Басты ақпарат

Билік тармағын қайта құру – заман талабы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында өкілді билік тармағын қайта құру мәселесін баса айтты. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелетінін, сондықтан да олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс екенін ескерткен Президент азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беруді, бұл ретте мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгертуді тапсырған болатын. Өйткені мықты мәслихаттар ғана өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ете алады.

[smartslider3 slider=2578]

Сәрсенбай АБДРАХМАНОВ, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» ҰАҚ деканы:

Жаңалығы мол жолдау

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызындағы Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтарды елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың жаңа бағдарламасымен таныстырды. Оның ішінде Мемлекет басшысы өкілді билік тармағын қайта құруға ерекше мән берді. Мысалы, қазіргі кезбен салыстырғанда, алдағы уақытта Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру жоспарланып отыр. Соған сәйкес, енді заң қабылдау құқығы тек Мәжіліске ғана тиесілі болады.

Мәжілістегі депутаттар санының азайып, Сенаттың жоғары палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын. Біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Конституция­ға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Бұл ретте Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норманың енгізілуі мен заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болатыны құптарлық. Сонымен қатар Есеп комитетінің орнына жоғары аудиторлық палата құрылып, оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп береді. Алдағы реформалар мәслихаттың мәртебесін де арттыра түседі. Айта кетсек, енді Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі үміткер ұсынып, жергілікті мәслихат, солардың ішінен лайықтысын таңдауға құқылы болады. Бұл дегеніміз халықтың өкілді билікке деген сенімін нығайта түсетіні анық.

Баян АХМЕТЖАНОВА, «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің президенті:

Бағыт – бағдарымыз айқын

– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы қоғамымызды дамытудың негізгі бағыттарын белгіледі. Жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айта келе, Президент өкілді билік тармағын қайта құру мәселесіне кеңінен тоқталды.

Саяси реформалардың маңызды бағыты ретінде өкілетті билік органдарын құрудың ережелерін өзгерту, Президенттің басқару мерзімінде ешбір партия құрамында болмауын заңдық негізде енгізу туралы ұсыныстарын қолдай отырып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан ауқымды ұлттық құрылтай құру жөніндегі пікірін толық құптаймыз. Сайлау рәсімдерін жетілдіру үшін байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуі тиіс екенін, сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутаттарды қайтаруға болатыны, жергілікті және өзін-өзі басқару мәселелерінің өзектілігі де ерекше.

Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керектігін, себебі біз сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайта алатыны­мызды жеткізді 

Сондай-ақ Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керектігін, себебі біз сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайта алатынымызды жеткізді. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет.

Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс.

Облыс және қала әкімдерін тағайындау ережесінің өзгеруі, аймақ басшыларын тағайындау мәслихат сайлауы арқылы өтетіні қуантады.

«Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. «Жаңа Қазақстанды» азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай, күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз» деді Президент.

Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік біздің халқымыз үшін қашан да маңызды. Бағыт-бағдарымыз айқын. Ендеше береке мен бірлікті арқау еткен отандастарымды мызғымас мемлекетіміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке жол бермеуге шақырамын.

Асқар СМАГУЛОВ, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:

«Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған нақты қадам

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асырып, «Жаңа Қазақстанды» азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру мақсатын қойды. Соның ішіндегі екінші бағыт «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа ала отырып, стратегиялық мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін өкілді билік тармағын қайта құру мәселесі дер кезінде көтеріліп отыр.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Жолдауда елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажеттігін нақты атап өтті. Бұл бастама мемлекетіміздің институционалдық тұғырының нығайып, сөзсіз, ел дамуына тың серпін бермек. Осы тұста азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн.

Мықты мәслихаттар қоғам­дағы өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін ел Президенті мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды. Бұл ретте мәслихат төрағасымен қатар халықтың нақты сеніміне ие болған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму ісіне белсене атсалысып келе жатқан мәслихат депутаттарына да зор жауапкершілік жүктеледі.

Сондай-ақ мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі күшті парламенттік мәдениеті және ықпалды халық қалаулылары бар «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған.

Халық қалаулылары тұжырымдамада айтылған негізгі мәселелер бойынша халықпен кері байланысты нығайтып, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, тұрмыс сапасын жақсарту бағытында нақты шаралар қабылдауы тиіс. Бұл тұрғыда біз, қалалық мәслихат депутаттары, саяси құжатта айтылған тапсырмалар мен алға қойылған міндеттерді сапалы әрі нәтижелі іске асыруға атсалысуымыз қажет.

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ, тарихшы, этнолог, қоғам белсендісі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын асыға күттім. Қаcіретті қаңтар күндерінен кейін мемлекетіміз бұрынғыша болмайтынын, өзгеріс керек екенін, оның ішінде алдымен саяси өзгеріс қажеттігін әр қазақстандық жүрегімен ұғынды. Президенттің Жолдауында егеменді Қазақстанның әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына байланысты бірқатар стратегиялық маңызды және тағдыршешті шешімдер, халық көп жылдар бойы күткен қордаланған мәселелердің шешу жолдары айтылды. Жолдаудағы саяси бастамаларға қарап «Жаңа Қазақстан» құру жолына бет бұрғанымызды көріп отырмын. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, ана ретінде, қоғам өкілі ретінде мені де елімнің ертеңі мен халқымның болашағы, ұрпақ келешегі алаңдатады.

Әрине, 30 жыл қордаланған ауыр жүкті бір күнде шешу оңай емес, бастысы бірлігіміз бекем болып, алакөздерге ермей, ел үшін, келер ұрпақ үшін бірлесіп, тізе қосып, адал, әділ еңбек етуіміз керек. Өзім халқын, жерін құрметтейтін, киелі Торғай елінің де облыс дәрежесіне жететініне үмітім бар.

Президенттің «Өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Бізге ешкім сырттан келіп еш нәрсе жасап бермейді, бәрі өз қолымызда» деген сөзімен толық келісемін. Неге? «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп Абай атамыз айтпақшы, айналаң, қоғам, ел, мемлекет өзгерсін десең, сынап-міней бермей, әрбір ел азаматы «Осы кемшілікті түзеу үшін мен не істей аламын, не істеп жүрмін?» деген ұстаныммен өзгерісті өзінен бастаған жөн.

Бұл Жолдаудың билік үшін де, халық үшін де жүгі ауыр. Қазақстанның болашағын, ел келешегін ойласақ, «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек. Әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз» деп Әлихан Бөкейхан айтпақшы, билік те, халық та арқамызға жүктелген ауыр жүкті жұмыла көтеріп, кейінгі ұрпаққа тұғырлы тәуелсіздігі бар кемел мемлекет қалдырып кетуіміз керек.

Жолдаудағы сайлау жүйесін өзгерту және партиядағы, жергілікті атқару жүйесіндегі өзгерістерді құптаймын. Неге? Өйткені сайлау әділ өтуі керек деп ойлаймын және депутаттар халықтың үнін естісе деймін. Қазіргі кезде халықтың депутаттарға деген сенімі азайған. Халықтың сөзін сөйлейтін депутаттар өте аз.

Жолдауда қоғамдық институттарды дамытуға қатысты мәселелер де өте жақсы айтылған. Ұлттық кеңес тарап, орнына ұлттық құрылтай болатынын, оған қоғамдық кеңес мүшелерінің шақырылатынын қолдаймын. Тек «Баяғы жартас – бір жартас» болып, ешқандай өзгеріссіз қалмайды деген пікір бар халық арасында. Сондықтан да біз, шын мәнінде, қоғамдық кеңестерге халық арасында жүрген, халыққа жаны ашитын, ел-жер мәселесін, әйел мәселесін, тіл мәселесін билікке жеткізетіндей Үкімет пен халық арасында алтын көпір болып жүрген, халықтың сенімінен шыққан, халық сенетін адамдар сайланады деп ойлаймыз. Сонда ғана мемлекетіміз халық үнін еститін мемлекет болады. Әйтпесе ешқандай өзгеріс болмайды.

Енді бастысы депутаттарымыз бұрынғыша «Жолдауды қолдау» деп пойызға мініп, айлап ел аралап кетпей, жергілікті жерлердегі билік жалаң ұраншылыққа салынбай, «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, жиналып алып, талқылай беретін, құр жиын өткізе бермей, жалған есеп үшін жұмыс істемей, Жолдауда айтылғанның барлығын орындап, нақты іс пен әрекет жасасын. Халық нақты әрекет күтеді.

P.S: Иә, бұл жолғы саяси құжаттың мән-маңызы айрықша. Оны жоғарыда пікір білдіргендер де растады. Қай-қайсы да алдына қойған биік мақсатына қол жеткізген, өзгерген, дамыған «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға дайын. Тек тәуелсіздік жылдарында атқарылған ауқымды істерді жалғастыру үшін олар отандастарымызға күш-жігер ғана емес, елеулі өзгерістердің қажет екенін мойындап отыр. Ендеше өзгерісті әркім өзінен бастап, жауапкершілікті жүрегімен сезінсе игі.

Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button