Басты ақпарат

Білікті басшы, тәжірибелі журналист еді

Белгілі қаламгер, баспагер, БАҚ саласындағы Президент грантының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Ақтөбе облысы Темір ауданының құрметті азаматы Жұмагүл Саухат 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

[smartslider3 slider=1541]

1951 жылдың 28 қаңтарында Ақтөбе облысында дүниеге келген Жұмагүл Берденқызы орта мектепті бітіргеннен кейін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсті. Аталмыш жоғары оқу орнын 1973 жылы аяқтады. «Жетім өскенін білген жоқпыз. Әдемі киініп, жарқырап жүретін. Студент күнінен іскер, намысқой қыз болды» дейді курстасы, белгілі журналист Өріс Яшүкірқызы.

Жұмагүл Саухаттың бүкіл шығармашылық ғұмыры ежелгі Қараөткел өңірі, бүгінгі елордамызбен тікелей байланысты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жұбайы, белгілі жазушы-публицист, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайылмен қол ұстасып, осында келді. Еңбек жолын Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінен бастады. 1976-1992 жылдары осы басылымның бөлім меңгерушісі болды. Сонымен қатар облыстық телеарнаның редакторы қызметін қоса атқарды. 1998 жылға дейін «Шалқар» әдеби тележурналының және әйелдерге арналған «Толғанай» тележурналының авторы әрі жүргізушісі болды.

Арқа төсіне жаңа астана орнап жатқанда, Жұмагүл Берденқызы ел жүрегі – елорда шежіресіне айналған «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалды. Осы қызметті 1997-2001 жылдары атқарды. Сол кезеңнен бастап астана журналистикасының қалыптасуына үлкен үлес қосты. Өңірлерден елордаға тәжірибелі журналис­терді шақырып, бас қала басылымына қызметке алды. Бұл қатарда қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, осы басылым қызметкерлері Амангелді Қияс, Бекен Қайратұлы, «Астана ақшамының» журналисі Таңатар Төлеуғалиев есімдерін ерекше атап өтуге болады.

Сол уақытта астаналық басылымда ұлттық және қоғамдық маңызды мәселелер туралы көптеген материал жарық көрді. Атап айтқанда, қазақ қызының намысын қорғаған «Гүлжанға сенсек, Тұран бейден түңілесің» атты мақала шықты.

Қабырғалы қаламгер, ғалым, бүгінгі Парламент Мәжілісінің депутаты ­Сауытбек Абдрахманов газеттен «Сұхбат» айдарын ашып, онда елге ғана емес, әлемге танымал азаматтарды сөйлетті. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басылымға берген «Бұл кітап – менің перзенттік парызымның бір өтеуі» деген сұхбаты газет беделін биікке көтерді. Елбасы сұхбатының соңына «Астана ақшамына» жылы лебізін білдірген. Астанаға қонақ болып келген әйгілі актер Михаил Ульянов, күміс көмей әнші Нұржамал Үсенбаева, елордалық пушкинтанушы Валентина Кириллова секілді аузы дуа­лы дарынды тұлғалармен жүргізген сұхбаттарын оқыр­мандар қызығып оқыды.

Жарты ғасырға жуық ғұмырын журналистикаға, ұлт баспасөзіне арнаған Жұмагүл Саухат енді өзі де сағынышқа айналмақ. Білікті басшы, тәжірибелі журналист Жұмагүл Берденқызының жарқын бейнесі жадымыздан ешқашан өшпейді

2001 жылдың маусым айында Астана әкімдігі Жұмагүл Берденқызының іскерлігін, ұйымдас­тырушылық қабілетін ескеріп, «Астана» журналының басшылығын қолына тапсырды. Бұл басылым елорданың әлеу­меттік-экономикалық және мәдени-рухани тынысын кеңінен қамтыды. Тоғыз жыл ішінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, ғалымдар, қаламгерлер, өнер иелері, жалпы мыңнан аса адам журнал кейіпкерлері болды. «Астана» журналы республикаға ғана емес, алыс және жақын шетелге таралды, 2003 жылдан бастап «Эйр Астана» компаниясының борт журналына айналды.

Жұмагүл Саухат елорданың қоғамдық-саяси өміріне де белсенді аралас­ты. «Тіл және мәдениет» қоғамының жанынан оның бастамасымен Қазақстанның мұсылман әйелдер лигасы құрылды. Осы ұйымды басқара жүріп, қазақ салт-дәстүрлерінің жаңғыруына түрткі болды.

Жұмагүл Берденқызы 2009 жылы «INSIDE» атты тәуелсіз әлеуметтік-саяси журналын ашты. Бұл басылым арқылы қоғамдық-саяси өмірдегі маңыз­ды мәселелерді қозғады. Астана қаласының шығармашылық одағының директоры болды. Баспахана ашып, көптеген еңбектің жарық көруіне жағдай жасады. Өзі де бірнеше кітап жазды.

Соның ішінде 2016 жылы елорда әкімдігінің қолдауымен «Сағындырған асылдар» кітабын құрас­тырды. Бұл кітапта ерке Есіл бойында әсем елорда орнағалы қаланың рухани тұрғыдан кемелденуіне, шын мәнінде, Астана атына сай болуына өлшеусіз үлесін қосқан, өмірден озған тұлғалар туралы пайымды толғамдар жинақталған. Атап айтқанда, көрнекті жазушы Сәкен Жүнісов, қаламның қарымы мен ғалымдық алымын қатар танытқан Рымғали Нұрғалиұлы мен Ақселеу Сейдімбек, сахна саңлағы Әзірбайжан Мәмбетов, көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев, белгілі қаламгерлер Дүкенбай Досжан, Нұрғожа Ораз, «жезкиік» ақын Кәкімбек Салықов, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, ұлттың абызындай болған жазушы Әбіш Кекілбайұлы, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай, т. б. тұлғалар қамтылған.

Жарты ғасырға жуық ғұмырын журналистикаға, ұлт баспасөзіне арнаған Жұмагүл Саухат енді өзі де сағынышқа айналмақ. Білікті басшы, тәжірибелі журналист Жұмагүл Берденқызының жарқын бейнесі жадымыздан ешқашан өшпейді. Жұбайы Алдан Смайылдың, оның отбасының, туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Марқұмның алды пейіш, арты кеніш болсын! Алла алдынан жарылқасын!

«Астана ақшамы» газетінің ұжымы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button