Басты ақпаратЕлорда тынысы

Білікті маман – экономика тірегі

Бүгінгі таңда жастарды қолжетімді және сапалы техникалық біліммен қамтамасыз ету – «Білімді ұлт» ұлттық жобасының негізгі міндетінің бірі. Бұл ретте жастардың колледжде тегін білім алып, заман талабына қарай мамандық игеруіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып отыр. Астана қаласы әкімдігінің «Аstana Polytechnic» жоғары колледжінде өткен «Жұмыс берушілер күні» республикалық іс-шарасына 4 мыңнан аса жұмыс беруші қатысты. Еліміздің жоғары оқу орындарында түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесудің бір жолы – бос орындар жәрмеңкесі жұмыс берушілермен бұрыннан өткізілетін. Мақсат – оқу орындары бітіруші түлектерін өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыруға себепші болу.

Биылғы тың жаңалық сол – еліміз бойынша 700-ден астам колледж алғаш рет «Жұмыс берушілер» күнін ұйымдас­тырып, өткізді. ҚР Оқу-ағарту министрлігі берген мәліметтер бойынша республикалық іс-шараға ірі компаниялардың, шағын және орта бизнестің 4 мыңнан астам өкілі қатысқан. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен 600-ден астам меморандум мен 500-ден астам ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Осындай іс-шара Астана қаласы әкімдігінің «Astana Polytechnic» жоғары колледжінде өткізілді. Жұмыс берушілермен ұзақ мерзімді және тиімді ынтымақтастық орнатып, мамандарды даярлаудың сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге елордалық 40-тан аса жұмыс беруші кәсіпорындар мен ұйымдар, ірі компаниялар қатысты. Диалог алаңында кадр даярлаудың өзекті тақырыптары бойынша кездесу өткізілді.

Аталмыш іс-шарада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Байкен, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қ.Сенғазыев, Астана қаласы әкімдігінің «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің директоры Б.Рысқалиев құттықтау сөз сөйледі. Оған жергілікті атқарушы органдардың, мәслихат депутаттарының, жұмыс берушілер қауымдастығының, қоғамдық бірлестіктердің және Қамқоршылық кеңесінің өкілдері, әлеуметтік серіктестер, жұмыс берушілер, ата-аналар және студенттер қатысты.

Диалог алаңында бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері қарастырылды. Олар:

кәсіпорындар үшін білікті кадрлар даярлау;

академиялық дербестікті ескере отырып, білім беру бағдарламаларын әзірлеу;

дуальді оқытуды масш­таб­тау;

кадрларды даярлаудың мақсатты тапсырысы;

жаңа технологияларды шолу бойынша жұмыс берушінің талқылауы «ЖШС «Кнауф Гипс Капчагай, GROHE, ЖШС «Теп­ломарт»;

кәсіпорындарда педагогтардың тағылымдамасы.

Министр А.Аймағамбетовтің айтуынша, академиялық еркіндікті енгізу арқылы жұмыс берушілер мен колледждер арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді.

Енді жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларын әзірлеу­ге және сараптауға тікелей қатысады. Яғни, колледждер нарық сұранысына қарай оқу бағдарламаларын жасайды.

Академиялық дербестікке сәйкес колледждер мен әлеу­меттік серіктестер бірлесіп, білім беру бағдарламасын құрады. Жұмыс берушілер оларды көріп, өз ұсыныстарын бере алады. Колледждерге күтілетін оқу нәтижелеріне байланысты жұмыс берушілермен бірлесіп оқу мерзімдерін анықтау құқығы берілді.

Колледжде қонақтар колледждің оқу шеберханаларына – дәнекерлеу цехы мен КНАУФ полигонына, бөлшектеу-монтаждау цехы мен сантехника және жылыту зертханасына, газ жабдықтары зертханасы мен  IT құзыреттілік орталығына, оқу орталықтары – КНАУФ. Техно-Николь, Grohe, «Графикалық дизайн» құзыреттілік орталығына, мобильді робототехника зертханасы мен мехатроника бойынша «FESTO» аймақтық орталығына, BIM зертханасы (BIM LAB) мен 1С-бухгалтерия оқу орталығына, «Веб-дизайн» IT құзыреттілік орталығына, «Ақылды үй» оқу зертханасына, «Желілік және жүйелік басқару» ІT құзыреттілік орталығы мен сурет және кескіндеме бойынша шығармашылық шеберханасына, «Электроника және электромобиль бойынша EXTLAB» оқу зертханасына, «Автокөлік құралдарын жөндеу шеберханасы» оқу зертханасына барып, оларға арнайы экскурсия жүргізілді. Сондай-ақ «Қазақстанның жануарлар әлемі» картиналар көрмесі қойылып, «Мамандарды бүгін табыңыз!» бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

«Astana Polytechnic» жоғары колледжінің студенттері қонақтарға өз жұмыстарын және нақты дипломдық жобаларын – техник-құрылысшылар оқу аудиторияларын реконструкциялау, тұрғын коттеджді жаңарту, 3 бөлмелі пәтердің негізгі үй-жайларының интерьерін әзірлеу, аудиторияда дизайн жобасын көрсетсе, техниктер-механиктер сигнал беру жүйесінің жарықтандыру жүйесі, Hyundai Sanato көлігін қалпына келтіру, генераторларды тексеру стенді, LU Джетроник бүрку жүйесі, АБС қондырғысы бар гидравликалық тежеу жүйесі, газбен жұмыс жасайтын қозғалт­қыштың қоректендіру жүйесі, жеңіл автокөліктің аспасы, электромобиль диагностикасы және IT жобалары – ақылды бөлме, квадрокоптер, сонымен бірге «Менің сүйікті колледжім» экскурсиялық экскурсоводтар бағдарламасы бойынша өз жұмыстарын көрсетті.

Тағы да айта кету керек, жұмыс берушілер күні кадр даярлау және түлектерді жұмысқа орналастыруда жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту мақсатында өткізіліп отыр. Бүгінгі таңда колледждер ірі кәсіпорындармен және ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр. Академиялық тәуелсіздік аясында колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, еңбек нарығының сұранысына сай білім беру бағдарламаларын әзірлейді. 500-ден астам ТжКБ ұйымы дуалды оқытуды енгізді және жұмыс берушілер де мамандарды даярлауға белсенді атсалысып келеді. Екіжақты ынтымақтастықтың арқасында студенттер теорияны практикамен ұштастырып, таңдаған мамандығын жұмыс орнында тікелей үйренеді. Яғни кәсіпорындар өз қызметкерлерін оқытуға және үздік студенттерді жұмысқа алуға мүмкіндік алып отыр. Ал студенттер бірте-бірте мамандықты игеріп, еңбекке қажетті машықтарды меңгереді.

Кездесу барысында біз де бірнеше жұмыс берушінің түлектер туралы пікірін тың­даған едік:

– «Astana Polytechnic» жоғары колледжімен біздің ұжым 12 жылдан астам уақыттан бері, өзім басшылыққа келгелі 5 жылдай ынтымақтаса жұмыс істеп келемін. Жыл сайын 4-5 студент өндіріс орнына тәжірибеден өтуге келетін болса, соның бірнешеуін міндетті түрде жұмысқа аламыз. Механиктер, автоэлектриктер, тағы басқа мамандар дуальді оқыту бойынша қабылданады, оларға міндетті түрде тәлімгерлер бекітіледі, мамандықтың қыр-сырын үйренеді, сосын емтихандар тапсырып, дипломдық жобаларды қорғау бойынша қорытынды аттестаттаудан өтеді. Жалақыға келсек, жұмысы ұнаса, өзін жақсы жағынан көрсетсе, студенттерге мотивация беру мақсатымен жалақысын да төлеп, ынталандырамыз. Тек, өкініштісі сол, жастар жұмыс тауып, кәсібімен жұмысқа тұрғанда әскери міндеттілікпен әскер қатарына алынады. Алдағы уақытта ойлаймын қажетті мамандарға әскери-техникалық оқуды жұмыс істеп жүріп ұштастырса деген тілек бар. Себебі бізге маман керек болғандықтан, оны бір жыл күтіп отыра алмаймыз, орнына басқа жасты тартуға тура келеді. Өйткені оқу орнында тәлімгерлермен оқып, білім бағдарламасын, мамандығы бойынша басты керек дағдыларын меңгерген жастар сұранысқа сай жұмыс істейтін болады, – дейді «AVTOLAND-NS» ЖШС желілерінің директоры Рустам Жаңабергенов.

– Біздің отель қаладағы 4 колледжбен осы салада ынтымақтаса жұмыс істейміз. Соның ішінде дуальді оқытумен екі колледжбен, «Astana Polytechnic» жоғары колледжімен де әлеуметтік серіктес ретінде бірлесе жұмыс істеп келеміз. Қонақ үй шаруашылығын ұйымдастыру, аспаз, кондитер, даяшы секілді негізгі мамандықтар бойынша үш айға дуальді оқыту бойынша студенттер практикадан өтуге келеді, егер бос жұмыс орны болса, онда келісімшарт жасалып, жұмыс барысында да оқу бағдарламаларын барынша игеруге тырысады. Ал біздің қонақүй 15 жылдан бері осы колледжбен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді, бос жұмыс орны болған жағдайда түлектердің 25%-ын жұмысқа қабылдап отырмыз. Оның ішінде аспаз, кондитер, әсіресе, үш тілге жетік ресепшн маманы үлкен сұранысқа ие. Олар алыс-жақын, шетелдік қонақтарды қабылдап, қажетті қызметті көрсете алады. Колледж түлектері әкімшілік қызметкері ретінде өсу үшін де жоғары оқу орнында білімін жалғастырып, болашақ карьерасын жасап жатады. Жалпы, біздің тәжірибелі қызметкерлер де, педагогтар да практикалық базада тағылымдамадан өтіп жүргенін айтуға тиіспіз, – дейді Radisson Астана «Инком Астана» ЖШС отелінің өкілі Оксана Никон.

– Колледжбен Радиотехника және байланыс мамандығына оқып жатқан студенттерді іс-тәжірибеден өткізуге қатысты келісімшарттар жасаймыз да практикалық сабақтарды жүргіземіз, 2-3 курс студенттерін салаларға бөліп, тәлімгерлерді бекітіп, дайын кадр етіп даярлау­ға күш саламыз. Олар практика барысында құрал-жабдықтарды қолданып, ұстап көріп, оқыған теориясын практика жүзінде жүзеге асырады. Сондай-ақ олар техникалық қауіпсіздікті сақтай отырып, кәсіпорынның толыққанды қызметкері секілді жұмыстың барлық кезеңінен өтеді. Практикасы біткен кезде арнайы сынақтан, тестілеуден өтеді, яғни бізге не керек, не актуалды соған оқытамыз. Жылына кем дегенде колледжде білім алған жүз шақты студентті қанатымыздың астына алып, тәрбиелейміз, жұмысқа аламыз. Бізде жұмыс істеген мамандар мемлекеттік органдарда да, жеке кәсіпте де табысты  қыз­мет жасап жүргенін айтқым келеді, себебі олар – байланыс жүйесінің білімін жетік меңгергендер, жақсы оқуды жемісті еңбекпен ұштастыра білгендер, – дейді «Қазақтелеком» департаментінің директоры Александр Герасько.

– Біз жыл сайын жұмыс берушілермен дөңгелек үстел басында, ашық түрде маман даярлаудың сапасын арттыру үшін қандай оқу бағдарламаларын енгізу керектігін бірлесе отырып ақылдасамыз, шешеміз. Оқу бағдарламаларын игерген студенттер келісімшарт жасасқан сол кәсіпорындарға тәжірибеден өтуге барады, олармен дуальді оқыту бойынша, әрі қарай жұмысқа алу туралы келісімдерге қол қойылады, тек ер балаларды әскери міндеттілік бойынша шақырып әкеткен жағдайда бұл орындалмай қалуы мүмкін. Осынау бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі биыл екінші рет өткізіліп отырғанын және екі жаққа да өте тиімді екенін айтуымыз қажет. Былтыр біз жәрмеңкені кәсіпорын басшыларын шақыра отырып, даладағы ашық алаңда, яғни студенттердің жұмыс берушілерге сұрақтарын қойып, жауабын ала алатындай, жалақысы жайында егжей-­тегжейлі білуге болатындай етіп жасадық, оған 38 жұмыс беруші қатысты, жәрмеңке өте нәтижелі болды. Жалпы, түлектеріміз үлкен сұранысқа ие, кейін жұмыс орнынан бізге Алғыс хаттар да келіп қуантып жатады. Сонымен қатар, біз түлектеріміздің қайда орналасып, орныққанын бәрін қадағалап, біліп отырамыз, – дейді «Astana Polytechnic» жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Ирина Ракишева.

Кездесуде министр А.Аймағамбетов ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, «Атамекен» ӨКП, Астана қаласы білім басқармасының, жергілікті атқарушы органдардың Алғыс және құттықтау хаттарымен белсенді жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестерді марапаттады. «Жұмыс беруші» күнін, бос жұмыс орны жәрмеңкесін ұйымдастырып, атсалысқандары үшін тағы да барша әріптесіме және жұмыс берушілерге алғыс айтамын, – деді А.Аймағамбетов.

Іс-шара меморандумдарға қол қою рәсімімен қорытындыланды.

P.S: Қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының негізгі міндеттерінің бірі. Колледжде балалардың тегін білім алып, білікті маман болып қалыптасуы – Мемлекеттің, ел Президентінің айрықша бақылауында. «Astana Polytechnic» жоғары колледжі – сол биік талап үдесінен шығып отырған білім ордаларының бірі. Колледжде ұсынатын көптеген мамандықтар үлкен сұранысқа ие. Жоғары білікті жас маман өзіне ғана емес, еліне де пайдалы еңбек жасап, мемлекетіміздің көркеюіне үлесін қосады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button