Басты ақпаратҚоғам

Билік пен бұқараның диалогы не туралы болмақ?

Дәл қазір осындай сауал жаһантордағы сайттар мен әлеуметтік желілерді кезіп жүр. Ауызекі тілде «Президент Тоқаевтың кеңесі» деп аталған жаңа құрылым жөніндегі ел-жұрттың ой-пікірі де сан алуан. Бір тарап бұл кеңесті ел өміріндегі айтулы оқиға деп бағаласа, екінші бір тарап бұл биліктің айтқанынан шықпайтын азаматтарды топтастырған жай жиын деген пікір айтуда. Сонымен, біз жаһантордағы сайттарда жарияланған сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушыларының орамды ойларына шолу жасағанды жөн көрдік.

Кеңестің құрамы әркелкі

Шынын айтсақ, әлеуметтік желілерде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы әлі күнге дейін қызу талқылануда. Бір қызығы, әлі жұмысы басталмаған жаңа құрылымның құрамына кірген адамдарға көңілі толмағандар да жетерлік. Құқық қорғаушы, адвокат Жохар Өтебеков кеңеске мүше болған 41 адамның жартысына өзінің шабаданын да сеніп тапсыра алмайтынын айтып, мысқылдап жазды. «Мысалы, Мәдина Мусина осы кеңеске адамдарды бет-әлпетінің сұлулығына қарап таңдауды ұсынды. Шынында да, мұндай қағытпаның жөні бар. Себебі көшеден кездескен адамдар лайықты болар еді. Адвокат ретінде дәлелімді келтірсем, Қазақстандағы алқа билер соты (бұл кездейсоқ таңдалған 10 адамнан тұрады) кәсіби ­судьядан гөрі объективті және әділ үкім шығарады» деген пікір білдірді Ж.Өтебеков.
Ал әлеуметтік желілердегі жұрттың пессимистік пікіріне жауап жазғандар да бар. Солардың бірі саясаттанушы Андрей Чеботарев біздің қоғамның сая­си жүйені деперсонализациялау жолына түскенін айтады. «Өткен жылы биліктің транзиті, Н.Назарбаевтың президенттіктен кететіні жөнінде де ерінбегендердің бәрі ой айтты. Ал бұл жолы екінші Президентіміз Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қолдауымен билік пен бұқараның диалогын бастауға қадам жасады. Қалай болғанда да, елімізде нақты өзгерістердің болатыны айдан анық» дейді ол.
Қарағандылық ғалым Ләззат Қожахмет те аталған құрылымда көпбалалы аналардың мәйекті мәселелерін ашық, батыл көтеріп жүрген азаматтың болмағанына наразылық білдірді. «Қоғамдағы ең өзекті мәселе назардан тыс қалған ба?» деп жазды ол фейсбуктегі парақшасында. Тағы бір әлеуметтік желі қолданушы Марат Өтеубаев кеңесте тұрмысы төмен әлеуметтік топтардың, атап айтқанда, мұғалім, дәрігер, үлескер, көпбалалы аналар, ғалымдар, ауылдағы қарапайым жұмысшылардың жоқтығына қарсылық танытты.

Жұртшылық сауалы жете ме?

Саясаттанушы Талғат Қа­лиев Ұлттық кеңестің құрамына кәсіби деңгейі жоғары, қоғамға танымал азаматтар кіргенін, сол себептен пікірталастар да қызу тартысқа толы болатынын болжайды. Оның пайымдауынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – жаңа формат. Яғни ондағы ахуал халықтан келіп түсетін сауалдар мен ұсыныстардың негізінде құрылады. «Менің ойым­ша, бұл диалог нақты саяси реформаларды іске асырып, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық шешімдерді іздеуден бастау алады. Ең бастысы, ескірген ұстаным, механизм, құралдарды мүлдем қолданбауымыз қажет. Әрбір мәселе өте терең талданып, бүге-шігесіне дейін зерттеліп, әбден шешімі табылғанда ғана жариялануы тиіс» дейді Т.Қалиев.
Эколог Азаматхан Әміртай мемлекеттің алдында тұрған өзекті мәселенің бірі мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі екенін айтады. «Бүгінде билік эшелонында жүргендердің көбі өз орындарына лайық па? Меніңше, жоқ! Жалпы, мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек? «Мемлекеттік қызметкердің көкейінде жеке бастың мүддесі емес, мемлекеттің мүддесі тұруы керек. Ал ондай ойдан ада адам ел тұтқасына айнала алмайды. Халықты соңынан ерте алмайды» деген екен кезінде Францияның бұрынғы президенті Шарль де Голль. Біздегі шенеуніктер де Голль айтқан талаптан табылып жатыр ма? Әрине, бәріне бірдей күйе жағуға болмас. Арасында билік дәлізіндегі кезеңдері ұзақ емес екендерін сезініп, жеке бас­тың, қара қарынның қамын ойлап, опырып жеп, жағдайын жасап қалуға тырысып жататындар кезігеді. Еліміздегі мемлекеттік қызметкердің 80 пайызын босатып, қызметке жаңаша ойлай алатындарды алу керек. Біреудің көзі жақсы, біреудің сөзі жақсы, біреудің жағрафиясы жақсы деп емес, ең алдымен адамның біліктілігі, білімділігі, іскерлігі, мемлекетшілдігі ескерілуі тиіс. Ұлттық кеңесте ашық қаралатын мәселенің бірі – осы» дейді ол.
Саясаттанушы Ерлан Саировтың пікірінше, аталған жиында ең алдымен талқылануы тиіс тақырыптың бірі – еліміздегі сая­сатты децентрализациялау. «Бүгінгі таңда Қазақстандағы саясат өте орталықтандырылып кеткен. Екіншіден, біздегі «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «БАҚ туралы», «Бейбіт шерулер туралы» заңдар халықаралық талаптарға сәйкес келмейді. Сол заңдарды Ата Заңымыздың аясына алып келіп, қайта қарап, түзету енгізсек құба-құп болар еді» дейді сарапшы.

ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСТЕН ҮМІТ КӨП

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен күтеріміз мол. Кеңестің мақсаты – билік пен бұқара арасында қарым-қатынас пен диалог орнату. Негізі, бұл Парламенттің міндеті еді. Шыны керек, Парламент ұлттық мәселеге келгенде азу көрсетіп, Үкіметтен көп нәрсе талап ете алмады. Осы тұрғыдан алғанда, кеңес сабақтастықтың жібін үзбей, өтпелі кезеңде үлкен жүкті арқалайды деп ойлаймын.
Ұлттық кеңес бүгінгі қоғамда қордаланған өзекті мәселелерді өткір талдап, талқылап, Президентке ұсынулары керек. Менің күтерім – Ұлттық кеңес ұлттық мүддеге қызмет етуі шарт. Кез келген мемлекет өз дамуында ұлт мүддесін биік қою керек. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген ұлттық бірегейлікті сақтауға күш салу қажет. Аталған бағдарламада ұлттық бірегейлік – ұлттық код пен тіл екендігі анық жазылған.
Мемлекеттік тілдің бүгінгі сын көтермес жағдайын жалтақтамай айту керек. Білім мен тәрбие саласына баса назар аударатын түйткілді мәселелер жетерлік. Білім беру ісі ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі екенін түсінетін кез жетті. Білімді ұрпақ – мемлекеттің бо­лашағы екен­дігі аксиома. Білімді бала – білікті мұғалімнің алдынан шығады. Қанша жерден «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдағанмен жалақы көтерілмей, мұғалімнің мәртебесі көтерілмейді. Себебі жалақысы аз мұғалім мамандығына мектепті үздік бітірген оқушы бармайды. Бар мәселе – осы жерде. Сәбилердің тілі орысша шығып, орыс тілінде ойлайтын жағдай әлі өзгерген жоқ. Тілің кімге бейім болса, ділің де соған жақын болары анық. Мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттарға мемлекеттік тілді білуге міндеттеп, «суды басынан тұндыратын» кез жетті.

Ербол ІРГЕБАЙ,
Нұр-Сұлтан қаласы
Оқушылар сарайының директоры

АШЫҚТЫҚ ПЕН ӘДІЛДІК КҮТЕМІН

Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінің құрылуы ең алдымен уақыт тала­бы деп ойлаймын. Бұл – билік пен аза­маттық қоғам арасындағы қарым-қатынастың жақсы құралы, ол Қазақстандағы әлеуметтік-саяси ахуалдың түйткілді мәселелерін ашық көрсете алады. Бұл өз кезегінде жаһандану жағдайында ұлттық қауіпсіздікті күшейтіп, нығайта түседі. Өз басым кеңестен не күтемін? Ең алдымен әділдікті, ашықтықты және кеңестің тиімді жұмысын күтемін. Ол биліктің аты бар, заты жоқ бастамаларының бірі болмауы тиіс. Кеңес көшбасшыларының қатаң саясаты мен жауапкершілігі қоғамда үлкен беделге ие болуы тиіс.
Ұлттық сенім кеңесінің атынан білім беру саласының мамандары не күтеді? Сұрақ өте күрделі әрі өзекті. Біздегі білім беру жүйесі әлі де нақты оң нәтиже бермейтін реформалармен бірге өсті. ЖОО жүйесінде жұмыс істей отырып, мұнда шешімін таппаған проблемалар жетерлік деп айта аламын. Бәлкім, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі олардың тиімді шешу жолдарын көрсететін болар. Ұстаздар туралы заң кеңес арқылы адами капиталды, жоғары білікті маманның ұлттық идеясын жетілдіруде тиімді механизм болады деп үміттенеміз. Бұл жиі өзгеретін Білім және ғылым министрлерінің келіп-кетуіне байланысты болмауы тиіс.

Роза НҰРТАЗИНА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,
саясаттану ғылымдарының докторы

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button