Денсаулық

БІЛІКТІ ДӘРІГЕРДІҢ БИІГІ

ERA_6587

Қолы шипалы дәрігерге жұртшылық іздеп келіп қаралады. Нұрбол Нұрланұлы да сондай санаулы саңлақтардың қатарында. Ол 2000 жылы Астанаға алғаш рет жас маман ретінде келгенде қалада бірде-бір танысы жоқ-тын. Ал, қазір білікті маманды танымалдылық өзі іздеп тапты. «Әр ота жасаған адам өзіңнің ет жақын туысыңдай болып кетеді. Себебі, сырқат адам аяғынан тұрып кеткенше оның тағдырына алаңдаулысың», – дейді ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымының кандидаты Нұрбол Тұрсынбаев.

 Таңдауын адаспай тапқан…

Медицина ғылымдарының атасы саналатын хирургия – күрделі сала.  Медициналық оқуды таңдағандардың көпшілігі бұл салаға баруға жүрексінеді. Нұрбол Нұрланұлымен бірге осы факультетте оқыған 12 баланың 8-і студенттік кездегі алғашқы отадан кейін-ақ, хирург болудан бас тартыпты. Ал Нұрбол керісінше, ота үстелінде өмірі үшін күресіп жатқан адам өзіне ерекше күш-қуат бергенін айтады. «Ота жасалып жатқан адамның жұдырықтай жүрегінің соғысы маған рух сыйлады. Ол өмір үшін күресіп жатты. Сол сәтте жан-дүниемді «бұл адамның жүрегінің соғысы тоқтамауына мен көмектесуге тиіспін, оның өміріне араша түсуім керек» деген ой билеп алғаны соншалық, қорқу дегенді мүлде ұмыттым», – дейді Нұрбол.

Педагогтар отбасында туып-өскен Нұрбол бірде қатты ауырып қалады. Аурухана төсегінде жатқан оған хирург болып жұмыс істейтін жақын туысы қарайласып тұрған. Өзін айналып-толғанған дәрігер туысының ілтипаты бала Нұрболдың бойына медицинаға деген, оның ішінде хирург мамандығына деген сүйіспеншілігін оятады. Мектеп қабырғасынан кейін Шымкенттегі медициналық университетке оқуға түседі. Басында фармацевтика саласына келген ол көп ұзамай бұл мамандықтың өзіне қол еместігін сезінеді. Ректорға хат жаза жүріп, өзі қалаған хирургияға ауысып алады.

 Шыңдалу мектебі

Хирургтың қолы – нәзік, көзі – қырағы, жүрегі – айбарлы болуы керек десіп жатады. Адамның ішкі ағзасын күнде ақтаратын хирургтарды қатыгез санайтындар да бар. Бірақ Нұрбол Нұрланұлының әңгімесінен кейін бұл пікірдің жаңсақ екеніне көзіңіз жете түседі. Ол ота жасалған әр адамның өміріне өзін жауапты санайтынын айтады. Тіпті, бір ота-дан кейін бірнеше күн, айлар бойы ауыр ойға батып, жүрек пен жүйкеге салмақ түсетін кездер аз болмайды екен. Кейде отаның күрделілігі сондай, 10-12 сағатқа созылып кететіні болады. Күннің қашан шығып, батқанын аңғармай жұмысына берілген хирургтардың мұраты – хал үстінде жатқан адамның өмірін арашалап қалу. Нұрбол Нұрланұлы өзінің мамандығын – мамандықтың төресі санайды. «Мамандығымның арқасында талай адамның өмірін арашалап, алғысына ие болдым. Жұртшылықтың алғысы мен батасын алғанда, ота кезіндегі қиналысыңды лезде ұмытып кетесің», – дейді ол.

Нұрбол Тұрсынбаевтың Астанадағы еңбек жолы Абай Байгенжин басқаратын Ұлттық  ғылыми медициналық орталықтан басталды. Осында табан аудармай 14 жыл қызмет етіпті.

– Бұл орталықтың материалдық-техникалық базасының мықтылығын былай қойғанда, дәрігерлері де шетінен білікті. Осы мекеме маған үлкен мектеп болды. Небір күрделі операцияларды осында игеріп, заманауи медициналық құрылғылардың тілін меңгердім, – дейді дәрігер.

Нұрбол Нұрланұлы ұстазы, академик Жақсылық Досқалиевпен бірге, кәдімгі хирургиялық операциялардан тыс, бауыр, бүйрек ауыстыру операцияларына да қатысты. Нұрбол Тұрсынбаев – трансплантация жасау әдісін Астанаға алғаш енгізгендердің қатарында.

 Мақсатым – аурухананың жағдайын түзеу

Нұрбол Тұрсынбаев биылғы ақпан айынан бастап, №2 Ақмола облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары болып келді. Қазіргі таңда емдеу мекемесінің басшысы қызметінен кетуіне байланысты ол бас дәрігердің міндетін атқарып жүр.

№2 Ақмола облыстық ауруханасы Астананың маңайында орналасқан  Целиноград, Аршалы, Ерейментау, Астрахан, Шортанды, Егіндікөл аудандарының, барлығы 200 мыңдай тұрғынына медициналық қызмет көрсетеді. Мұнда 7 бөлімше бар. Дәрігерлердің ұзын-саны – 60-қа жуықтайды.

– Облыстық аурухана Астанада орналасқанымен, материалдық-техникалық базасы елордалық деңгейге сай келмейді, – дейді Нұрбол Нұрланұлы. Бұл ауруханаға соңғы сегіз жылда бірде-бір медициналық құрылғы сатып алынбаған. Сырқаттарды әлі күнге дейін әбден ескірген тәсілмен емдейді. Нұрбол Тұрсынбаевтың алдында енді үлкен жауапкершілік тұр. Оның мақсаты – аурухананы аяғынан тұрғызып,  жоғары медициналық көмек көрсететін заманауи мекемеге айналдыру.

– Біздің аурухана ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Қаланың адамдарынан гөрі шалғай аудан, ауыл тұрғындары жоғары медициналық көмекке мұқтаж. Сондықтан бүгінге дейін жинаған азды-көпті тәжірибемді осы аурухананың жағдайын көтеруге жұмсасам деймін.. Мекемеміздің жағдайы түзеліп, елге пайдамыз тиіп жатса, алға қойған мақсатымның орындалғаны, – дейді Нұрбол Тұрсынбаев.

Қазір №2 Ақмола облыстық клиникалық ауруханасының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында арнайы стратегиялық жоспар жасалып, бизнес-жоспар бекітілген. Әзірше аурухана тізгінін ұстап отырған жас басшы демеушілер тауып, емдеу мекемесінің мүшкіл халін көтеру үшін түрік мемлекетінің іскер азаматтарымен келісімшарттар жасап үлгеріпті.

 Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button