Білім саласына айырықша көңіл бөлінуде
Президенттің жыл басында ұлттық баспасөзіміздің бірі «Ana tili» газетіне сұқбат беріп, онда өткен жылды қортындылап және алдағы атқарылатын шаруаларды айқындауы бізге ой салды. Шын мәнінде 2024 жыл еліміз үшін ауқымды жұмыстар іске асырылған айырықша жыл болды.
Соның бірі Астанада былтыр Президенттің тапсырмасына сәйкес 24 мектеп іске қосылды.Оның 16-сы жайлы мектеп. Бұның өзін тарихи жетістік деп атауға болады.
Жалпы қазіргі уақытта әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға айтарлықтай көңіл бөлінуде, бұл еліміздің болашағына деген зор жауапкершілікті көрсетеді.
Оған Президент де арнайы тоқталып «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылады» деп атап өтті. Бұл қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалардың маңыздылығын айқындап тұр.
Әсіресе, мұнда білім беру саласындағы реформалар да үлкен маңызға ие. Президент сұқбатта «Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланған» деді. Бұл шын мәнінде білім беру инфрақұрылымының дамуы мен мектептердегі орын тапшылығын шешу мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көрсетеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Мақсатымыз – апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін, сондай-ақ мектептегі орын тапшылығына қатысты түйткілдерді толығымен шешу» деп айтқан сөздері осы бағытта іске асырылып жатқан жобалардың қоғамға қажеттілігін айқындайды. Шындығында да бұл бастамалардың жүйелі түрде жүзеге асып, мектептердің салынуы білім сапасын арттырып, балалардың болашақта жақсы білім алуына мүмкіндік береді.
Бұл бастамалар қоғамның тұрақты дамуына, халықтың өмір сапасының жақсаруына және әлеуметтік теңдіктің орнауына бағытталған маңызды қадамдар деп санаймын. Мемлекет тарапынан осындай ауқымды жобаларға қаржы бөлінуі, бізді болашақта әлеуметтік инфрақұрылымның сапалы әрі тиімді дамуына жетелейді деп сенемін.
Марат Мустафин,
Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы