Биік рух – қорғаның

Ислам ілімі сан қырлы, жай адамға дін-исламның терең қатпарларын, оның құқықтық мектептері мен түсіндірмелерін түсіну өте күрделі. Бұл жол ислам ілімінің ізіне түскендер үшін де жеңіл жүк емес. Момынның бес парызын ұстауының өзі, оны және барлық істі ихсан дәрежесінде, яғни риясыз көркем түрде толыққанды жасаудың бұл дүниенің сынақтарынан сүрінбей өтуіне көп себі тиеді. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісі қоғамдық негізде ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти қызметін де атқарып жүрген Сансызбай Құрбанұлынан Құран кәламы, шариғат жайын сұрамай, қазақ жеріндегі қанат жайған ислам тарихы туралы, дәстүріміз бен дініміздің тоғысқан түйіндеріне тоқталуын өтінген едік.
Ата-бабаларымызға осы хақ дінді қабылдап Алланың алдында жүзімізді жарық қылып қалдырғанына Алланың рахматы болсын! Ислам діні – ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабаларымыз ұстанған, қастер тұтқан жолы. Біздің ұлттық сана-сезіміміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз асыл дініміздің құндылықтарымен бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, ажырамас құндылыққа айналды. Сан ғасырлардан бері дініне бекем халық, Құран сөзі мен хадистерін терең түсініп сөзінің мәйегіне айналдырған. Қазақтың қай мақалын алып қарасаңыз да, астары ізгіліктің жібімен әдіптеліп, арқауын діннен тартады.
– VІІ ғасырдың екінші жартысында ислам діні Хорасан мен Мәурәннәһрге таралғаны белгілі. Бұл арғы жағы Ауғанстан қазіргі Орта Азия мен Қазақстанды алып жатқан аймақ қой.
– Ислам діні қазақ топырағына VІІІ ғасырда келді. 751 жылдан кейін ислам кең қанат жая бастады, күні кешеге дейін ислам туы біресе шарықтап желбіреп, иісі мұсылмандардың жүрегінде маздап жанып, небір замандарда дініміздің қуғын-сүргінге түскен кезеңдері де болды. Арғы тарихта Муғауияның дәуірінде 674 жылы Самарқанд пен Бұхараға жорықтар нәтижесінде бұл қалалар мұсылман билігіне өтеді. Хазірет Османның ұлы Сағид қолбасшы болған. Орта Азияға көз тіккен Әмәуи халифасы Әбдімәлік ибн Маруанның (685-705) жорықтары күшейіп, әскербасы Құтайба ибн Муслим әл-Бахилидің Азияның ірі қалаларын бағындырып, 714 жылы Шаш пен Фарабты алып, халыққа Алланың дінін насихаттаған. 751 жылы өткен Атлах шайқасы түркілердің түгел ислам дініне бет бұруының белесі болды. Одан бері қарай «ислам ашушы» Бабтардың келуі, 950-1212 жылдар Қарахан хандығы тұсында исламның өркен жайғанын білеміз, Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңірі, Орталығы Шу өзені бойындағы Баласағұн, кейінірек Ордакент (Тараз) қаласы болды. Қарахандықтар билігінің негізін қалаған Сұлтан Сатық Бұғра хан 955 жылы исламды қабылдап, өз есімін «Әбділкәрім» деп өзгертті. Одан кейін Харұн Мұса қаған 960 жылы исламды мемлекеттік дін ретінде жариялады. Қарахандықтардан бастап түркілер фиқһта – Әбу Ханифа, ақидада – Имам Матруди, сопылықта – Қожа Ахмет Иасауи жолын ұстанды. Бабаларымыз дін мен дәстүрін сабақтастырып, өміршең ете білді. Осылайша саналы түрде қабылдаған ата-бабаларымыз дамудың жаңа сатысына көтерілді. Мұхтар Әуезовтің: «Түркі халықтары мұсылмандықты қабылдаған соң бір қырдан асып кеткендей болды» деген сөзінің мәні зор.
– Ғалымдар арасында әу баста діни сенімді алып келген араб-парсы мәдениеті Орталық Азияны мекендеген халықтардың, яғни түркілердің салт-дәстүрімен нәрленіп, жаңа өркениет бүр жарды деген пікір бар.
– Батыс исламтанушы ғалымы А.Мец бұл өркениетті «Мұсылмандық ренессанс» деп атады. Ал ІХ-ХІІ ғасырлардағы мәдени өмірді зерделеген ғалым М.Хайруллаев: «Қалалар, қала мәдениетінің тез дамуы және мәдени байланыстардың артуының жемісі болған Ояну, Ренессанс осы дәуірде басталды, Орталық Азия ғылым-техника, руханият, тарихта теңдесі жоқ жетістіктерге қол жеткізді. әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Беруни, Фердауиси, Рудаки, Бухари, Ахмет Иүгнеки, Махмұт Қашқари, Замахшарий секілділер осы дәуірдің мәдени дамуының шыңы» деп жазыпты. Ғалымдар бір ауыздан исламның түркі жұртында гүлденіп өркен жаюын мәдениеттердің сұхбаттастығы, үндесуінің нәтижесінде болғанын айтады.
– Қарахан хандығынан кейін тарих сахнасында Шыңғысхан жорығы шықты. Бұл кезеңнің ислам дамуына ықпалы қандай болды?
– Қарахандықтар тұсында түркі мұсылмандары өздерінің діни жолын саралап, бағыт-бағдарын анықтап алғанымен, бұл кезеңде қазіргі қазақ халқының құрамына енген тайпалардың бәрі дерлік исламданбаған еді. Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығын, Ханғайдан Тарбағатайға дейінгі жерлерді мекендеген кейбір-ру тайпалардың ислам дінін қабылдауы Жошы ұлысының құрылуымен тікелей байланысты.
Айта кету керек, кейбір араб-парсы тарихшыларының Шыңғыс хан жорығын айыптауына қарамастан, бұл жорықтың жалпы ислам әлемінің тұтастығына, соның ішінде ұлтымыздың рухани дамуына да әсерін ескеруіміз керек. Мысалы, Шыңғысханның жер қайысқан қолының мұсылманшылыққа бет бұруы. Араб түбегінен келген сахабалардың, олардың көзін көргендердің, оның бер жағындағы таба-табиғиндердің, яғни соңғы толқын ислам уағызшыларының үгіті жетпеген өлкенің өкілдері өздері аяғымен келіп, ислам қайнарынан сусындады. Екіншіден, Бағдат халифаты Хулагу тарапынан құлатылғаннан кейін ислам Хорасан, сосын Дешті Қыпшақ даласына ойысып, ХІІІ ғасырда Дешті Қыпшақ даласы түгел ислам туының астында ұйысты.
ХV ғасырда Керей мен Жәнібектің Алтын Ордадан бөлініп, жеке хандық құруы қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуының басты алғы шарты, бұл жолы да асыл дінінен айнымаған.
– Қазақ хандығы тұсынан бері алтын дарияның кемеріне сыймай тасыған руханиятымыздың асыл мектебіне тоқталмай, ХІХ ғасырдың басында патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауына ауыссақ қалай қарайсыз?
– Патшалық ресейдің қазақ даласын жаулап алып, бодандықта ұстауының бір себебі – шоқындыру саясаты еді. Молдалардың қызметіне үкімет тарапынан қатаң бақылау қойылып, оларды әскери губернаторлар тағайындап, қызметінен босататын болды. 1889 жылы көкшетаулық қазақтар патшаға тікелей хат жазып, қазақтардың өз мүфтиін тағайындауын сұрағанмен, билік ескермейді.
VІІІ ғасырдан бастап ХVІІІ ғасырға ұласқан дәуірде, шоқындыру саясаты үстемдік еткенше қазақ ұғымында болмыс-түсінігінде «тәңірші» деген сөз болмаған. «Тәңір» болған, Тәңір деген жалғыз егеміз. Бүгінде ұлтымыздың қадір-қасиетін терең түсінгендер таң қалуда. Халқымыз жаратылысында тасқа, пұтқа, отқа табынып кетпеген, әлемді шексіздік деп танып, аспан жердің иесі Тәңір деген. Арабша – Алла, парсыша – Құдай. Бүкіл әлемнің иесі адамзатқа не бұйырады, сол исламмен сәйкес келді. Бабаларымыздың бір демнен мұсылман болып кетуінің себебі – осы. Түркі халық батыр халық, біреуден ығып бұғып қалатын халық емес, уәдесіне берік, досқа адал, дұшпанға қатал. Жүрекке қонған соң дін есігін ашып келушілерді жүрегімен қабылдады, ақылымен санасына қондырды. Даналығымен көркейді. Әбу Ханифа мазхабында шариғаттың, ақылдың, әдеттің үкімі бар. Ислам деген бір Аллаға бойсұну, барлық жаратылыс бір Алланы дәріптейді. Дін атына өшіккен, құдайсыз қоғам құрмақ болған кеңестер дәуірі де артта қалғанмен, 1990 жылы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының құрылуы – қазақ руханиятының қайта жаңғыруы еді. Алайда арада өткен жылдардың табы қалды, дәстүрлі құндылықтарды дәріптейтін ахундар, ишандар мен қазірет-халфелер өткен ғасырдың басында қуғындалып, дәстүр сабақтастығы үзіліп қалды. Сол кеңістікті пайдаланғысы келгендер алдымен шетелдерде оқып келген жас түлектердің максималистік, басқа мектептерден алған білімінің негізіндегі ұшқары пікірлерін алып өзімізге қарсы пайдалана бастады. Одан кейінгі оң-солын енді тани бастаған тұста сырттан келген ағымдар, басқа идеология халқымыздың сара жолынан адастыруға тырысып бақты. Бірақ мың жылдан аса рухани тарихы мен тәжірибесі бар қазақ халқын иманынан айыра алған жоқ. Ұлтымыздың биік рухы асқақтай береді!
Айгүл УАЙС