Білім саласында дәстүрлі алқа отырысы өтті

Астанада қаласындағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында білім беру мазмұнының сапасы, менеджмент, заманауи инфрақұрылым, балалардың қауіпсіздігі және экономика үшін кадрлар даярлау тақырыбында ҚР Оқу – ағарту министрлігінің дәстүрлі алқа отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Аталған шараға өңірлік облыс әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармалары және әдістемелік орталық басшылары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың жетекшілері, сарапшылар, ата-налар қауымдастығы өкілдері және «Қазақстанның Еңбек ері» атағының иегерлері, ардагер ұстаздар, педагогтер қатысты.
Алқасы мәжілісінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өткен жылды қорытындылап, білім беру сапасын одан әрі арттырудың басым бағыттарын айқындап берді. Ол орта білім беру мазмұнының қайта қаралғанын, ал жаңа МЖМБС жобасына «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына енгізілген құндылықтар енгізілгенін атап өтті.
«Білім беру тәрбиемен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың бойына құндылықтар жүйесін қалыптастыруға және нығайтуға бағытталған алты негізгі жобаны қамтитын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бұл жұмыстың тиімділігі көп жағдайда сынып жетекшілеріне байланысты. Сондықтан оны мол тәжірибесі бар білікті ұстаздардың орындауы маңызды. Тәрбие бағдарламасының тұжырымдамалық негіздерін ескере отырып, педагогтердің сынып жетекшілігіне деген көзқарасын түбегейлі қайта қарау керек», – деді Ғани Бейсембаев.
Ведомство басшысы елімізде білім беру сапасын бағалаудың өзіндік ұлттық жүйесі қалыптасқанын атап өтті. ББЖМ қазақстандық бағалау құралы RCEC сараптама және сертификаттау ғылыми-зерттеу орталығында халықаралық деңгейде танылды, осылайша Қазақстан Орталық Азиядағы білім беру сапасын бағалау жүйесі бойынша аккредиттеуден өткен жалғыз елге айналды.
«Министрлік педагогтің үздіксіз кәсіби даму процесі ретінде біліктілікті арттыру парадигмасын қайта қарады. Барлық рәсім «Ұстаз» ұлттық платформасында автоматтандырылған. Биыл алғаш рет платформада 88 мыңнан астам модератор мен сарапшыны аттестаттаудан өткізу жоспарлануда», – деді министр.
2024 жылы бірден екі педагог «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие болды. Бұл – еліміздің педагогтерінің еңбегіне Президент тарапынан берілген жоғары баға мен құрмет, артылған зор сенім.
Сонымен қатар министр «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын бұзу фактілеріне алаңдаушылық білдірді.
«Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер заң бұзушылықтардың 120 жағдайын тіркеді. Атап айтқанда, Семей қаласында мұғалімдерді тиесілі емес функцияларға тарту соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтырды. Өңірлердің басшылығын заңды қатаң сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырамын», – деді Ғани Бейсембаев.
Елімізде 7 мыңнан астам мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап жаңа форматтағы басқарушыларды даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылуда. Қазірдің өзінде республикалық кадр резервіне 583 кандидат алынды. Алайда министр кейбір өңірлердің сапалы кадрларды басшылыққа тағайындауына немқұрайлы қарап отырғандарын да айта кетті.
Сонымен қатар, балалар қауіпсіздігі, инклюзивті білім беру, оқушыларды сапалы тамақпен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасында алшақтықты азайту, «SMART ОҚУ АҒАРТУ» жобасы, кәсіптік оқытуды транформациялау сияқты көптеген мәселерге тоқталды.
«2024 жыл білім беру инфрақұрылымы үшін маңызды кезең болды. Тәуелсіздік тарихында алғаш рет мектептердің рекордтық саны салынды. 2023 жылы 165 мектеп қолданысқа берілді, 2024 жылы 257 мектеп бой көтерді, оның 105-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Оларды тиімді басқару үшін Министрлік бірыңғай жүйе әзірледі», – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Сөз соңында министр азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауға тоқталды. Ол педагогтер үшін өздерінің құқытарының қорғалғанын, ал олардың қызметіне қатысты шешім қабылдауда объективтілік пен заңның сақталуы маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ алқа отырысында ғалымдар, педагогтер, ата-аналар, жас педагогтер, балабақша меңгерушісі, жекеменшік мектеп, орталық басшылары, сараптамалық және бизнес-қоғамдастық өкілдері сөз сөйледі. Олардың қатарында, Педагогика ғылмдары академиясының академигі, белгілі педагог, ардагер ұстаз, «Қазақстан еңбек ері» атағының игері Аягүл Төреқызы Миразова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауымбай Қарамбаев, ата-аналар қауымдастығы өкілі, белгілі әнші Нұрлан Өнербаев, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар сияқты белгілі адамдар бар. Жарыс сөзге шыққан барлық өкілдер оқу-ағарту саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын және алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқару үшін маңызды ұсыныстарын білдірді.