Басты ақпаратБілім

Білім сапасын қайтсек арттырамыз?

Білім беру жүйесінің басты проблемасы – төмен сапа. Бұған бірқатар зерттеудің нәтижесі дәлел бола алады. Халықаралық PISA бағдарламасының соңғы зерттеуіне сәйкес, еліміз оқу сауаттылығынан 81 елдің ішінен 61-орында тұр. Осы тұста жақында Астанада Мәжіліс қабырғасында оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту жөнінде тақырыптық отырыс өтті. Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВАДАН білім сапасын арттырудағы түйткілді мәселелерді сұрадық.

Сапалы оқу негізі – жүйелі бағдарлама

 – Жұлдыз Досбергенқызы, бүгінде мемлекеттік орта білім беру бағдарламасын жаңа стандартқа сай қайта қарау туралы мәселе талқыланып жатқаны белгілі. Мектептегі білім беру сапасына жаңа стандарт қалай әсер етпек?

– Білім сапасын арттыру – бүгінгі таңда еліміздің стратегиялық дамуының негізі. Әлемдегі технологиялық өзгерістер мен жасанды интеллектінің жылдам дамуы білім беру жүйесіне үлкен талаптар қояды. Бұл жағдайда білім стандарттарын қайта қарастыру, сондай-ақ мектептердің білім беру бағдарламалары мен олардың материалдық-техникалық базасын күшейту өте өзекті деп санаймын. Заманауи білім беру тек оқу бағдарламаларын жаңартумен ғана шектелмейді, бәсекеге қабілетті болу үшін оқушылардың дағдыларын жаңа технологиялармен, цифрлық құралдармен және жасанды интеллектпен үйлесімді түрде дамытуға бағытталуы тиіс.

Білім беру стандарттарын қайта қарастыру – тек білім мазмұнының өзгеруі ғана емес, сонымен қатар оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға, шығармашылыққа, инновация­лық шешімдер қабылдай білуге үйретуге мүмкіндік беретін жаңа тәсілдерді енгізу. Әсіресе ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдану дағдыларына ерекше көңіл бөлген жөн. Мұндай білім беру жүйесі болашақ ұрпақтың жаңа әлемде, жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелердің дәуірінде бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді. Сондай-ақ мектептердің инфра­құрылымын жаңарту да – білім сапасын арттырудың негізгі аспектісі. Заманауи оқу құралдары мен цифрлық ресурс­тарды пайдалану оқушылардың білім алу процесін айтарлықтай жақсартады. Технологиялардың қарқынды дамуы, жаңа білім беру стандарттарының енгізілуі және мектептердің инфрақұрылымын жаңарту – осының бәрі елімізді әлемдік білім беру бәсекесінде жоғары деңгейге көтеруге бағытталатын кешенді шаралар.

– Оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту жөнінде тақырыптық отырыста қандай мәселелер қозғалды?

– Парламентте білім сапасын арттыру, оқу мазмұнын өзгертуге қатысты талқылау алғаш рет жүргізілді. Біз бір ғана отырыспен шектелмейміз, әлі де талқылаулар өтеді. Отырыс барысында оқулықтарды даярлау, бағалау жүйесі, оқу пәндерін алып тастау және қайта енгізу мәселесі сөз болды. Мәселен, «Көркем еңбек» пәнін оқыту мәселесі қайта қарастырылуда. Бұл пән бұған дейін де оқытылып, онда сурет, музыка және еңбек пәндері кіріктірілді. Меніңше, пән қайта оқытылуы керек. Қоғам арасында еңбек құндылығын насихаттау өзекті. Бірақ оған сурет пен музыка пәндері қабыспайды, себебі бағыттары әртүрлі. Бұл пәндерді бірге алып жүретін педагогтар да тапшы. Осы себепті барлығын қойыртпақ қылмай, ұстаздардың адами әрі физикалық ерекшеліктерін негізге алғанымыз абзал. Сол секілді «Информатика» пәні оқу бағдарламасынан алынып тасталып, басқа пәндерге кіріктіріліп оқытылмақшы. Өз басым оған қарсымын. Ол институционалды бағыт ретінде бөлек болуы қажет. Пәнді бағдарламадан алу арқылы информатикалық дағдыларды жетілдіру үшін біліктілік курстарына артық шығын жұмсалады деп ойлаймын. Талқылауда мұғалімдердің дайындығы мәселесі сөз болды. 2-сыныптың оқу бағдарламасында «Комбинаторика» тақырыбы кездескен еді, ал негізінде бұл 7-сыныпта оқытылатын тақырып. Сондықтан балаға тақырыпты меңгертуде мұғалімдеріміз дайын болмады. Осындай тақырыптарды оқыту үшін мұғалімдерді арнайы да­йындықтан өткізу қажет деген пікір білдірдік.

Білімге салынған инвестиция

 – Елімізде «Келешек» жүйе­сі арқылы ата-аналардың балаларының оқуына ақша жинай алу мүмкіндігі енгізілмек. Бірыңғай жинақтау жүйесінің жаңашылдықтары қандай?

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Осы жинақ «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен сабақтасып, жас ұрпақтың білімге деген ұмтылысын қолдауға, қаржыны жинақтау мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыруға арналады.

«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі – Қазақстандағы білім беру саласына қолдау көрсету мақсатында Үкімет ұсынған және Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024 жылғы 4 қаңтардағы хаты негізінде жалпыұлттық жоспардың 90-тармағын іске асыру үшін енгізілген бастама. Жүйенің негізгі моделі қолданыстағы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің алаңында жүзеге асырылды. Бұл модель ата-аналардың, мемлекеттің және қаржы нарығы қатысушыларының бірлескен күш-жігері арқылы білім алу үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Жаңа заң жобасы білім алу үшін капиталды жинақтауға арналған ең төменгі шарттарды белгілейді. Айына 1 АЕК (3692 теңге) мөлшерінде жарна салу шарт. Әрбір ата-ана кез келген жастағы баланың атына шот ашу үшін банкке немесе өмірді сақтандыру компаниясына жүгінуге құқылы. Оның аясында біржолғы бастапқы білім беру капиталы қарастырылып, ол бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл капитал әр бала 5 жасқа толғанда шотына аударылады. Бастапқы капитал мөлшері 60 АЕК немесе 221520 теңге көлемінде белгіленген, ал егер бала жетім болса, онда 120 АЕК немесе 443040 теңге мөлшерінде аударылады. Сонымен қатар ата-аналарға жыл сайын баланың шотына ең төменгі жарнаны салу міндеттеледі: халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін – 12 АЕК, ал қалған балалар үшін – 24 АЕК. Бұдан бөлек, жинақталған қаражатқа барлық балаларға 5 пайыз мөлшерінде, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін 7 пайыз мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы мен инвестиция­лық кіріс қосылып отырады. Банк депозиттері бойынша да белгілі бір талаптар қойылған. «Келешек» салымдарына ең төменгі табыс деңгейі депозит мөлшерлемесіне 2 пайыздан төмен болмауы керек. Депозиттерге кемінде 3 пайыздан төмен емес кіріс көзделген. «Келешек» салымдары бойынша табыс мөлшері 11 пайыздан төмен болмауы тиіс.

Мектепті аяқтаған соң жи­нақ­талған қаражатты Қазақстандағы колледждер мен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ шетелде білім алуға пайдалануға болады. Егер білім алушы грант иеленсе, қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалана алады.

«Келешек» бірыңғай жинақ­тау  жүйесі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау арқылы азаматтардың білімге деген ұмтылысын, жинақтау мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.

Мамандық таңдауға бағдарлануы керек

– Елімізде «артық пәндер көп» деген пікір жиі айтылады. Соған қатысты ойыңыз қандай?

– 10-11-сыныпта оқушыларға 16 пән оқытылады. Оның ішінде 5 пәнді оқушы мектепте емтихан ретінде, ал енді 6 пән бойынша ҰБТ сынағынан өтеді. Дегенмен мектептегі емтихан ҰБТ-ға әсер етпейді. Осы тұста бала білім алу процесінде қиналады. Сондықтан 10-11-сыныптағы пәндерді ықшамдап, оқу бағдарламасы мамандық таңдауға бағдарланса, баланың өзіне де жақсы болар еді. Міндетті 16 пәннің сағаттарын жоғары сыныптарда азайтып, қайта оны 8-9-сыныптарда толығырақ берсек, жоғары сыныпқа аттанғалы отырған оқушы толық циклді оқуды аяқтап, дайын болады деп санаймын.

Математика, физика, химия, биология пәндері – технология, инженерия және STEM бағытындағы пәндер. Қазіргі таңда әлем климаттың өзгеруіне және энергетика саласындағы бірқатар жаңалыққа орай аталған пәндерге көптеп көңіл бөлуде. Дегенмен жалпы білім беретін мектеп және зияткерлік, «Білім-инновация» лицейлері арасында математика, физика және информатика пәндерін оқытуда тақырыптық алшақтық мәселесі бар. Мысалы, жоғары сыныпта 7 сағаттық математика болса, 25 сағат қосымша өткі­зіледі. 10 сағаттық математика үшін қосымша 42 сағат оқытылады. Физика пәні бойынша 9-сыныпқа дейін зияткерлік мектептер мен «Білім-инновация» лицейлерінде 8 жаңа тақырыптар, информатика пәні бойынша 9-сыныпқа дейін 125 сағат практикалық сабақтар өтеді. Жалпы білім беретін мектептерде бұл тақырыптар оқытылмайды. Бұл әлемдік деңгейде оқушыларымыздың бәсекеге қабілетті болуында әрі жаһандық технологиялар дендеп еніп жатқан уақытта оған төтеп бере алуында қиындық тудыратыны анық. Сапалы білім беруде баланы тақырыптық алшақтықпен шектемеуіміз қажет.

– Жоғары сынып оқушыларының түгел дерлігі ҰБТ-ға дайындалу үшін қосымша курстарға жүгінеді. Яғни тағы да мектеп бағдарламасы оқу орнына түсуге жарамсыз болды ма?

– Иә, өте өзекті сұрақ. Қаражаты барлар ғана дайындық курстарына жүгінсе, шамасы жетпейтіндер өз бетінше, мектеп бағдарламасымен дайындалуға мәжбүр болады. Бұл – әлеуметтік теңсіздікті тудыратын мәселе. Білім саласында отбасының артық қаражатының жұмсалуына жол берілмегені жөн. Қазірдің өзінде жоғары сыныптың жастар арасында тартымдылығы азайып барады. Бала тек аттестат алу үшін ғана оқиды. Сондықтан 10-11-сыныптың бағдарламасын мамандық таңдауға бағыттап, мектепте алған білім жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік бергені дұрыс. Мысалы, әлемдік деңгейді алып қарасақ, бас­тауыш сынып мектебі, 5-9-сынып аралығында негізгі және орта мектептер, университетке дайындаумен айналысатын жоғары сыныптың бөлек және жеке мектептері бар. Біз де осы тәжірибеге сүйенетін боламыз. Бастысы, мектеп пен жоғары оқу орнында берілетін білім бір-бірімен сабақтаса отырып жүргізілуі қажет.

 Сұхбаттасқан

Индира БЕРЖАНОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button