Басты ақпаратБілім

Білім сапасының биігі

Астана қаласының мектеп оқушылары соңғы жылдары республикалық және халық­аралық пән олимпиадаларынан жүлдесіз қайтқан емес. «Елорданың білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Жол картасы» аясында қаладағы мектептер 100 пайыз электронды оқулықтармен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада 2029 жылға дейін 15 заманауи қосымша білім беру мекемелерін салу жоспарланған. Осындай ілкімді іс-шаралардың қолға алынуына байланысты оқушылардың білім сапасы да жылдан-­жылға артып келеді.

Жақында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Ә.Бөкейхан атындағы және А.Байтұрсынов атындағы BINOM мектептерінде 9-11 сынып оқушылары арасында республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі өтті. Кеше әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында аталмыш олимпиада жеңімпаздары марапатталды.

Олимпиаданы ұйымдастырушы «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының мәліметінше, биыл 762 елордалық оқушы аталған білім сайысынан жеңімпаз атанған. Оның ішінде 100 оқушы I орын, 218 оқушы II орын, 444 оқушы III орынды иеленді.

«15 пән бойынша дәстүрлі түрде өтетін олимпиадаға қатысушы елордалық зияткер шәкірттердің саны жыл сайын артып келеді. Биыл Астана қаласы аудандары бойынша 4000-ға жуық оқушы алғашқы кезеңге қатысып, олардың арасынан 2000 бала келесі кезеңге жолдама алды. Оның ішінен 762 жүлдегер топ жарды. I орын алған зияткер оқушылар республикалық кезеңге өтеді, – деді «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Жанар Бисембаева.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button