Басты ақпаратБілім

Білімді ұрпақ бәсекеде озады

XXI ғасыр – жылдам өзгерістер ғасыры. Жаңару, өзгеруді күнделікті өмірден көріп жүрміз. Адам тәрбиесі, тұлғаны қалыптастыру ісі де бір орында тұрмайды, үнемі ізденіс, жетілдіру үстінде. Елорданың ұстаздары, мектептері қай жағынан да республика мектептеріне үлгі болып отырғаны белгілі. Осы орайда жақында Астана қаласы мемлекеттік мектептері  халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша іс-тәжірибесімен республика көлемінде бөлісті.

Берері мол шеберлік сабақтары

Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК мен №81 «Astana English School» халықаралық мамандандырылған гимназиясы «Халық­аралық Бакалавриат MYP және PYP: Қағидадан тәжірибеге» атты республикалық семинар өткізді.

Бағдарлама аясында «Мектеп қауымдастығы School community» атты көрме ұйымдастырылып, «Педагогикалық жәрмеңке» тақырыбында ашық сабақтар, «Педагогикалық шеберхана» шебер-сыныптар, «Poster session: Ынтымақтастық Collaboration» постер сессиясы және «READх», TEDx AES сөз шебері жобасының таныстырылымы өтті.

Семинарға Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қ.Сенғазыев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогты кәсіби дамыту орталығының директоры Е.Жұмашов, Республикалық «Дарын» ғылыми практикалық орталығының директоры Г.Тұрсынов, рес­публика көлемінде білім беру ұйым­дарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.

«2019 жылдан бастап халықаралық IB авторизациялау бағдарламасының жүзеге асырылуы Астана қаласының 6 мемлекеттік білім беру ұйымында бастау алды. Халықаралық Бакалавриат PYP – бастауыш (1-4 сыныптар), MYP – негізгі орта білім беру (5-9 сынып) бағдарламалары бойынша №№66,73,81,85 мектептер кандидат ретінде жұмыс жасады. Әрбір білім беру ұйымына IB бағдарламасының халықаралық консультанттары бекітілген» деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қ.Сенғазыев өзінің баяндамасында.

Мақсат – бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеу

Бүгінгі таңда №81 «Astana English School» гимназиясы IB Халықаралық Бакалавриат бағдарламасы бойынша авторизациядан өтіп, дүниежүзілік халықаралық мектеп мәртебесін алды. Қалған 3 мектеп жіберілген құжаттардың нәтижесін күтуде. Ағымдағы жылы №81 мектеп-гимназия­сы DP – жоғары білім беру (10-11 сынып) бағдарламасымен жұмыс жасауға кандидаттыққа үміткер ретінде тіркелді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілетті, креативті және жоғары мәдениетті тұлға тәрбиелеу. Бағдарламаға жұмсалатын қаражат Білім басқармасы бюджет есебінен қаржыландырылады. Қазіргі таңда ІВ бағдарламасы бойынша білім алушылар саны – 10 188 және 274 педагог арнайы курстан өтіп сертификатталды.

Айта кету керек, 2021-2022 оқу жылы 11 сыныптан 50 оқушы Айелтс (IELTS) тестін тапсырып, жоғары балл жинаса, 2022-2023 оқу жылы 11 сыныптан 61 оқушы Айелтс (IELTS) тестін тапсырып, жоғары баллмен көрінді. Сонымен қатар Айелтс (IELTS) емтиханын тапсырған 9 педагог  жақсы нәтижелер көрсетті. Бағдарлама аясында оқушылар халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Семинарды өткізудегі басты мақсат та сол – осы халықаралық бағдарламамен жұмыс жасайтын мектептердің тәжірибесімен таныстыру.

Бүгінгі елордалық  ұстаздар  қазақстандық  педагогикалық дәстүрлерді  сақтай отырып, заманауи әдістерді, инновациялық әзірленімдерді оқыту процесіне ұтымды енгізіп, өзге әріптестерге үлгі болып келеді.

Жүйелі де нәтижелі атқарылған жұмыстардың  жемісі – педагогтардың  кәсіби біліктілігімен оқушылардың білім сапасы арқылы нақты көрініс беруде. Бүгінгі семинар соның нақты көрінісі болмақ. 2 күндік семинарда сіздер жоғарыда аталған 4 мемлекеттік мектептің оқушылар мен педагогтарының IB бағдарламасы бойынша сабақтарына қатысып, әзірлеген жобаларымен танысып өз пікірлеріңізбен бөліседі деген ойдамын, –деді Қ.Сенғазыев өз сөзінде.

Халықаралық деңгейдегі қазақ мектебі

«1200 орынға арналған №81 «Astana English School» мамандандырылған гимназия­мыз 2015 жылы бой көтеріп, 1 қыркүйекте оқушыларға есігін айқара ашқан еді. Бүгінгі таңда әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті бола алатын зияткер ұрпақ тәрбиелеуде қазақ-ағылшын тілінде білім беретін білім ордасына айналып отыр. Алғаш ашылған жылы гимназияны 150 оқушымен аяқтасақ, қазіргі таңда оқушылардың  саны 1058-ге  жетіп отыр» деді №81 Халықаралық «Astana English school» мамандандырылған гимназиясының директоры Гүлнар Садықова.

2021 жылдың маусым айында №81 «Astana English School» гимназиясы Халық­аралық Бакалавриат бағдарламасы бойынша авторизациядан өтіп, MYP – негізгі орта білім беру бағдарламасы рұқсат етілген дүниежүзілік халықаралық мектеп мәртебесін алды, яғни оқу ошағы еліміз бойынша тұңғыш рет халықаралық деңгейдегі тұңғыш мемлекеттік мекеме саналады.

«Бүгінгі күні гимназияда қызмет етіп жатқан кәсіби шеберлігі қалыптасқан, тәжірибесі мол, білікті педагогтардың жалпы саны – 112, оның ішінде 13-і – шетел маманы. Жыл сайын академиялық дәрежеге ие педагогтар саны ұлғаюда. Мектеп ашылғаннан бергі кезеңмен салыстырғанда, ғылым кандидаттарының саны 1 адамға, Phd докторлардың саны 2 адамға және магистрлердің саны 30 адамға ұлғайды. Жалпы шетелдік кадрларды тарту жұмысы жалғастырылуда. Шетелдік мұғалімдер жергілікті әріптестерімен бірлесе жұмыс істей отырып, оларға пәндерді ағылшын тілінде оқытуға қолдау көрсетеді, сабақ пен тәжірибені бірігіп зерттейді.

Білімді балалар – ел болашағы

Болашақта елімізге білімді ұрпақ керек екенін ескерсек, ал сол білім кілті – барлық нақты ғылымдардың негізін меңгеруде жатыр. Мектебіміздің әрбір шәкірті ұстаздарының сенімін ақтап келеді. Білім ордасының жыл сайынғы жетістіктері – соның айғағы. Гимназиямыздың 437 оқушысы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында, түрлі өнер байқаулары мен спорт жарыс­тарында жүлдегер атанып, түлектердің 100%-ы еліміздің және шетелдің үздік жоғары оқу орындарына түсті. Гимназия Американың ең танымал оқу орны Вашингтон академия­сымен серіктес және оның ресми өкілі болып танылды. Халықаралық ұйымдармен екі арада «Global Scholars» жобасының үйлестірушісі ретінде, сондай-ақ ЮНЕСКО­-мен қолайлы білім беру ортасы мәселелері бойынша әріптестік ынтымақтастық байланыс орнатып отыр. Гимназияның басты ерекшелігі – жаратылыстану бағытындағы пәндердің ағылшын тілінде оқытылатындығы. Білім ұямыз мамандандырылған гимназия болып ашылып,  2021 жылы Қазақстан бойынша ең алғашқы мемлекеттік қазақ мектебі  Халықаралық бакалавриат мәртебесін алды, 2022 жылы сәуір айында мектеп атауы №81 Халықаралық «Astana English school» мамандандырылған гимназиясы болып өзгертілді.

«Халықаралық Бакалавриаттың негізгі миссиясына сай гимназиямыздың өз миссиясын жасап шығардық. Осы миссия бойынша мектептің барлық қатысушылары мәдениетаралық түсіністік, үздіксіз білім алуға және жоғары адамгершілік құндылықтарды дамытуға бағытталған зияткерлік қоғамды тәрбиелеуге ұмтылады. Бұл семинарда әріптестеріміз мектеп ұстаздарының ашық сабақтары мен шебер-сыныптарына қатысып, тәжірибе алмасып, педагогтар өздеріне тың идеялар алады деген ойдамын» деді гимназия директоры. Астана қаласының ұстаздары – еліміздегі барлық ұстаздар қауымына мектеп қандай болуы керек, ұстаз қандай болуы керек, оқушы қандай болуы керек дегенде үлгі тұтар, алдыңғы қатарлы, үздіктер екенін мақтанышпен айтуымыз қажет, бүгінгі семинар – соның айғағы!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button