Басты ақпарат

Білім беру жүйесіне өзгеріс не үшін қажет?

Қазіргі таңдағы білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – ой-өрісі дамыған, шығармашылық деңгейде қызмет ете алатын, дүние-танымы биік, бәсекеге қабілетті, жан-жақты, сыни ойлай алатын жеке тұлға тәрбиелеу.

[smartslider3 slider=3607]

Қазіргі замандағы жаһанданып жатқан әлемде бәсекелестік жағдайына тез бейімделу қабілеті тұрақты дамудың ең маңызды факторы болып табылады.

Әлем елдеріндегі білім беру жүйесінің құрылымы әртүрлі. Бұл жүйе ерекшеліктеріне қарай даму үстінде. Себебі кез келген елдің бәсекелестік мүмкіншіліктері көбіне білім беру жүйесінің жай-күйімен анықталатын мемлекеттің әлеуметтік капиталының дамуына тәуелді.

Білім деңгейінің жоғарылығымен танылған мемлекеттер жаһандану үдерісіне сәйкес реформалар жүргізуде. Білім беру жүйесіндегі реформаға негізделген әлемдік дамудың негізгі үрдістері:

– қоғам дамуының жылдамдығы;

– ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқындылығы;

– ғаламдық проблемалардың шығуы және анықталған тақырыптарды бірлесіп шешу мәселелері;

– қоғамның ашық демократиялығы;

– экономиканың өсуі мен бәсекелестіктің  қарқынды жүруі;

– адам ішкі әлеуетінің мүмкіндіктері.

Дүние жүзінің білім жүйесін зерттеген сарапшылар әртүрлі көрсеткіштерді ала отырып, көптеген елдердің білім жүйесін салыстырған. Көрсеткіштер бойынша дүние жүзінің 26 мемлекеті өздерінің білім жүйесінің озық үлгілерімен ерекшеленген. Солардың қатарында Ирландия, Дания және шығыстағы Тайвань елі де бар.

Әр елдің білім жүйесінің ерекшеліктері бар. Ирландияның білім беру жүйесі алдыңғы дамыған мемлекеттердің қатарына кіреді. Сонау орта ғасырлардан бері осы елде білім беру ісі ең маңызды іс болған. Сондықтан болар Ирландияны «әулиелер мен оқымыстылар аралы» деп атаған.

Ирландияда білім беру ісі жақсы жолға қойылған. Еуропа елдері бойынша Ирландия мектептегі сабақтар саны көп, ағылшын оқушыларына қарағанда ирландықтар әр түрлі деңгейдегі емтихандарды көбірек тапсырады. Ирланд мұғалімдеріне қойылатын талаптар да жоғары. Ұстаздардың жалақысы өте жоғары. Мұғалім – мәртебелі мамандық иесі.

Қазіргі уақытта Ирландияда білім беру ісін басқару және жауапкершілік Білім және ғылым департаментіне (DES) жүктелген. Департамент білім беру аспектілерін қарастырып, оқу жоспарлары мен ұлттық сынақ байқауларын өткізеді.

Орта білім беру сатысындағы мектептер орта мектеп, кәсіптік мектеп, қоғамдық және бірыңғай мектеп болып бөлінеді. Мектептің типі қаржыландыру көзіне байланысты анықталады.

Ирландияда 12 жылдық білім беру жүйесі қалыптасқан. Міндетті білім алушылар 6-19 жас аралығындағы балалар қамтиды. Бұл елдегі барлық бастауыш мектеп 1999 жылдан жалпы мектеп бағдарламасы – The Primary School Curriculum-мен жұмыс жасайды. Бастауыш сыныпта оқушылар негізгі пәндер және ана тілі, ағылшын тілі, дінтану, дүниетану пәндері бойынша тәлім алады. Бастауыш сынып оқушыларының сабақтары ойын түрінде және топтық жұмыстар негізінде жүргізіледі. Балалар жастайынан өзара әрекеттестікте, бір-бірімен қарым-қатынас жасау дағдысы қалыптасып, жастайынан қоғам өміріне бейімделе алатындықтарын зерттеу нәтижелерін көрсетті.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіне өте көп өзгерістер енгізілді. Солардың ішінде 12 жылдық білім беру, 3 тілде оқыту, топқа бөліп оқыту, бағалау жүйесі. Қазақстан Республикасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында педагог кадрлардың кәсіби-тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру басты мақсат екендігін атай келе, 12 жылдық білім беруде педагог төмендегідей құзыреттіліктерді игеруі міндетті деп көрсетілген.

  1. Арнайы құзыреттілік – өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті.
  2. Әлеуметтік құзыреттілік – кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.
  3. Білім беру құзыреттілігі – педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.

Ендеше құзыреттілік дегеніміздің өзін қазіргі заман талабына сай педагог қауымының өзін-өзі өзгерте алу қабілеттілігі деп түсінуге болады. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістерді күнделікті оқу үрдісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет екендігі айқын көрсетілген. Студенттер оқытушы қауымнан тек білімге ғана емес, өмірге үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр. Демек, болашақ педагогтеріміз осы ақпараттық қоғамнан қалыспай, жедел ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, ерекше ұйымдастырушылық қабілетті, нақты бағыт-бағдар беруші болып шығуы – қазіргі заманның талабы. Құзіреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі – болашақ мұғалім. Қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, ойлаудың, интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзіреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.

Менің ойымша, 12 жылдық білім беру жүйесі дұрыс. Бірақ ол сапалы болып, мектепте оқушының өміріне қажетті пәндер оқытылуы керек. Жеке басым мектепте 8-сыныптан бастап оқушының қызығушылығына қарай, таңдаған мамандығына қарай пәндерді жетік оқытатын едім. Сонымен қатар, теория жүзінде ғана емес, практика жүзінде де жұмыс істейтін едім. Ұстаз оқушылармен емін-еркін қарым-қатынаста болуы керек деп ойлаймын. Егер білім сапасыз, әрі қажет емес пәндер оқытылса, баланың оқуға деген қызығушылығы да кемиді. Уақытты босқа өткізу болады.

Ал 3 тілділікке келетін болсақ, бұл жүйені 5-сыныптан бастап енгізген абзал. Себебі, бастауышта оқушылар алдымен өз тілдерін жетік білулері қажет. Егер де бұл жүйе бастауыштан бастап қолданылса, онда тіліміздің деңгейі төмендейді, тіліміз шұбарланып кетеді.

Қазақ тілі ең бай тілдердің қатарында. Сөздік қоры бойынша 3-ші орында. Сондықтан тілімізді құрметтеп, сақтайық. Тілсіз, дінсіз ұлт болмайды. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте» деген бар емес пе?!  3 тілділік арқылы көп ақпарат алуға мүмкіндігіміз ашылар еді. Себебі, дамыған елдердің бәрінде ағылшын тілі қолданылады. Осының арқасында көп зерттеулер жүргізіліп, жаңа технологиялар жасалынатын еді. Тіпті бұрыннан ақ дәрі-дәрмектер ағылшын не латын тілінде жазылған. Қазіргі таңда 3 тілділік пен латын тіліне көшу арқылы өмір сүруіміз оңай бола түсер еді.

Кәсіби шеберлігіміздің зор, білім өрісіміздің кең, зиялылық және танымдылық деңгейіміздің жоғары болуы үшін өзге елдің мәдениеті мен ділін ұғыну үшін үйренгеніміз жақсы. Алайда елімізге оңай соқпасы хақ. Алдымен мұғалімдерді үйретіп, кейін оқушыларға үйреткен жөн болар еді. Шет тілдерді меңгеру Қазақстан секілді дамушы елдер үшін аса маңызды мәселе. Ол – еліміздің экономикасын, мәдениеті мен ғылымын дамыған мемлекеттер қатарына енгізуде маңызды рөл атқаратын алғышарт. Көптілділік, үш тұғырлы тіл ұлт келешегінің бағдаршамы екендігін әрқашан әрқайсымыздың қаперімізде болғаны абзал.

Қазіргі таңдағы білім беру жүйесіндегі мәселелердің бірі кітап деп айтар едім. Қазіргі жаңа оқыту бағдарламасына байланысты жазылған 5-7 сынып оқулықтарында кемшіліктер бар деп есептеймін. Кітаптарда тақырып ашылып жазылмаған, ақпарат өте қысқа жеткізілген. Мысалы, қазіргі кезде қазақ тілі кітаптарында ережелер аз кездеседі, тіпті жоқ деп те айтсақ болады. Бұл дұрыс емес. Оқушы ережені білмесе, жазу сауаттылығы төмендейді. Солай кете берсе, ұрпағымыз сауатсыз болмай ма деген ой мазалайды.

Тағы айта кететін мәселе – оқушыларды бағалау жүйесі. Бұрынғы бағалау әділетсіз болатын деп есептеймін. Қазіргі кезде баллмен есептеу жүйесі қолданылады. Бұл – ұстаздарға тиімді жүйе. Алайда әлі де шикіліктер бар. Осы мәселені шешуге атсалысқанымыз жөн. Әлі де техникамен қамтамасыз етілмеген мектептер саны көп.

Білім деңгейіннің төмен болуы білімі нашар мұғалімнен, не педагогикадағы әдістерді дұрыс қолданбаудан. Егер әрбір адам өз ісінің шебері болғанда, өз мамандығын 100 %-ға емес, 200%-ға білгенде, бәрі де керемет болар еді. Педагогика саласындағы олқылықтар мен мұғалімдердің қағазбастылығын көрген оқушылар педагог болуға талпынбайды. Педагогикаға бармауының, таңдамауының себептерінің бірден бірі – осы. Мұғалімдікті бітіргенімен, өз мамандығымен істемейтіндер де елімізде жетерлік. Сол себепті қазіргі таңда мұғалім жетіспеу­шілігі мәселесі туындап отыр.

Елжан ӘСІЛБАЕВ, Нұр-Сұлтан қаласы Ә. Бөкейхан атындағы

№76 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button