Мәдениет

«БІЛІМ АЛУ – ӘРБІР МҰСЫЛМАН ЕР-ӘЙЕЛГЕ ПАРЫЗ»

Ислам діні пайда болғаннан бері 14 ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл әлемдік дін деңгейіне көтерілген ислам үшін көп уақыт болмаса керек. Дегенмен, ислам діні осы уақыт арасында әлемдік өркениет пен мәдениетке ауқымды үлес қосты. Оған исламның өзінде жатқан ғылымға деген көзқарасы ықпал етті деуге болады. Исламның ғылым мен білімге үндеуі сол кездегі адамдар үшін өте үлкен жаңалық болғандығы шындық.

Осы ғылым мен білімге бай­ланысты пайғамбардың көптеген хадистері бар. Мәселен, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) бір хадисінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер-әйелге парыз» немесе «Қытайда болса да барып білім алыңдар», не болмаса, «Хик­мет – мұсылманның жоғалтқан малы, қай жерден тапса сол жерден ала­ды» деген мағынадағы хадистердің өзі исламның білім-ғылым туралы ұстанымын түсінуге жеткілікті. Осы қағидатты ұстанған мұсылман әлемінен орта ғасырлардың өзінде-ақ әлемдік деңгейдегі ғалымдар шықты. Демек, ислам әлемінің артта қалуының астарында мұсылмандар исламның өзіне жете көңіл бөлмеуі жатыр десек қателеспес едік.

Қазіргі таңдағы ғылымның даму­ына Батыстың қосқан үлесі қанша болса, Батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуіне мұсылман ғалымдардың қосқан үлесі де өте зор. К.Бодлейдің айтқанындай, қазіргі Батыс мәдениеті ренессансқа, ренес­санс өз кезегінде исламға қарыздар.

Осындай әлемдік деңгейдегі ғалымдарды тәрбиелеген, орта ғасырларда барлық дүниеге үлгі болған ислам әлемі қазіргі кез­де неге артта қалып отыр деген сұраққа әртүрлі жауап беруге бо­лады. Оның себебін исламның ішінен іздеушілер де бар. Мәселен, исламдағы «тағдыр» түсінігі ту­ралы сөз болғанда, осы исламның артта қалуының бір себебі ретінде айтылып қалады. Яғни, мұсылмандар құдайдың тағдырына сеніп, еңбек етпей, артта қалып қойды дегісі келеді. Осы тағдыр жөнінде біздің халқымыздың арасында да небір мақалдар пайда болған. Мәселен, «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» деген мақалдың аста­рында еңбектенбесең де, Алла беремін десе береді. Болмаса араб халқының «Саған бұйырған нәрсе таудың астында болса да сенікі» деген сияқты түсініктері осы тағдыр түсінігінің мұсылман халықтардың арасындағы көрінісі деуге болады.

Кезінде, бүкіл әлемді мойындатқан мұсылмандардың тең жартысы сауатсыз көрінеді. Кейбір елдердегі сауатсыздық деңгейі алаңдатады: мәселен, 2008 жылғы деректер бой­ынша ересек әйелдердің Алжирде 34%, Бангладеште 52%, Мысырда 40%, Мароккода 58%, Пәкістан мен Йеменде 60%, Түркияда 20% адам­дар сауатсыз.

Дегенмен, бұл ислам әлемі енді құрдымға кетті. Баяғы өркениет пен ғылым енді келмейді деген сөз емес. Осы орайда, ислам елдерінің дамуы кімге пайдалы деген сұрақ туындай­ды. Соңғы кездері, исламға тағылып жүрген кінә, экстремизм және терроризм жоспарлары кімдерге қызмет етіп отыр дегенді ойланатын болсақ, мұсылман елдерінде туын­дап отырған түйткілді мәселелерге алдымен мұсылмандардың өздері себепкер. Дегенмен дамыған елдердің көзқарасынан да оң қадам байқалмайды.

Сондықтан, көптеген мұсылман ғалымдар осы мәселелер төңірегінде пікір айтқан. Мұсылмандардың оянатын, алға қарай қадам басатын, әлемдік өркениет көшіне еретін кезі келді деп санаймыз. Ол үшін білім мен технологияға бет бұру керек. Бұл мәселе бүгін ғана қозғалып отырған дүние емес. Қаншама ғалымдар бұл дағдарыстан құтылудың себептерін қарастырып, ең басты себебі ретінде жалқаулықты, орынсыз тәуекел етуді атап көрсеткен.

Шибили Нұғмани мәселеге қоғамдық тұрғыдан қарап, ислам бойын­ша адамзаттың дамуы, құлдырауы қайтадан өрлеуі, не болмаса, құрып кетуі адамдардың өздерінің еңбегі мен қажыр-қайратына байланысты болғандығын айтады. Өйткені, дін мен дүниенің бақыты сол адамның еңбегіне келіп тіреледі. Құранда: «Адам баласы тек еткен еңбегінің ғана жемісін көреді».

Бұл жөнінде хакім Абай да: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дейді.

Астанада өткен VII Дүниежүзілік Ислам экономикалық Форумын­да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығы мұсылман үмбеті үшін ауыр сынақтармен басталды. Әлемдік қаржы дағдарысы, азық-түлік импортына тәуелділік, жастар мәселесі және басқа да түйткілді жайттар Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелең туғызды. Тунис пен Мысырдағы саяси режимнің ауысуы, Ливия ұшыраған гуманитарлық зауал жүздеген мың босқындардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдерінің көштің соңында қалуы анық байқалды. Бір жарым миллиардқа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр», – деді өз сөзінде.

Ислам дін ретінде ешқандай дағдарысқа түспейді. Бұл – қазіргі дүниедегі ең қарқынды тарап келе жатқан дін. Елбасы Н.Назарбаев әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі өзінің экономика саласындағы әлеуетіне мүлдем сай келмейтінін атап көрсетті. Оған ИКҰ-ның есептеріндегі көрсеткіштер дәлел. Мәселен:

Ғылыми белсенділік:

1996-2005 жылдары жарияланған ғылыми және техникалық журнал мақалалары бойынша: Ауғанстанда 1 миллион адамға шаққанда 2,5 мақаладан келсе, Пәкістанда 53, Қазақстанда 150, Түркияда 1,240 мақаладан келеді екен. Ал, Финлян­дияда бұл көрсеткіш 16,556 және Ирландияда 14,930 мақаладан! Ирландияның төрт-ақ миллион халқы бар екенін ескеріңіз. Арадағы алшақтық жер мен көктей!

Зерттеу және дамыту (R&D): 1996-2003 жылғы деректер бойын­ша, мұсылман елдері жалпы ішкі өнімдерінің (ЖІӨ) тек 0,38 пайы­зын зерттеу және дамытуға жұмсаса, АҚШ 2,67%, Қытай 1,31%, Оңтүстік Корея 2,64% және Израиль 4,72 пайызын зерттеу және дамыту сала­сына жұмсайды (World Bank, World Development Indicators).

Жоғары технология (Hi-Tech):

2004 жылы барлық мұсылман елдерінің әлемдегі жоғары технологиялық өнімдер (ЖТӨ) экспортындағы үлесі не бары 4,1% болған. Осы көрсеткіштің, яғни 4,1 пайыздың 97 пайызын мына үш мұсылман елі құрайды: Малайзия, Индонезия және Түркия. Қалған 54 мемлекет үш-ақ пайызға ие. Осы са­наттан әлемдегі ЖТӨ экспортының АҚШ 15% және Қытай 11% өндіріп отыр.

Кедейшілік:

Индонезия халқының 52,4% күніне 2 доллардан кем табыс та­бады екен. Бұл елде 200 миллион мұсылман барын ұмытпаңыз. Сол сияқты күніне 2 доллардан кем табатындардың мөлшері Мысырда 44%, Пәкістанда 74%, Нигерияда 92,4%, Бангладеште 82,8%, Түркияда 18,7% (БҰҰ, Адам дамуы есебі, 2006 ж., UNDP, Human Development Report 2006). Мұсылмандардың басым көпшілігі аштық және кедейшілікте өмір сүріп жатыр.

Бәсекеге қабілеттілік:

Дүниежүзілік экономикалық форумның 2006-2007 жылғы «Әлем бойынша бәсекеге қабілеттілік есебіне» қарағанда, Швейца­рия бастаған мықтылар тізімінде мұсылман елдерін көре алмайсыз, олар тек артқы орындарда. Малай­зия ғана 26-орында тұрса, Қазақстан 56-орынды иемденген.

Бұл көрсеткіштер мұсылмандардың арасында мүлде қазіргі заман талабына сай ғалымдар жоқ дегенді білдірмейді. Қай жерде ғылымға баса назар аударылып, ғалымдардың қадірі жоғары болса, танымал ғалымдар сол жақта жұмыс жасағанды ұнатады. Бұл тұрғыдан батыс елдері алда тұр. Сондықтан, біздің еліміздің өзінен қаншама ғалымдар басқа елдердің ғылымына үлес қосып жүргені шындық.

Қорыта келгенде, ислам елдері дамыған елдермен салыстырғанда, бірнеше ғасырға артта қалғандығы шындық. Ал, осы кемшіліктің орнын толтыру үшін мұсылмандар ислам дініне шынайы бет бұрып, исламды толық меңгерсе, діннің талаптарын толық ұстанса, оның ішінде, білім іздеу талабы да бар, ислам әлемі ең дамыған елдердің қатарынан орын алары сөзсіз. Өйткені, мұсылман елдерінде әлемдік қазба байлықтың басым қоры орналасқан. Құранда, халықтың өзгеруіне қатысты: «Шынында, Алла ешбір қоғамды олар өз-өздерін өзгертпейінше, өзгертпейді» деп бұйырылады (Рағд сүресі, 13/11). Олай болса, алдымен білім, екіншіден еңбек жеке адам үшін де, мемлекет үшін де дамудың даңғыл жолы болып табылады.

Тышхан КЕҢШІЛІК,
Астана қаласы Дін істері департаментінің жанындағы Сарапшылар Кеңесінің мүшесі
,
ЕҰУ оқытушысы, Философия ғылымдарының кандидаты 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button