Елорда тынысы

Білім беру мәселесі талқыланды

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов мектеп және колледж мұғалімдерімен кездесіп, білім беру саласын одан әрі дамыту, оқу орындарын салу, инклюзия кабинеттерін ашу, грант бөлу секілді өзекті мәселелерді талқылады.

«Оқу орындарының құ­рылысын жүргізуге, білім беру сапасын арттыруға, жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға бірдей көңіл бөлеміз. Ең алдымен, жас мамандарды қызықтыру мақсатында жыл сайын білім грантын бөлеміз. Мәселен, 3 жыл ішінде 1400 грант берілген болса, биыл 1 мыңнан астам білім грантын бөлдік. Сол сияқты жеке инвестордың есебінен педагогикалық институт салуды жоспарлап отырмыз. Білім беру саласының қызметкерлеріне арналған бірқатар тұрғын үй бағдарламасы бар. Екінші мәселе – әлеуметтік нысандар салу. Бұл – жүйелі жұмысымыздың маңызды бағытының бірі. Осы мақсатта 420-дан астам жер учаскесі белгіленді: мектеп салу үшін – 158 учаске, балабақша үшін – 185, медициналық орталық үшін (емхана, перзентхана, оңалту орталығы) – тағы 78 учаске. Әлеуметтік нысандарды салу үшін жер учаскелерінің санын жыл сайын ұлғайтамыз» деді қала басшысы.

Әкім 2019 жылдан бастап 93 мың оқушыға арналған (2 ауысымда) 45 мектеп салынғанын айтты. Оның 9-ы биылғы оқу жылында ашылады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 84 мыңнан астам оқушыға арналған (2 ауысымда) 23 аса ірі мектепті жобалау жұмысы басталды. Олардың құрылысын келесі жылы бастаймыз. Сол сияқ­ты 40-қа жуық оқу орнында (мектеп, балабақша, колледж) күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді, мектеп кітапханаларының 38 пайызы жаңғыртылды, бірқатар қосымша білім беру орталығы, оның ішінде шахмат үйірмелері ашылды» деді ол.

Ерекше қажеттілігі бар жандардың кедергісіз өмір сүруі үшін жайлы орта құру жұмысы жалғасады.

«Биыл қыркүйек айынан бастап көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 4 арнайы сынып аштық. Ал желтоқсан айында аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталған іс-шараның бәрін әрі қарай дамытуды жалғастырамыз. Білім беру саласының мамандарымен өтетін тұрақты кездесулер проблемаларды жылдам шешуге, сол сияқты жоспарымызға міндеттер енгізуге мүмкіндік береді» деп сөзін түйіндеді Алтай Көлгінов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button