Руханият

Білікті кадрлар даярлануда

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің құрылыс-техникалық колледжі базасында «Жас маман» жобасы аясында құзыреттілік орталықтың ашылу салтанаты өтті.

[smartslider3 slider=1365]

Орталықтың ашылуы нәтижесінде жұмыс берушілер тарапынан түлектерге сұраныс артып, білікті кадрлар даярланады. Сондай-ақ WorldSkills халықаралық қозғалысына кәсіби шеберлік конкурстарына қатысушыларды жоғары деңгейде дайындауға мүмкіндік береді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжановтың сөзінше, мұндай орталық білім алушыларды кәсіби тұрғыдан шыңдайды.

«Осыдан 20 жыл бұрын осындай орталықтар ашу түсімізге кірмеді. Кезінде мұны шетелдік мектептерден де көрген жоқпыз. Тәуелсіздік алған жылдары Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев білім саласына, оның ішінде кәсіби дайындыққа көбірек көңіл бөлу қажет екендігін айтты. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын көбейтуді тапсырды. Әлемдік тәжірибеге сү­йенсек, Германияда көпшілік жоғары оқу орнына жүгірмейді, керісінше, олардағы ең үлкен білім – кәсіптік білім алу. Бүгінде Қазақстанда осы кәсіптік білімге қатты көңіл бөлініп жатыр. Орталық арқылы оқушылар техникалық білімін шыңдайды, яғни құрылғыларды өз қолдарымен көріп, үйренеді. Осылайша ертеңгі күні жұмысқа барғанда дайын кадр болып барады» деді Ә.Рахымжанов.

Ал Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, қазіргі уақытта құрылысшы мамандар сұранысқа ие. Сондықтан аталған колледждің мамандар даярлауда орны ерекше.

«Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Осы уақыт аралығында біз көптеген жетістіктерге жеттік. Білім мен ғылым саласын көтерсек, үлкен жетістіктерге жетеміз. Осы колледж – тек қана Байқоңыр ауданына ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бетке ұстар колледж­дердің бірі. Бұл жерден үлкен жұмысшылар шығып жатыр. Мен өзім құрылысшы болғаннан кейін осы саланы білемін. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 10 мыңнан астам арендалық тұрғын үйді тапсырып жатыр. Бүгінгі таңда ең керек мамандық осы колледжден шығады. Ашылып жатқан орталық құтты болсын!» деді Н.Нұрсағатов.

Айта кету керек, «Жас маман» жобасының негізгі мақсаты – колледждердің материалдық базасын жаңарту және білікті мамандарды даярлаудың халық­аралық тәжірибесін енгізу. Сондай-ақ халықаралық білім беру бағдарламаларын енгізу, шетелдік серіктестермен бірлесе отырып, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button