Білікті дәрігер – жанға дауа
Соңғы жылдары эндокринолог дәрігерге жүгінетін науқастар көп. Эндокринологқа баратын адамдардың жас ерекшеліктері де өзгеріп тұр. Бұл өмір салтының, тамақтанудың, экологиялық жағдайдың өзгеруіне, сондай-ақ медициналық диагностикаға кеңірек қол жеткізуге байланысты болса керек. Астана қаласындағы №5 емхананың эндокринологы Мақпал Тасболатовамен сұхбаттасқан едік. Дәрігер-эндокринологтың медицина саласындағы тәжірибесі – 12 жыл.
– Мақпал Жанұзаққызы, қазір аурудың түрі көп қой, әсіресе, иммундық саулығы әлсіреген, жұмысында немесе үйіндегі күйзелістерге байланысты мына ғаламтор жайлаған қым-қуыт заманда эндокринолог-дәрігерге көп баратындар көбейді, неге?
– Соңғы жылдары біздің салаға қатысты ауру түрлері – қант диабетінің 1, 2-типі, қалқанша безінің аурулары, аутоиммунды аурулар көбейді.
Осы ретте қант диабеті туралы айта кетуге болады. Қант диабеті – бұл созылмалы ауру, ол зат алмасудың, әсіресе көмірсулардың бұзылуымен сипатталады, соның салдарынан қандағы қант деңгейі жоғарылайды. Қант диабеті бар адамдарда инсулиннің (қандағы қант деңгейін реттейтін гормон) жетіспеушілігі немесе оның әсеріне қарсы организмнің төзімділігі байқалады, бұл қандағы глюкоза деңгейін қалыпқа келтіруді қиындатады.
– Қант диабетінің түрлері қандай?
– Қант диабетінің бірінші типі – инсулинге тәуелді диабетке шалдыққан адамдар. Қант диабетінің екінші типі – инсулинге тәуелсіз диабетпен ауыратындар. Сондай-ақ жүктілік кезіндегі қант диабеті және қант диабетінің басқа түрлері бар. Олар сирек кездесетін генетикалық кемістіктер, ұйқы безінің аурулары, эндокриндік бұзылыстар немесе кейбір дәрілердің жанама әсері болуы мүмкін. Қант диабетінің белгілері түріне қарай әртүрлі болуы мүмкін, бірақ жалпыға ортақ белгілер мынадай:
– Жиі зәр шығару (полиурия);
– Қатты шөлдеу (полидипсия);
– Тым тез шаршау мен әлсіздік;
– Ауыздың құрғақтығы;
– Тәбеттің жоғарылауы (қант диабеті 1-типі үшін тән);
– Терінің және шырышты қабықтардың қышуы;
– Себепсіз салмақ жоғалту (әсіресе қант диабеті 1-типінде);
– Жаралардың баяу жазылуы;
– Көру қабілетінің нашарлауы (жартылай немесе толық көру жоғалтуы).
– Қант диабетін диагностикалау үшін қандай әдістер қолданылады?
– Ең алдымен, қандағы глюкоза деңгейін өлшеу керек. Гликозилденген гемоглобин (HbA1c) – соңғы 2-3 айда қандағы орташа қант деңгейін көрсететін көрсеткіш. Глюкозаға төзімділік тесті (ГТТ) – жасырын диабет және предиабет диагностикасы үшін қолданылады. Кетондардың деңгейін талдау, әсіресе, 1-типті қант диабеті кезінде маңызды, себебі кетонды денелердің қанда немесе зәрде пайда болуы диабеттік кетоацидозды көрсетуі мүмкін.
– Қант диабетінің емі қандай?
– Қант диабетінің емі қандағы қант деңгейін қалыпқа келтіруге, асқынуларды болдырмауға және организмнің қалыпты жұмысын сақтауға бағытталған. Диабеттің түріне байланысты емдеу әдістері әртүрлі болуы мүмкін. Қант диабетінің бірінші типі – инсулинотерапия, қандағы қант деңгейін бақылау болса, екінші типі диета және физикалық белсенділік екені белгілі. Периоральды дәрілер – инсулиннің әсерін жақсартатын немесе оның бөлінуін ынталандыратын дәрілер. Ал жүктілік кезіндегі қант диабеті – диета және физикалық белсенділік пен қандағы қант деңгейін бақылайды.
– Қандағы қант деңгейінің ұзақ уақыт бойы жоғары болуы түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін бе?
– Иә, әрине, ол жүрек-қантамыр ауруларына, невропатияға әсер етіп, көруде проблемалар туындайды, диабет ретинопатиясы, катаракта және глаукома, бүйрек аурулары, тері ауруларына апарып соғады. Қант диабетінің алдын алу үшін қалыпты салмақты сақтап, жиі физикалық жаттығулар жасау керек. Мысалы, жүгіру, жүзу, йога – шынығудың жақсы жолдары. Сондай-ақ денсаулықты сақтау үшін дұрыс тамақтану керек. Ол үшін қант пен майды азайтып, көкөністер мен жемістерді көбейткен дұрыс. Күйзелістен және зиянды әдеттерден – темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтынудан барынша аулақ болған жөн.
Сұхбаттасқан
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ