылауына қылшық түсірмей, аялап, дәріптеп, тұлғасына бас ие білген халықпыз ғой. Дәстүрлі өнердің қасиетін ұқтырған, әншіліктің қыр-сырын, ұңғыл-шұңғыл құпиясын үйреткен алғашқы ұстазым – елде тұратын белгілі әнші Жұмабай Бөлекбаев деген ағамыз. Ал колледж қабырғасында Пахаман Құттымұратов, консерваторияда Сәуле Жанпейісова және бүгінгі таңда Астана қаласындағы күміс көмей әнші, өз апайымдай болып кеткен Гүлмира Сарина секілді өнер тарландарынан тағылым таныдым. Қосымша дәріс берген ұстаздарым да жетерлік.

– Есіміңіздің қойылуы жай ғана сәйкестік пе, әлде қалай?

– Бұл сәйкестік емес, мен дүниеге келгенде әкеме сүйіншілеп хабар әкелген. Ал, әкем болса  сол мезетте Бибігүл Төлегенова апамыздың концертін тамашалап отырған сыңайлы. Әкем ойланбастан атымды Бибігүл қойғызыпты.

– Дәстүрлі әндер өңірлік ерекшеліктерге байланысты бірнеше мектепке бөлінеді. Солардың қайсысы сіздің жаныңызға жақын?

– Өзім батыс аймақта туып-өскендіктен, осы өңірдің әндеріне бүйрегім бұрып тұрады. Колледжде оқығаным да сол Батыс мектебі болатын. Сондай-ақ, Жетісу мен Арқаның әндерін де орындаймын. Айналып келгенде, бәрінің түп тамыры бір ғой. Репертуарымда 200-ге тарта ән- жыр, терме бар.

Өз басым ән таңдауға ерекше мән беремін. Жүрегіме жақын, сазды, күрделі әндерді орындағанды ұнатамын. Әр әннің өзіндік орындау мәнері болады. Әннің көңіл-күйін, табиғатын жеткізіп, яғни иін қандырып, иіріміне батып орындау жағына келгенде өнерімнің лайықты бағасын алып жүрмін.

– Рамазан Стамғазиев ағамыз Қапез Байғабылұлының, Қайрат Байбосынов атамыз Қызыл деген серінің біз білмейтін 200-ден астам әндерін тауып алыпты. Бұрын айтылған, қазір ешкім орындамай жүрген, жоғалып бара жатқан әндерді іздеу әдетіңізде бар ма?

– Консерваторияда оқып жүрген кезімде жұрт естімеген, құлаққа тосын әндерді жарыққа шығаруға үлкен мән берілді. Әр емтиханымызда осындай әндерді іздеп, орындайтынбыз. Қазір де ізденіс үстіндемін, көпшілік көңілінен көмескі тартып бара жатқан әндерді ара-тұра орындап қоямын.

Қазақ әнінің өзге елдің сахнасында шырқалуына, ұлт мәдениеті абыройының аспандауына үлес қосып жүрген жас әншілердің бірегейісіз. Дәстүрлі өнер шет елде қалай бағаланады екен?

– Қазақтың ән өнерін, мәдениетін таныстыру мақсатында көптеген шет мемлекеттерде болдым. Атап айтар болсам, Австрия, Франция, Египет, Түркия, Украина, Беларуссия, тағысын тағылар. Олар біздің өнерімізді жоғары деңгейде қабылдады. Біздің аспаптарымызға, ұлттық киімдерімізге қызығушылықпен қарайды, білуге тырысып, көптеген сұрақтар қойып жатады.

– «Астанада жалғыз қалалық филармония бар. Оның жалақысының өзі күлкілі деңгейде» деген еді Қайрат Байбосынов ағамыз бір сұхбатында. Өнерпаздардың тұрмыстық мәселесі тасада қалып қоятыны бар.  Бүгінде әншілеріміздің басым көпшілігі тоймен қаражат табады. Сіз ше?

– Шыңдығына келсем, қазір той-томалаққа көп шықпаймын. Себебі, концерттен босай бермейміз. Елбасымыздың қатысуымен өтетін концерттерде жиі сахнаға шығамын, айтқанымдай шет елдерде көп боламын.

– Осы дәстүрлі әндерді, ұлттық өнерді ұйытқы қылып, бас ие болатын бірлестік құруға болмас па, қалай ойлайсыз?

– Ондай мекеме жоқ, бірақ оқу орындары, өнер ошақтары бар. Алдыңғы буын аға-әпкелеріміздің көтеріп жүрген игі  бастамасы – халық өнерпаздар театрын ашу. Осы мәселе қолға алынып, арнаулы  ашылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Кейде қатарластарым сұраныс аз, халыққа танылу жағы қиындау болғандықтан да, домбырасын сүйей салып, керемет тұнық дауыс­тарына кір шалдыратын эстрадаға ауысып кетіп, кейін келе өздерін жоғалтып алғандай сезініп жүреді. Сондай кезде көңіл кәдімгідей қоңалтақсып қалады. Сондықтан мен осы қалпымнан айнымай, ұстаздарымның ізін жалғап, жолын қусам деймін. Қолдан келсе, шәкірт тәрбиелегім келеді. Қазір домбырамен қатар сазсырнайда ойнауды, жетігенмен ән айтуды меңгеріп жатырмын. Келешекте қазақтың бірнеше ұлттық аспаптарында ойнап, ән салып, үлкен концерт беру ойымда бар.

– Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет. Әманда қазақтың қазмойын домбырасын арқалап, халық әндерін шырқап, бұдан да биік белестерді бағындыруыңызға тілектеспіз!

 

Сұхбаттасқан: Арлан ЗАДАНОВ, 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің II курс студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button