Биік ғимараттардағы өрт тікұшақтармен сөндірілмек
Астанадағы биік ғимараттардың бірінде тікұшақтың қатысуымен өртке қарсы жаттығу өтеді, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды төтенше жағдай кезінде сауатты қимылдауға үйретуді жоспарлап отыр. Ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында осындай жоспарын айтты.
«Біз халықты оқыту мен жаттығулар арқылы төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуге үйретеміз. Мысалы, тұрғындарды іс жүзінде эвакуациялай отырып, көпқабатты үйлерде шартты түрде өрт болған жаттығулар өткіземіз. Республика бойынша барлығы 250-ден астам осындай оқу-жаттығулар өткізілді», – деді ол.
Министр мұндай шаралар халықтың қауіпсіздік мәдениетін көтереді деп отыр.
«Астана қаласының зәулім үйлеріндегі тұрғындарды эвакуациялауға тікұшақ қолдана отырып, жаттығу өткізуді алғаш рет жоспарлап отырмыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстар азаматтарды өрт кезінде өзін-өзі құтқару дағдыларына кезең-кезеңімен үйретеді, осылайша қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттырамыз», – деді Шыңғыс Әрінов.